Үш аяқты құлын

  Бейбіт немерелері аяқ астынан бүлінді:
  - Мен ертең сабаққа бармаймын!
  Атасы мән берген жоқ, Әжесі:
  - Бір жерің ауырып тұр ма, құлыным? Әлде тентек балалар ренжітті ме? Мұғалім ұрысты ма? Мен оларға көрсетейін зорлық жасағанды! Кәне, қайсысы тиісті, қай жүгірмектің жұдырығы тиді, айтшы соны маған. Құдайдың ұлы болса да мойнын үзіп қолына берейін, — деп безектеді де қалды.
  - Ешкім де тиіскен жоқ, — деді Бейбіт нығызданып. Бәрібір мен ертең сабаққа бармаймын. Бармаймын дедім бармаймын.
  Әжесі бұрынғыдан бетер күйіп-пісіп, быж-быж етеді:
  - Менің қоңыр қозымның ақылы көп. Сабақты беске оқиды. Биыл тіл-көзден сақтаса, бастауыш мектеп бітіреді. Есепті қандай шығарады? Кітапты қалай суылдатып жібереді? Жаман балалар ғана себепсіз оқуынан қалады. Менің балапаным есті, ақылды.
  Көзінің астымен атасына бір қарап алған немересі тағы тулады:
  - Алдамай-ақ қойыңыз, өтірік мақтағанға көнбеймін. Бармаймын деген соң бармаймын.
  Әжесі күлімсіреп:
  - Бейбітжанға бүгін бауырсақ пісіріп берем. Қуырдақ қуырам.
  - Мені алдамай-ақ қойыңыз. Одан да ана ет жинайтын Сәспенді сыйлап алмайсыз ба?
  Енді әжесінің дауысы қатқыл шықты:
  - Әкеңдей кісіде не шаруаң бар сенің? О не дегені мұның?
  - Сол Сәспеніңізді жек көрем. Келмесін біздің үйге.
  - Неге, балам?-деп әжесі қайтадан жуасыды.
  - Ол жаман кісі. Үш жыл келіп, үш тайымды да алып кеткен сол Сәспен. Бізді жаяу қалдырды.
  Әжесі күліп жіберді:
  - Баламысың деген. Шырағым-ау, ол тайларыңды текке алды дейсің бе, есесіне уыс-уыс ақша ұстатты емес пе?
  - Иә, — дейді Бейбіт жақтырмаған раймен. – Ол ақшаны сіздер қаладағы аға мен тәтеге бердіңіздер, «қатарларыңнан кем болмаңдар, ананы ал, мынаны ал, біз тірі тұрғанда ешкімнен қор қылмаймыз» дедіңіздер ғой. Бір тайым – телевизор, бір атйым – мебель, бір тайым – кілем, паласқа айналып кете барды.
  Бағанадан үндемей, кемпірі мен немересі арасындағы әңгіме селқос қана құлақ салып, бір сөзді естісе, бір сөзді естімей отырған атасы кенет мырс етіп күліп жіберді:
  - Өй, балам, өзің немене, ағаң мен тәтеңнен ақша қызғанайын дегенсің бе? Сен үйленгенше құдай жазса, олардың да өз қолдары өз ауыздарына жетер. Саған олар да қарайласар. Біздің жақсылығымызды ұмытпас. Жақын адамдар ғой.
  - Қарайласпай-ақ қойсын, — деді Бейбіт күшейіп.
  - Мен жігіт болғанда өзімді өзім асыраймын. Олар секілді екі күннің бірінде Семейден салақтап Қайнарға келіп, біресе ет сұрап, біресе ақша сұрап, сіздердің мазаларыңызды алмаймын.
  Атасы мен әжесі бір-бірінің бетіне қарап, түсінісе жымиып, іштей қуана күлімсіреп қалды.
  Бейбітті жөргегінде бауырларына салып, туған әкесі мен шешесіне ескі қазақы дәстүр бойынша «аға, тәте» атнадырып, олармен арасын суық ұстауға дағдыландырған өздері. Бүгінде қаладағы көкесі мен шешесі мұның бәсекелес дұшпаны секілді, демалыс кезінде бара қалса, олардың басқа балаларымен, тіпті өздерімен сиыспай, жауласып, тез ауылға қайтып келеді. Шаһар өміріндегі кейбір жағдайларды, ағасы мен тәтесінің қонақ шақыруын, көршілермен араласуын келеке етіп, мазақтағандай сыңай танытады. Бұған атасы мен әжесі мәз болып қуанысады.
  Немересі күнде қыңқылдап мазасын алады, ылғи айтатыны Торбиенің құрсағында жүрген, әлі тумаған құлынның әңгімесі. Қыс қатты. Ит-құс көп. Кейбір малдар іш тастап жатыр деген жылқышы Темірбектің сөзін естіп алып, тіпті берекені қашыра берген соң, бір күні таңертең ақсақал атқа қонды да, бір аптадан кейін бетін аяз шалып, өңі қоңырайып, жылқышылардың қара қосынан қазы-қарта жеп, құрткөже ішіп, әңгіме –дүкен құрып, разы көңілмен оралған. Жетегінде есік пен төрдей Торбие. Ұрғашылығынан басқа міні жоқ, талай жүйрік, сәйгүлік тапқан төңірекке белгілі атақты мал.
  Жылы қораға кіргізіп, алдына жем сұлысын, көк шөбін төгіп, мезгілімен суарып, баптап күте бастаған. Бұл әрекет әжесіне ғана жақпаған:
  - Атасы-ай, әбден еріккен кісінің шаруасын істейсің. Жылқышы Темірбек айтты емес пе, Торбиенің айғырдан қашан шыққанын. Әзір құлындамайды. Босқа әуре болып несіне алып келдің? Ерке немерең не істе десе, соған көне бересің бе? Ертең аспандағы жұлдызды алып кел дейді, сонда не қылар екенсің, жарықтығым.
  Атасы көп ашуланбайтын, аузы ауыр кісі. Әрең сөз қайырады:
  - Бейбітжанның малсақтығы жылқықұмарлығы жақсы. Әсіресе жүйрік ат дегенде әшкен асын жерге қойып, аузын ашып әңгіме тыңдауға бар. құдай бұйыртып, нәсіп жазса, бұл жолы Торбие еркек құлын, жүйрік сәйгүлік табар білем. Күтімді болғаны артық емес, бәйбіше. Саспа, басқа шарауаларыңды да бітіріп жатырмыз ғой! Несіне тарласың, тарылма, бәйбіше!
  Бейбіт мінезінде жаңа бір өзгеріс пайда болды. мектептен қайтқан соң, апыл-ғұпыл тамағын ішіп алып, сабағын тез оқып бітіреді де, мал қораға жүгіреді. Бар аңсары, есілдерті Торбиеге ауған. Алғашқыда кебеже қарын жануарға онша жақындамай, қорқақтап сескеніп тұрса да, кейін бойы үйренген соң, жалдан сипап, сауырдан қағатын болды, тіпті кекілін тарақтап та қояды. Атасының қас-қабағынан танып, лыпып, зыр жүгіріп, қолқабыс етеді, сағдар тазалау, су әкелу, жем беру – мұның бәріне Бейбіт бапандай.
  Ниетіне қарай құдай тілеулерін беріп, осы жолы Торбие еркек құлын туып, немересі тақымына басып жүретін сәйгүлік әкелсе екен.
  - Ата, — деді Бейбіт, — біздің Абыралы өңірінде тағы қандай атақты жүйрік аттар шыққан дедіңіз?
  - Талай айттым ғой, қарашығым. Арынғазының Кержайдағы, Құсайынның Көкқасқасы, бәйгеде шауып келе жатып, дұшпанның қастандығынан мерт болған Манайдың Сарыала аты туралы ұзақ өлең бар еді, есімде бір ауызы қалыпты, нобайы былай секілді:
  Дариға-ай, жатыр сұлап сал Сарыала, Қазаға тура келген бар ма шара? Арқада желдей ескен жануарым, Қалды ғой бас, сирағың қу далада. Бұл көп өлең. Ар жағын ұмыттым. Тағы қайсысы еді? Иә, айтпақшы, Салдырбай, Сәттің Қарааттары. Бұлар ағайынды екі кісінің малы. Үлкен Қараат. Кіші Қараат – аузымен құс тістеген сәйгүлік ат. Немересі бір нәрсені ойына түсіре алмаған қиналысты кейіпте:
  - Олар емес, ана бір батырдың аты туралы қызық әңгіме айтып едіңіз ғой, — деді.
  - Е, құлыным-ау, Бигелді батырдың Сумаңкөгі туралы ма?
  - Иә, иә. Сол, сол туралы.
  Атасы тамағын бір қырнап алып, сөзін сабақтады:
  - Рас, өтірігін кім білсін, шырағым, біздің өзіміз аталарымыздан естіген хикая, аңыз.
  Есте жоқ ескі заманда біздің бабаларымыз солтүстігі Семейтау, Көкен, Сұңқар оңтүстігі Тұлпар, Мейзек, батысы Балқан, Қарқаралы, шығысы Шыңғыстау аралығындағы Дегелең, Мыржық, Абыралы, Жалаулы, Жалғызтау, Тайлан, Шөладыр, Самай, Шаған, Ащысу, Тасбасқан, Саржал өңірлерін жайлап, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдап, сапырып қымыз ішіп, кертіп қазы шайнап, жүйрік ат мініп, қоңыраулы найза көтеріп, ақшаңқан киіз үй тігіп, қаздай қалқып көшіп жүріпті ғой, шырағым. Бошан, Қамбар, Жалықпас, Жүгіней, Қыдыралы, Есбалақ сынды қаһарынан дұшпаны қалтыраған, не бір жүрегінің түгі бар арыстандай ақырған батырлар өтіпті деседі. Солар қатарлы еліне қамқор, пана, ық, жауына сес, селебе болған Бигелдідей батыр өмір сүрген. Сумаңкөк деген тұлпары жылқы баласын алдына түсіріп көрмеген. Бір жолы ауылдары Дегелең құшағындағы қыстаудан төменгі бауыр елге, жайлауға – Тұлпар тауының етегіне көшіп кетіп, қонып жатады. Батырдың бәйбішесі аяқ астынан қыстауда ұмыт қалған Бигелдінің ақберен сауыты есіне түсіп, бармағын шайнап, өкініштен күйіп кетіп, жылап жібереді. Сонда батыр Тұлпар тауының басына шықса, Дегелең тауында жарқырап жатқан өзінің торкөз сауытын көріп, «бәйбіше шайыңды қайната бер» деп Сумаңкөкке қамшы басқан, үйлер тігіліп, ет пісіп болғанша, сауытын киіп, қайтып келген екен деседі. Тұлпары тұлпар-ақ емес пе, шіркіннің. Ой, сабазың, заулатқан-ақ жер апшысын қуырып.
  - Ата, сонда барған-қайтқаны қанша километр? – деді Бейбіт аузын ашып.
  Атасы сылқ-сылқ күліп:
  - Ол кезде километр-силометрді білмейді, шырағым, сірә, екі жүз шақырымдай болып қалар, — деді. – Тұлпар деген жай жылқы емес, еті қызғанда қанат пайда болатын асыл текті арғымақ қой, құлыным.
  Бұрынғы бұрынғы ма, көктемгі демалыс кезінде Бейбіт мал қорадан шықпай, Торбиенің жанынан бір елі ажырамай қалды. Ғажайып бір оқиға күткендей түрі бар, әсіресе атасының мазасын алып, «бие неше рет құлындайды, жылқы қанша жасайды, жүйрік болудың себебі не» деген секілді сан алуан сұрақ жаудырып, көбінесе «ат қанша жасай алады, бәйгеге қанша жылдамдықпен шабады» деп, атасын әбден мезі етіп, кейде жалықтырып жібергенде, еститін жауабы: «шырағым, бұл жағын мен дәл айта алмаймын, мұғалімнен сұрасаңшы».
  Атасы есебінен шатасты ма, кім білсін, соңғы бірер күндегі Торбиенің көзі, қабағы, жүріс-тұрысы ұнамай тұрғанын бәйбішесіне айтып еді, ол да қауіп ойлап жүргенін сездірді. Осы қалай болып кетер екен деп алаңдағанын байқаған немересі:
  - Ата, Торбиені көкектің аяғы, мамырдың ішінде құлындайды дегенің қайда? – деп салды.
  - Солай мөлшерлеп едім, қарашығым, шатастым білем. Сірә, мені құдай қателестірмесе, сенің бәйге құлының бүгін-ертең жарық дүниеге келіп қалар. Мына жарықтықтың көзі соны айтып тұрған секілді. Сондықтан бүгін қораны жақсылап тазалаймыз, сағдарды ескі шөпті шығарамыз, қыл-қыбыр, тезек дегеннен түк қалдырмаймыз. Қазір Торбиені сен аулаға шығарасың, мен астаудың ішіне жаңадан сұлы салайын, әкел ана ат дорбаны. Менің бірдеңе білетінім ра болас, ертеңдер құлыныңның жалын тарарсың, балам.
  Күні бойы атасының қасында қимылдап жүрген Бейбіт кешкі астан кейін танауы пысылдап ұйықтап етті. Кенет атасының құлағына мал қора жақтан қолайсыздау дыбыс естілді. Орнынан асығыс тұрып, дереу электр шамын жағып кеп жібергенде, Торбиенің бауырындағы тыпырлап жатқан құлынның жонарқасы сапсары алтындай боп жарқырап көрінді. Атасы күбірлеп:
  - Е, құдай, Бейбітімнің тілегі орындалып, еркек құлын туғай, — деп ұмтыла бергенде, әжесі табанымен от басып алғандай, шошып, айқайлап жіберді:
  - Ойбай, не пәлекет, мынау не мақұлық? – деп қалды. – Атасы-ау. Шыққыр көзім не көріп тұр? Сен әлі байқаған жоқсың ба, Торбиенің тапқаны құлын емес, бір масқара мақұлық қой, ойбай-ау!
  Атасы тіксініп, аяқ астынан айдаһар көргендей, өне-бойы суынып, түсі бұзылып, басынан біреу шоқпармен салып қалғандай мең-зең болып, тұрды да қалды.
  Қанша күндер бойы үмітпен күткен, немересінің еншісіне беріп, бағып-қағып, үкілеп, түбі – бәйгеге қосам деп дәметкен, текті тұқым Торбиенің нәсілінен жүйрік шығады деп арман еткен еркек құлынның орнына қос құлақтың бармақ басындай ғана нобайы бар, қисық көз, бұзау бастанған, бітеу мойын мақұлық тыпырлап жатыр. Енді аңғарды: алдыңғы екі аяқ қосылып бітеу біткен, туа салып жүріп кететін, төрт аяғы қалт-қалт еткен құлыншақтың орнында үш аяқты, тарбиған ойқы-шойқы бірдеңе жыбыр-жыбыр етеді. Мұндай пәлені кім естіп, кім көрген! Сұмдық-ай!
  - Атасы-ау, шаңырағымызға келейін деп тұрған пәлекеттің белгісі ме мынау. Енді қайттік? О, сұмдық-ай! О, алла-ай! Ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз? Есіл Торбие, мына мақұлықты құлын деп қалай тауып тұрсың, қайран жануарым, сен де аздың ба? Жер азды ма? Су азды ма? Адам азды ма? Не болды? Қайдасың, Қамбар ием, неге көрмейсің мына пәлені? Қайдасың, аруақтар, атыңдар зілзала кесепатты! – деп әжесі кісі өлгендей дауыстап жылады.
  Түнімен ұйқы болған жоқ. Туысқандарының қарулы-қарулы деген төрт-бес жігіті шақыртылып, олар апыл-ғұпыл қимылдап, құлын орнына туған үш аяқты мақұлықтың көзін құртып, терең қазып жерге көмді. Сол түні талай жүйрік, не бір сәйгүлік тапқан атақты Торбие сойылды. Осы әрекеттердің ішінде болған ағайынды адамдар бұл оқиғаны тістен шығармаймыз деп анттасты, өздері қылмыс жасағандай, орасан сұмдық іс еткендей қысылып, бір-бірінің бетіне қарай алмай, үндеспей тарасты. Тек іштеріндегі ең жасы «жылқы полигонға тым жақын жерде жатыр, соның кесапаты» дегенде, үлкендері «ойбай, полигонды қайтесің, пәленшекеңнің малының ішінен осындай мақұлық шығыпты жеген жаманатымыз тарап кетпесін, дыбысыңды шығарма» деп басу айтты. Басқалары да тыныш тұрмай, сыбырлап «мұндай пәле малдан ғана шықса бірсәрі, масқара болғанда неше түрлі жарымжан, мүгедек сәбилер де туып жатыр ғой. Шетінеп, кетсе, кетті, әйтпесе, өмірбақи өзіне де, ата-анасына да арылмас бейнет, айықпас сор. Әй, соның бәрі іргедегі кесепат. Қырық жыл бойы жарылып жатқан бомбаның зардабы. Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық. Бүгінгі ұрпақ, ертеңгі нәсіліңді не қиямет тосып тұр десеңізші. Табиғат ана құлын орнына үш аяқты мақұлық жаратып, әлдене зобалаң, қатерден хабар, белгі беріп, ишарат жасап, ескерткені ме, кім білсін. Әлде маған жасаған зорлығыңды тыймасаң, сенің өзіңнің де ертеңің осы дегені ме? Бұл пәлені әйтеуір ешкімге айта көрмеңдер, біздің әулеттің қотанынан мұндай сұмдық шыққан жоқ!» десіп барып әбден шаршап, таң алдында тарқасқан.
  Атасы мен әжесі де бір түннің ішінде тозақ отына түскендей, көздері шүңірейіп, өңдері қуқылданып, бір уыс болып шөгіп қалып еді. Қылмыс жасаған құныкер секілді бүгіліп кеткен.
  Бейбіт таңертең тұра салысымен күндегі әдетінше мал қораға барса, Торбие жоқ, ауланы, маңайды қарап таба алмаған соң, үйге жыламсырап кірген:
  - Ата! Әже! Торбие жоқ
  - Е, қайда кетті дейсің, жүрген шығар төңіректе.
  Аяқты мал жайыла береді, — деді әжесі.
  - Сол жарықтықты Дегелеңнің сыртындағы қысқы тебіннен бекер әкелген екенмін. Бұл жылқы деген жануар өзге малдай қораға қамағанға шыдамайды, үнемі еркіндік аңсайды. Ақ қар, көк мұз, таза ауаны сағынып, теуіп жейтін шөпті іздеп, өз үйіріне тартып берді ме екен? — деп қосты атасы.
  - Бүгін-ертең құлындайды, желіндеп тұр деп едіңіз ғой. Далада туса, құлыны өліп қалмай ма? Іздемейміз бе?
  - Мың жылдар бойы қазақ жылқысы қорада емес, далада, боранда-ақ құлындап жатты ғой. Басқа пәле-жаладан сақтасын, — деп күрсінді атасы. – Торбие қайда кетер дейсің, түбі бір табылар. Ол табылмаса, мал құрып қалды дейсің бе, дүкенге тағы велосипед түсіпті, жүр, сатып алып берейін. Құлын-құлын деп өлетін болдың ғой, балапаным. Әлде мотоцикл алып берейін бе? Әжесі, ақша берші. Қай бала бүгінде құлын-тай мініп жүр, құлыны құрсын! – деген кезде атасының иегі кемсеңдеп кетті.

Рымғали Нұрғали «Дегелең дерті» кітабынан // http://argymaq.kz/?p=375