1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсүлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ажал уын сепкен Семей ядролық сынақ полигонының үні өшті. Полигон жабылғанымен оның халық денсаулығына келтірген зияны немен өтелмек? Келер ұрпақ алдында қандай сылтау айтып ақталмақпыз?
Мен өзім Абыралы өңірінде тұрып, қызмет істеп, сол елдің басынан өткерген қиын-қыстау күндерінің алғашқы жарылыстардың куәгері ретінде сол күндерді қинала отырып еске аламын, ой елегінен өткіземін. 1949 жылы 29 тамызда жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де 38 метр биіктікте 20 килотондық алғашқы сынақ өткізілді. Кейін мәлім болғандай, Белтерек, Долон, Дегелең, Тайлан сияқты елді мекендегілер 160 рад.сәуледен алған. Аумағы жағынан солтүстігінде Ертіс өзеніне таяп, шығысында Павлодар облысының Май, Лебяжі аудандары, Семей облысының Абыралы ауданы, оңтүстік батысында Қарағанды облысының Қу ауданы, жалпы аумағы сегіз мың шаршы километр (Невадада 3500) жер шарпылған екен.
Ядролық жарылыс 1949 жылдан бастап 15 жыл бойы тоқтамады. Жарылған зарядтың қуаты 1945 жылғы тамыздың сегізінде Жапонияның Хиросима қаласына тасталған бомбадан жиырма мың есе асып түскен. Полигонға іргелес Семей, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының жері 20-дан 201 бэрге дейін ласталған.
Семей ядролық сынағынан кейінгі халықтың денсаулығы нашарлай бастады, ауру, бас айналу, жас балалардың өлімі көбейді. Үлкендер, ақсақалдар, жастар арасындағы аурулр белең алды. Далада күйіп өлген дала шошқасын, даланың арқар, еліктері ауыл маңында жүндері жалбырағанын көрдік. Сымда, тоғайда қонып отырған дала бүркіті, жапалақтардың көзі көрмейді, қашан жанына барғанша қозғалмайды.
Сол кезде ауылда Қабылбек, Түйебек деген аңшылар арқарды, дала аңдарын атып алып келіп жүрді. Біз, ауыл тұрғындары, етін жейміз, бірақ та оның уланғанын қайдан білеміз, аурудың өзі осыдан тарады ма деген қауіп те болды. Аналардың баланы өлі туатыны көбейді, жас балалардың шығыны тоқтамады.
Бір айта кететін жай – 1949 жылы 29 тамыздағы сынақ Мыржық тауы бауырында, Босаға, Жөнке, Сары өлең, Байғоныс, Бакел елді қыстақтарында өткізілді. Сол кезде аудандық кеңес төрағасы Төлеш Тәуіров болды. 1949 жылы ноябрь айында осы қыстақтарды көшіру туралы әскери адамдар екі күн ауылдан шықпады. Қыстың күні барлық қыстақта 20 мыңнан астам қой тұрады. Барар жер жоқ, қыстың суық күні ауатком төрағасы Тәуірбаев Төлеш тағы басқа колхоз басшылары табандылық жасап, көшпедік. Жас балалар, малшылар зар жылап қарсылық білдірді.
Жарылыс көбеймесе азаймады, бытырап қоныстанған малшы ауылдарда әскери адамдар солдат қалдырады, қолдарында құшақтаған жәшік, Бұл Морзе әліппесімен байланыс жасайтын құрал екен. Телефон, рация ол кезде жоқ.
Олар хабар береді. Жел біздің жақтан шығысқа қарай, немесе оңтүстік шығысқа соқса-сынақ бірнеше сағатқа, кейде бірнеше күнге кейін қалдырылады. Ал, жел бізге, яғни батысқа, немесе оңтүстік-батысқа бағытталса- міндетті түрде жарылыс болады. Біз бұған үйреніп алдық. Солдаттар да біледі, мазамызды алмайды. Радиоактивті бұлт Курчатовқа қарай кетіп қалмас үшін, желдің бағытын бақылап, соған сай шешім қабылдайды екен.
Дәлірек айтсақ, халық қалың орналасқан жаққа қауіп төнбейді, өйткені сәуледен зардап шеккен эксперимент жәндіктер сияқты болған екенбіз.
Ұзақ уақыт бойы жартылай ыдырайтын топырақ, өсімдік тамырлары су көздері арқылы тарайтын екі жүз радионуклеидтер сіңіргенін ғалымдар анықтаған. Оған мынандай дәлел ойға түседі. 1976 жылдары жаз айында Қайнардан 30 шақырым Мәремдік деген туған жерін көріп қайтуға Шахантаев Боранбай, Жұматаев Жұмағали, т.б. бірнеше адамдар жеңіл машинасымен балаларын ертіп 6-7 адам барған. Мәремдік тауы бауырында бұлақ басындағы ескі қораны көріп, бейіт басында дұға оқиды.
Әдейі келген соң сол бұлақтан әлгі Боранбай, Жұмағали т.б. су ішеді де біраз ойланып, балаларына сол жерде сендер су ішпеңдерші деп секем алып, су ішкізбейді. Кейіннен 2-3 айдан соң әлгі адамдар өмірден өтеді. Ал су ішпеген балалары т.б. адамдар осы күнге дейін өмір сүруде. Солармен бірге болған адамның әңгімесінен үзінді.
Соңғы деректерге Абыралы, Бесқарағай, Абай, Май, Қарқаралы, Лебяжі аудандарында әрбір 1000 анаға шаққанда 6,1-ден 12,5 жағдайға дейін сәбилердің өлі туғаны, (бұл 1960-1988 жыл аралығында). Тіпті Лебяжі ауданында өлі, бір мүшесі кем туған балалар дүниеге келеді. Қу ауданында Кәртбек Телтайұлы Күйіковті жер жүзі біледі, екі қолсыз туды. Құдай дарын беріп, аузымен қалам ұстап сурет салады, жазу жазады. Семьясы, әке-шешесі сау, тұрмысы ауқатты адамдар. Міне, Семей полигонының тірі құрбаны.
Оқымысты, білікті дәрігер Ж.Әлкихановтың дерегіне қарағанда, осыдан он-он бес жыл бұрын полигонға 120 шақырым таяу тұратын елдің әрбір он мың адамға шаққанда 140-тан астам адамның ақылы ауысқан, бұл сонау 1960 жылдардан басталған еді. Семейге жақын Шолақ бұлақ деген жерде Едрей бауырында Мизанбаев Шәкер деген азамат ауқатты тұрады.Өзі де, жұбайы Бикен де дені сау, олардың бес баласы ақыл-есі кем туды, екеуі әлі кәрі шешесінің күтімінде, бой жеткен қыздар.
Қайнарда 2000 адам тұрса, 1988 жылы 35 сәби кем туған. Реті келгенде айта кету керек Сайын Балмұқанов полигон зардаптарын әшкерлеуге үлкен себеп болды. Сөз соңында айтарымыз: бір ғана өңірде соншалықты жарылылыстың үздіксіз жарылуының сыры неде? Егер тәуелсіздіктің арқасында тілсіз зұлматты тұқыртпағанда бүгініміз не болмақ еді? Қазіргі төленіп жатқан экологиялық өтемақы сан жылғы радиация сәулесі салған жараны жаза ала ма? Сананы солқылдатқан осындай сауалдар өз жауабын кімнен сұрар екен. Сондықтан Семей ядролық сынақтарына қатысты зерттеу жұмыстары тереңдей түссе деген ой бар. Келер ұрпақтың наласына қалмау үшін сол зерттеу жұмыстарын осы бастан, ертерек қолға алсақ, ядролық сынақтың адам организміне келтірген зардабын ертерек анықтап, оны жоюды мемлекет деңгейінде қолға алсақ деп ойлаймын. Шет мемлекеттен, оның ішінде Семей халқымен тағдырлас, қасіреті бір Жапон елінің көмегіне арқа сүйеп, сол елдерден келіп жатқан түрлі медициналық құрал-жабдықтарды мақсатты пайдаланып, халық денсаулығын қалпына келтіруге ақ халатты абзал жандар бар күш жігерін жұмсайды деген сенімім мол.
Аймақов М. Полигон: жер жарасы, ел наласы // Семей таңы.- 2002.- 2 тамыз.- 1-2 б.