Қылмыс

  Құлыны кісінеп, қозысы маңырап, айран-қымызын ішіп, құрт-ірімшігін жеп, тып-тыныш жатқан Абыралы атырабы аяқ астынан әбігерге түсті де қалды. Ең алдымен жеңіл машиналарға мінген офицерлер келген, артынан жүк машиналары, солдаттар қаптап кетті. Аудан орталығы, село атанғанымен, алақандай Қайнар үшін бұрын болмаған оқиға басталды: жер де гүр-гүр, аспан да гүр-гүр. Бұрын анда-санда бір ұшып келетін кішкентай самолеттің өзін қызықтап, тамашалап, таңырқап, улап-шулап қалатын балалар үшін ерекше бір көрме – жәрмеңке басталғандай. Ел-жұртты таңқалдырған ғажап нәрсе: пошымы шегіртке секілді, төбесінде айналатын қалақшалары бар, тік етіп қалаған жеріне қонып, зыр етіп тұрған орнынан көтеріліп кететін вертолет жас-кәрінің аузынан су ағызып, көзін бақырайтты.
  Аяқ Қайнарда, мектептің төменгі жағындағы тастақ үстінде заводтан жаңа шыққандай жалтырап тұрған, бір мұрты бұзылмаған, темірлері күнге шағылысқан, қорбаныа жалғыз сызат түспеген әскери жүк машиналары қаздай тізіліп қалған. Шатырлар құрылып, түрлі шөптен, майдан пісірген дәмнің иісі шығып, шаң-шұң орысша сөйлескен сөздер естіліп, ылғи сыптай жас жігіттер әрлі-берлі жүріп, әп-сәтте, аспаннан түскендей жаңа тіршілік, жаңа дүние пайда болған.
  Әуелде бата алмай, тосаңсып, үркіп тұрған балаларды, шоши қараған үлкендерді солдаттардың өздері су, сусын сұрап, бойларын үйретіп, тілге келіп, әңгімеге тартып, жақындата бастады. Пысықай балалар мектепте үйренген шала-шарпы орысшаларымен бірінің басын, бірінің аяғын келтіріп, тіпті болмай жатса, ымдап түсіндіріп, қолмен көрсетіп, солдаттармен оп-оңай ұғысты да, өздері айында-жылында көрмейтін таңсық жеміске тойды, иісі бұрқыраған колбасаға ауыздарын толтырды, сілекей ағызған консерваға қарқ болды.
  Райком, райсполком алды қаптаған кісі: жан-жақтағы колхоз басшылары, ауыл атқамінерлері, белсенділері түгел осында, офицерлер, солдаттар жыртылып айрылады, басқа да бейтаныс адамдар толып жатыр, Семейден, Алматыдан, тіпті Москвадан келген секілді.
  Райкомның алдына жиналған жұрт бірінің аузына бірі қарайды. Орақ тұмсық, бұйра бас хатшы көп сөйлеген жоқ: Дегелең тауының бауырында үлкен әскери дайындық, бомба күшін сынау болады екен, сол кезде халықтың денсаулығына зияны тиіп кетпес үшін бір аптаға күллі аудан жұртшылығын көшірмек.
  Әр жерден әр түрлі сөздер естіліп жатыр, алғаш ұмтылған белгілі Байсақ:
  - Қырық тоғызыншы жылдан бері қарай Дегелеңнің бауыры күнде тарс-тұрс емес пе? Жер-дүниені өртегендей болады да жатады, әйтеуір. Ешкім көшпей-ақ, жұмысын істеп, малын бағып отыр ғой, жарылған бомбаға еттері үйреніп алды. “Адам ит жанды” деген рас, іргелерінде соғыс болып жатқандай жарқ-жұрқ, жер сілкінгендей қозғалыс, бұның бәрін елемейді. Ал енді қиян шеттегі бізде не ақылары бар? Дегелең қайда, Абыралы, Қайнар қайда, жүз шақырым арасы, бомба жаратын жерлерді көшірсе көшіре берсін, бізді неге әурелейді? Күз болса, мынау, жұмысты қайтеміз? Шөпті кім шабады? Малды қайтеді? Оны да көшіре ме? Солдаттар ерікті екен деп біз де ерігеміз бе, о несі-ей? Хатшы жолдас, осы жағын айтпайсыңдар ма? – деп шұбырта бастағанда, танымал Жұмаділ кірісті:
  - Бір есептен, әрине, өкімет айтса, көнбеске шара жоқ. Бірақ, өзі, бір есептен, қисынсыз көшу болайын деп тұр ғой. Құр төсек-орынды ғана алғанда, басқа заттарымызды, қалай, кімге сеніп қалдырып кетеміз? Бір есептен, бала-шағаны, қатын-қалашты көшіріп, үй иелері, шал-кемпір жағы қалып қойсақ қайтеді? Үйді-үйге кіріп тексере қоймас, біз осында қалсақ қайтеді өзі? Мен өзім Қайнарда қалам. Бомбаларын жара берсін.
  Ендігі сөз полковникке тиді; ол совет армиясының күш-қуатын, бейбітшілікті қорғаудағы қызметін айта келіп, ғалымдардың бұрын-соңды болмаған ғаламат жарылыс күші бар бомба жасағанына мақтанды. Көшудің өзі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деді. Уақыт тығыз екен, бүгіннен қалмай көшіре бастайды, сынау ертең басталады. Сондықтан ырғалу-жырғалуға жол жоқ, уақыт тығыз. Кейбір еркектер қалса қалсын деп емексітті.
  Алғашқыда тартынған көпшілік, енді жұртта қалып қоятындай, бір-бірімен кимелесіп, машинаға таласып-тартыса бастады: “Мен әскер семьясымын”, “Мен аурумын” деген сылтау-желеу айтып, шаң-шұң шығарды.
   Үй бас сайын бір-бір машина. Жалаң қаққан солдаттар. Опыр-топыр, асығып-үсігіп заттарды буып жатқан кісілер. Күлшім апам әдеттегі сабырлы мінезінен айнымаған:
  - Шырақтарым, көппен көрген ұлы той, саспаңдар. Өкімет айтты – алдамас. Көр-жер, шоқпытты артып қайтесіңдер? Алаша-сырмақ, көрпе-жастықты мол қылып алыңдар, балалар тоңып қалмасын, жылы киімдерді ұмытпаңдар. Айтпақшы, ана ер-тоқымдарды, бесікті, домбыраны қалдырмаңдаршы. Болды, осы екі-үш тең жетіп жатыр. Сендер ғой, жатақ болып, үйелеп бір жерде отырып қалған, е, біз көштің талай қызық-шыжығын көрдік, - деп отырғанда Қызтумас келді.
  - Ойбай-ау, бұларыңыз не? Дүние-мүлікті ашық-шашық жұртқа тастап кете бересіздер ме? Қызыл Қайнардағылар үй басы екі-үш машинадан алып, заттарды айтасыз, есігінің алдындағы малдың қиына дейін тиеп жатыр. Ойбай-ау, апатай-ай, мынадай күйде, үш теңмен кісі көше ме? Обал емес пе? Ертең біреу үптеп кетсе, қайтесіз? Қайтып оралмаймыз, осы кеткеніміз кеткен дейді ғой. Анау шешендерді, анау немістерді кезінде осылай алдап көшіріп жіберіпті ғой, ел біледі ғой, ел айтып отыр, осы кеткеніміз кеткен, енді оралмаймыз. Жаратын бомбасының түрі жаман екен. Мал-жанды қырып салуы мүмкін. Қорыққаннан екіқабат әйелдер баласын тастап, жастар жынданып кетеді дейді ғой. Біздің басымызға қара түнек орнады десеңізші, - деп жылап жібергенде, Күлшім апам ақырып қалды:
  - Әй, жүзіқара, аузыңа құм құйылсын. Жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Ақыр заманды орнатуын албасының. Өкімет айтты – алдамас. Басыңа көрінгір, қайдағы сұмдықты айтып елді шошытуын. Бар жөнел, құдай қарғаған, сумаңдауын қарашы. Сені құдай қарғамаса, байыңды жұтпас еді-ау. Өкіметке жер құрып қалып па, бізді тентіретіп не болды дейсің? Өкімет айтты – алдамас. Өсекші қатындар сандалмасын. Өз халқын өзі қырып жынданып кетіп пе? Жүзіқаралардың тілдерін кесер ме еді? Пәруәрдігер! Аруақтарға тапсырдым. Аманат. Қане, мен құран оқып жіберейін, - деді де, апам тізе бүкті.
  Бәріміз алақанымызды жайдық, ішімізден үйретіп қойған сөздерді айттық та, дұға қайырдық.
  Көш-қонның әбігермен жүргенде, қуанышты хабар лап ете түсті: көмек үшін жан басына елу сомнан берілмек. Аяқ астынан ат басындай алтын тауып алғандай, енді барлық жартығы бүтінделетін секілденіп, аңқау жұрт қуана мәз болып, шытырлаған жап-жаңа ақшаны қайта-қайта санап, жымың-жымың етеді. Нар түйедей колхозшы жыл аяғында қолына бас-аяғы бір-екі жүз сом тисе, мәз болушы еді, жоқ жерден ділдә ұстағандай болып, кенелді де қалды.
  Алдында қауіп-қатер ойлаған ел-жұрт, кәрі-жас, әйел-еркек, бала-шаға енді тіпті көңілденіп кетті, дүкенді қант-шәй, тәтті-кәмпит, өрік-мейіз, колбаса, консерва, дәмді тоқаш, арақ-шарап басып кетті, гүрілдеген сауда, аузы-мұрнынан шыққан дорба, қапшық, ду-ду, мәре-сәре нағыз жұмақтың ішіне кіріп кеткендей.
  Қымыз, арақ-шарап ішіп, қызып алған үлкендер, тәтті, кәмпит жеп, мәз болған бала-шаға, жүздеген әскери машинаға тиелген қалың ел жаңа қонысқа – Құр өзенінің бойына қалай барып, қалай қонғандарын өздері де білмей қалды. Улап-шулаған жұрт, маңыраған мал, гүрілдеген машина, ана жер мына жерде қазылған ошақ, жағылған от, тігілген шатыр, киіз үй, бұлақ басына, дөң төбесіне жиналған топ-топ адам – осы бейбіт тіршілікті кенет бұзып, бұл атырап естімеген ғаламат жойқын қуатпен бұрқ ете түскен, жерді сілкілеп, аспанды тітіркенткен, кісі көзі қарай алмайтындай қып-қызыл дөңгелек от шығарып, ол саңырауқұлақ болып көкке көтеріліп, қорыққан, зәресі ұшқан тіршілік атаулының жандарын қоярға орын таптырмай, құт-берекелерін алып, зәрелерін ұшырып, бірін-бірінің бауырына тығып, бүрістіріп, жүректерін ауыздарына келтіріп, қол-аяқтарын дірілдеткен зұлматты құдіреттің аты, осы атыраптың қазіргі буын, келер ұрпағының қасіретінің аты – сутегі бомбасы еді.
   Бұл жарылыс 1953 жылы 5 август күні болды.
  Бір жұмадан кейін халық бұрынғы қоныстарына қайтып оралды: ауылда қалып қойған бірен-саран ит, мысық, малдардың жүні жидіп түскен, терілері қызыл шақаланып сыдырылған, жол соқпақты, тіпті үйдің төбесіне шейін сорайып өскен рабайсыз ұзын шөп басып кеткен. Алғаш бұл құбылысқа таңырқаған ел бірте-бірте үйреніп кетті, көңіл бөліп назар аударуды да қойды, кейін келетін көп кесепаттың алғашқы хабаршы белгісін ұққан жоқ.
  Әр түрлі әңгімелер шықты. Бүкіл ауданның жерін әскер алады екен де, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіретін болыпты деген сөз тарағанда, әсіресе үлкендер көздері суланып, ата-мекен, бабалар зираты, өскен-өнген топырақ – бұлардан айрылып қалай күн көруге болады деп торықса, жастар тамаша бір жер ұйық тауып, сонда жаңа өмір бастайтындай елегізіп, қуанғандай болды, аса қинала қойған жоқ.
  Бір-ақ күнде, 1954 жылдың күзінде ауданның тарайтыны, оның бұрынғы территориясының жартысы полигонға айналып, Дегелең, Мыржық, Тайлан секілді атақты, шұрайлы жерлердің бәрінен елдің көшетіні белгілі болды. Қалған жерлердің өзіне бұрынғы аудан халқын сыйдыру керек деген ұсынысты ешкім тыңдаған жоқ, сөйтіп бірталай ел атамекен, туған жерлерімен жылай-жылай қоштасып, жан-жаққа көшіп кете барды, торғайдай тозып кетті.
  Бұрынғы колхоздар негізінде совхоздар құрылғанда, Қайнар совхоз орталығы болып қалды да, Абыралы ауданының жұрнағынан “Қайнар”, “Абыралы”, “Қызыл Ту”, “Ақбұлақ”, “Саржал”, “Доғалаң” тағы басқа бірнеше совхоз жасалды. Ауданның біраз жері Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарына кетті де, негізгі бөлігі Абай ауданының құрамына енді. Ел әр жерге көшірілді. Бірте-бірте Абыралы деген ат ұмтылып, оның кезінде бай, іргелі, берекелі елді мекен болғанын біреу біліп, біреу білмейтін күйге түсті.
   Жұртты көшіріп, сутегі бомбасын сынағаннан кейін, тағы бір жаңалық шықты. Жан-жақтан дәрігерлер қаптады, неше түрлі түтікше, шөлмек, ине, сан-алуан дәрі-дәрмек, жарқ-жұрқ еткен құрал, аппарат дегенді жергілікті халық сонда көрген. Қысым өлшеткен, қан, зәр, нәжіс тапсырған, рентген сәулесімен тексерілген, шаш, тері қабатын кестірген, сынған тісті тапсырған дегенді кім біліпті. Семейден, Алматыдан, Москвадан мамандар қаптады. Тау-тасты, мал-жанды, өзен-көлді түгел зерттеді. Ауру-сырқау адамдарға дәрі-дәрмек берді. Семейге, Алматыға, тіпті Москваға алып кетіп, емдеген аурулар шықты.
  Алғашқыда халық әскери адамдардың айтқанын бұлжытпай орындады; шынында да, далаға шығып, қалқаға жасырынып, жерге жатып, бомба жарылған жаққа қарамай, айтқан уақытқұа дейін жұмысты қойып, не істе десе, соны істеп жүрді. Бірте-бірте жарылысқа ет үйренді, тарс-тұрс бойға сіңді. Аспандағы қызыл от – тажал сәуле емес, күннің кішкентай сіңілісі, атом саңырауқұлағы – ажал апаты емес, кемпірқосақ көлеңкесі секілденіп кетті. Кішкентай балалар ғана “Занятие!”, “Занятие!” деп, бейнебір жақсылық қуанышқа сүйініші сұрағандай шапқылап жүретін. Үлкендер жағы: “Е, қайтейік, алланың бір ажалы тұрған шығар. Қайда көшіп кетеміз? Құдай салды – біз көндік. Өлсек, бұрынғы өлгендерден артықпыз ба?” – деп, кейде екпінді ауа толқыны әсерінен пештен шыққан жалын-түтіннен шегініп қалып, отыра берер еді. Кезінде дәрігерлер қалай аяқ астынан келсе, солай аяқ астынан келулерін тоқтатты. Әсіресе сынаулар жер астына түскеннен кейін бұл ел назардан мүлде ұмытылды. Бірақ ауру-сырқау, өлім-жітім тіпті көбейіп кетті. Бұрын естімеген, ел-жұрт көрмеген, кездеспеген аурулар пайда болды. Түсік көбейді, жарыместер көбейді, ең жаманы ақ қан, рак деген пәлекеттер қаулады, өлім қаптады.
  Он бес жыл жер бетінде, жиырма бес жыл жер астында жарылған атом, сутегі бомбаларының кесапаты ма, басқа да қырсық бар ма, оны дәл айыру қиын шығар, алақандай бір Қайнар селосында соңғы жылдары рактан өлгендердің, ақ қан ауруынан опат болғандардың, іштен есалаң боп туғандардың, өзін-өзі өлтіргендердің саны қаптап кетті.

Рымғали Нұрғалиұлы// http://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=10281