Соңғы дем

  Нұрбек көрер таңды көзiмен атырды. Терезенiң сынығынан аңқылдаған салқын желден үй iшi азынап тұр. Суықтан бойы тiтiркенiп көрпе астында бүрiсе түседi. Шырмауықтай шырмаған ауыр ойдан арыла алар емес. Басы мең-зең. Төрде жатқан әйелi мен қыздары алаңсыз ұйқы құшағында. Нұрбек олардың ысырылып қалған көрпесiн жапқысы келiп, басын көтеруi мұң екен, тұла бойы дуылдап қоя бердi.
  — Ой, жаным-ай! Құдай-ау, мұнша сорлататындай не жазып едiм!..
  Күйеуiнiң қинала шыққан дауысынан оянып кеткен Гүлжан орнынан сылбыр көтерiлiп, жанына жақындады:
  — Ту, әбден мазаң қашты-ау!
  — Дызылдатып әкетiп барады...
  — Жараның аузын ашып, тырналай бермесеңшi.
  — Жаным көзiме көрiнiп жатса, қәйт дейсiң ендi,- дедi Нұрбек тiстенiп.
  — Кәне, мен ептеп сипап көрейiншi.
  — Жо... жоқ... өзiм... өз-өзiмм-ақ... Анар мен Жанардың үстiн жапшы. Салқын тиiп қалмасын. Түнi бойы бұларға да ұйқы бермей, мазаларын алдым-ау!.. Басқа бөлмеге жатыңдар десем, көнбейсiңдер!..
  « Ауруым жұғады деп қорқа ма, маңайлатпайды. Арыстай азаматым-ай!.. Ай, өмiр-ай.. Бiр уыс болып, бүрiсiп жатқанын қарашы!.. »- Көмейiне өксiк тығылған Гүлжан терiс айналды. Балаларының көрпесiн қымтап, киiне бастады.
  — Нүке, мен сиыр сауып келейiн.- Шелегiн бiлегiне iле салып, сыртқа шықты.
  Күн әлi ұясынан көтерiле қоймаған кез. Аспан жүзiн ақша бұлт торлап, төңiректi тұман тұмшалап келедi. Маңайдағы тал теректердiң сарғыш тартқан жапырақтары жыландай ысылдаған суық желге қосыла уiлдейдi.
  Гүлжан сиырын сауып, табынға қосты. Ошаққа тезек қалап жүрген Қаншайым қарияны көрiп, қасына келдi.
  — Есенсiз бе, әжей?
  — Шүкiршiлiк, қарағым. Өз үй-iшiң аман ба? Нұрбек баламның денсаулығы жақсы ма? Бара алмай ұятты болып жүрмiн, шырағым! Күйбең тiрлiкпен күннiң қалай атып, қалай батқанын бiлмей қаласың. Бiр жағынан немеремiз ауырып, берекемiздi қашырып жіберді. Түнi бойы жағы сембей шырылдап жылай бередi.
  — Күнi құрғыр да бұзылып тұр ғой. Салқын тиiп қалған болар,- дедi Гүлжан қарияның сөзiн қостаған болып.
  — Жоға, құдай! Ол ауырғалы қаш-а-ан... Бөбешiгi екiге айырылып, танауының тесiгi таңдайынан шығып, жарымжан болып туды ғой, байғұс бала. Аузымен ғана дем алады. Кейде ауа жетпей қала ма, әйтеуiр, бiреу буындырып жатқандай тыпырлап, қызара iсiнiп кетедi,- дедi қарт ана жанарына iркiлген жасты жаулығының ұшымен сүртiп.- Адам бола ма, болмай ма, бiлмеймiн!
  — Осының бәрi ай сайын жер-дүниенi сiлткiнтiп жатқан жарылыстардың әсерi ғой.
  — Иә, жарқыным... Мәдидiң қызы биыл жетiге шықты дегенге кiм иланады. Әлi тұсауын кеспеген сәби секiлдi, былқ- сылқ етiп жүре алмайды. Атом емес, ақырзаман болды ғой бiзге.
  — Нұрбектiң де дертi содан болды ғой деп ойлаймын... Ана жылы шөпшiлер бригадасында iстегенде "Дегелеңнiң” маңынан шөп шапқан едi... Ыстықтаған соң салқындап алайын деп кiшкене көлге шомылыпты. Содан ертеңiнде жауырын тұсына кішкене жара шығып, iрiңдей бастады. Дәрiгерге барып көрiнсеңшi дегенiме құлақ асты ма?! "Қазiр нақуқан кезi. Онсыз да жұмыс бастан асады. Болмашы нәрсе ғой, ештеңе етпес” деп елемедi ғой!.. Ал, жара күннен күнге ұлғайып, қыс түсе Нұрбектiң өне бойына түгел қаптады. Сонан қаралмаған дәрiгерi жоқ, ешқандай ем қонбады. Уақыт өткен сайын аяқ - қолы семiп, қозғалудың өзi күшке айналып барады. Шашы жидiп түстi. Бiр қабат терiсi қураған теректiң қабығы секiлдi қабыршақтанып тұр,- дедi Гүлжан көзiне жас алып.
  — Улы жыланның басын қайнатып iшкiздiңдер ме? Мына тұрған "Ақбұлақта” бiреу осылай ауырған екен, содан жазылыпты ғой.
  — Е, әжей!.. Жыланды кiм тауып әкеледi. "Жатқанға жан жуымас” дегендей, бiздi адам санатына қосып, елеп- ескеретiн пенде бар ма бұл күнде?! Тек құлын тайдай тебiсiп, тел өскен құрдастары ғана көңiлiн сұрап, қарайласып тұратын. Азын - аулақ малдың жылдағы жем- шөбi де солардың мойнында едi... Биыл, өзiңiз бiлесiз, әлгi Қанат ауырмай-сырқамай асылып өлдi. Серiк кенеттен жабысқан қылтамақтан қайтыс болды. Ал Жайсаң Жетiсу бойына қоныс аударды. Ендi шөп түсiру де қияметке айналды. Сау жүргенде еркектiң қадiрiн бiлмейдi екенбiз ғой!..
  — Қарағым, қиналсаң бастыққа барсаңшы, жұмысшыларына жем- шөп түсiрiп беруге мiндеттi емес пе?
  — Әй, қайдам? Бүгiн бе, ертең бе, төбесi ортасына түскелi тұрған үйiмiздiң сыпыты анау. Жөнi түзу баспана сұрағалы қашан. Берсе, бермей ме! Сол бастығыңыз осының бәрiн бiлмей отыр дейсiз бе?
  — ...Ойбүй, құдай-ай, әңгiмемен тұрып қалыппыз ғой, қызым. Мiне, шай да қайнады. Үйге кiрiп дәм ауыз ти, қарағым!
  — Рахмет, әжей! Нұрбектiң тамағын берейiн...
  Бiр құшақ отын ала кiрген Гүлжан пешке от жақты. Бөлмелердi жиыстырып, Нұрбектiң жанына келдi. Қолына су құйып, сүлгi ұсынды. Ол шүңiрейген көздерiн ашып-жұмып, қинала ыңқылдап жатыр. Бiр уақытта ерiндерiн жиыра түсiп:
  — Жылы сүт бар ма?- дедi ыңырана.
  — Бар... қазiр...- Әйелі үлкен тостағанды толтыра сүт әкелiп бердi.- Түннен қалған еттi де ысыттым...
  — Гүлжан,- деді дауысы дірілдеп,- төсекке таңылып жатқаныма үш жылға айналып барады. "Жаман айтпай, жақсы жоқ”. Бұл дерттен құлан таза айығып, қатарға қосылуым екiталай шығар. Осы бiр аяқ астынан жабысқан ауруы болмаса, саған табыстырған тағдырға өкпем жоқ... Артымда қалып бара жатқан Анарым мен Жанарымды қатарларынан кем қылмай өсiргейсiң. Қос қарашығ-ғымм-ды адам сан-на-атына қо-су өз-iңе аман-на-ат...- Нұрбек қатты демiгiп, сөзiн аяқтай алмады. Гүлжан iштей егiлiп тұрса да, ерiне сездiргiсi келмедi. Үн-түнсiз бұрылып кеттi.
  "Қаншайым әжей дұрыс айтады,- дедi iштей.- Бұл совхозға Нұрбектiң де еңбегi сiңдi ғой. Директор да адам баласы ғой. Жағдайымды айтсам, түсiнер”.- Осы ойдың қамшылауымен кеңсеге қарай жүрдi.
  — Сәлеметсiз бе?- деп кiрiп келген Гүлжанға көзiнiң астымен сүзе қарап:
  — Жай келдiң бе?- дедi.
  — Аға, жалғыз сиырға жем- шөп керек едi...
  Қисайып кеткен галстугiн дұрыстаған директор кеудесiн кере шалқая түстi.
  — Көмектесе алмаймыз. Биыл жауын жаумай, құрғақшылық болғанын өзiң де бiлесiң...
  — Нұрбектің жайы өзiңiзге мәлiм... Лажсыздан келiп тұрмын.
  — Не деген сөз ұқпайтын адамсың. Шөптi сендер түгiл совхоздың малына да жинай алмай жатырмыз.
  Салғыласып тұра бергенмен, ештеңе өнбесiн сезген Гүлжан керi бұрылды. "Дәрiгерлер Нұрбекке ақты көбiрек iшсiн дейдi. Қасқа сиыр аштан өлсе сүттi қайдан алмақпыз,- дедi өзiне - өзi тысқа шыққан соң.- Жақын маңда екеумiздiң де емешесi үзiлер ағайынымыз жоқ... Құдай-ау, мұнша сорлататындай не жазып едiк”.
  Ашу - ыза қысты. Жанарына жас тығылды. "Қой, бұл түрiмдi Нұрбек көрсе жасып, басқаша жорып қалар”.- Ол арқандап қойған бұзауына қарайлай кетейiн деген оймен ауыл iргесiндегi өзенге қарай беттедi. Айналадағы шөп сарғайып, қурай бастаған.
  Ойы он сақта, өзен жағасымен iлби басып келе жатқан Гүлжан су бетiнде қалқып жүрген өлi шабақтарды көргенде әрi - сәрi күйге түстi. "Қайран, "Шаған” бiр кездерi көздiң жауын алатындай мөлдiреп, арнасына симай буырқанып жататын арынды өзен емес пе едiң!”
  Кенет, қатты жел тұрды. Аспанды қара қошқыл бұлттар қаптап, жаңбыр себезгiлей бастады.
  Ауылға тақай бергенде әлдененi шоқып жатқан үш құзғынды көзi шалды. Гүлжан жақындағанда олар дүркiрей көкке көтерiлiп, жерде жүнi жұлмаланып, iшек-қарны ақтарылған ақ көгершiн жатты.
  Үстi - басы суға малшынған Гүлжан үйiне кiргенде күйеуi жамылғысын умаждай қысқан бойы бүк түсiп жатыр едi.
  — Нүке!- дедi ол ақырын ғана.
  Дыбыс жоқ.
  — Нұрбек!- дедi дауысын көтере.
  Үн жоқ...
  "Түнi бойы ұйықтай алмап едi, көзi iлiнген ғой” десе де, екiұштылау оймен келiп, жүзiне үңiлгенде, өңi аппақ қудай болып, көздерi шарасынан шыға бақырайып жатқанын көрiп:
  — Шыны.. мен... шыны... мен-ақ... тас...тап... кет...кенiң...бе?!- деп жансыз дененi құшақтай жығылды.
  Зарлы дауыстан шошып оянған екi қыз қапелiмде не болғанын ұқпай үрпиiсiп отырды да, баж етiп бақырып қоя бердi. Ұясы бұзылған балапандардай шырқыраған сәбилердiң ащы айғайынан алакөлеңке бөлме iшi күңiренiп кеттi.

Думан Рамазан// http://cak.clan.su/load/referat/referat/duman_ramazan_so_y_dem_proza/4-1-0-1959