СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫН ЖАБУ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҒЫ

ҚАЗАҚ СОВЕТТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЫ
ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ

СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫН ЖАБУ ТУРАЛЫ

  Қазақ ССР-інің территориясындағы Семей облысында 1949 жылдан бері ядролық қару сынау жүзеге асырылып келді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді.
  Қазақ ССР-і, ССРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін:
  1. Семей ядролық сынақ полигоны жабылсын.
  2. Қазақ ССР Министрлер кабинеті ССРО Қорғаныс министрлігімен, ССРО Атом энергетикасы және Атом өнеркәсібі министрлігімен келісе отырып, Семей сынақ полигонын одақтық және республикалық ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құрсын. 1991 жылы оның статусын және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының тізбесін әзірлеп, бекітсін.
  3. 1949 жылдан 1962 жылға дейін ауада және жер үстінде сынақтар жүргізу кезінде Семей полигонына іргелес аудандар халқының денсаулығына нұқсан келтірілгенін ескере отырып, одақтық органдармен бірге Қазақ ССР-інің зардап шеккен азаматтарына өтем төлеудің мөлшері мен тәртібі белгіленсін.
  4. Қазақ ССР Министрлер кабинеті республика территориясында ядролық жарылыстар жасауға қатысты Одақтық министрліктермен және ведомстволармен бірге Семей, Қарағанды және Павлодар облыстарының сынақ полигонына іргелес аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуының, олардағы халықтың тұрмыс жағдайларын және оларға медициналық қызмет көрсетілуін жақсартудың бағдарламасын бекітсін, аталған мақсаттарға тиісті одақтық көздерден қаржылар қарастырылсын.
  Бұл жарлық қабылданған кезінен бастап күшіне енеді.

                                                                                                          Қазақ Советтік Социалистік
                                                                                                          Республикасының Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ

    Алматы, 1991 жылғы тамыздың 29-ы.