21 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен киелі жерімізде ядролық апат аждаһасының үні сөнген болатын. Осы ретте жыл сайын Шығыстың Семей, Курчатов қалаларында және Елордамыз Астанада ядролық қарусыз әлем кұруға бағытталған шаралар қолға алынуда. Жиынға қатысу үшін әлемнің 86 елінен мемлекет басшылары, депутаттар, халықаралық ұйымдар өкілдері келді.
Қазақстанның рухани-мәдени орталығы саналатын киелі Семей шаһарына жиналған қауым арасында Норвегия парламентінің вице-президенті Нюбак Марит, Пәкістан парламентінің вице-спикері Кунди Карим Файсал, Бангладеш Халық Республикасы Әлем және қауіпсіздік мәселелері комиссиясының төрағасы Чоудхуру Сабер Хусеин, Канада парламенті халықаралық істер және халықаралық даму тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Дювар Пол, Ядролық сынақтарға тыйым салу және ядролық қарусыздану халықаралық комиссиясының тең төрағасы (Австралияның бұрынғы сыртқы істер министрі және халықаралық дағдарыс тобының президенті) Эванс Гарет, Жаһандық үнқатысу және ынтымақтастық орталығының төрағасы (Вена), Болгарияның экс-президенті Петр Стоянов, тағы басқалар болды.
Олар әуежайдан бірден Семей өңірлік онкологиялық диспансерге бет түзеді. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында еліміздегі онкологиялық қызметке баса назар аударылғаны белгілі. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы жұмыс тобы құрылып, бүгінде Үкімет Қаулысымен "ҚР тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған салалық Бағдарламасы" бекітілген. Төрт принципке негізделген бағдарлама аясында елімізде 5 ядролық медицина орталығы салынбақ. Соның бірегейі Семейден ашылады жуырда. Сонымен қатар, министрлік айқындаған иммуногистологиялық зерттеу жүргізудің принциптеріне сәйкес үш референс - орталықтың бірі біздің қаламызда бой көтермек. Оның маңыздылығы сонда, ол диагностикамен болжам жасауды жақсартып, бәсекеге қабілетті ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етеді. Шетелден келген әріптестеріне жергілікті мамандар Семей қаласындағы онкологиялық диспансердің көптеген халықаралық ұйымдармен мейлінше байланыс жасайтынын айтып өтті, соның арқасында бірнеше ғылыми жобалар да жүзеге асырылды. 2009-2013 жылдарға "Семей қаласының онкологиялық диспансерінде ядролық медицина бөлімін құру" жобасы қолға алынған. 2005 жылдан бері аталмыш диспансер МАГАТЭ-мен тығыз байланыс орнатқан. Бұл қос тарап жүзеге асырған екінші жоба. Диспансер Семей өңіріне кіретін алты ауылдық округке, Семей және Курчатов қалаларына, жиыны 600 мыңнан артық тұрғынға қызмет көрсетеді. Бөлім аймақтағы онкологиялык, ревматологиялық, эндекренологиялық және басқа да аурулардың алдын алу мен емдеу шараларын жүргізбек. Одан кейін өкілдер радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтына жол тартты. 1957 жылы Семей қаласында радиациялық жағдайды қадағалау үшін және Семей ядролық сынақ полигонына жататын аумақ тұрғындарының денсаулығын бағалау мақсатында КСРО ДМ арнайы мамандандырылған медициналық мекемесі - №4 Сарыпқа (бруцеллез) қарсы диспансері ретінде ашылған болатын, 1961 жылы диспансердің медициналық құрылымында арнайы шығу медициналық жұмысшылар бригадасы құрылып, олар Семей ядролық сынақ полигонына жататын аумақтарда іріктеу, зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған. 1992 жылы КСРО ДМ №4 диспансер базасында ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының іргесі қаланды. Аталған нысан да бірқатар еуропалық елдермен байланыс орнатып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәртебелі меймандарға ҒЗИ тарихы, радиологиялық орталық жайы әңгіме етілді. Айта кету керек, бұл нысан ҚР онкологиялық қызмет пен ядролық медицинаны дамыту шаралары аясында жүзеге асырылуда. Елшілер бет алған Семей мемлекеттік медициналық университетінде керемет қонақжайлылық пен ауызбірліктің лебі аңқыды. Делегация оқу орнындағы оқу-клиникалық орталықтың хирургиялық, анестезиологиялық, терапиялық және анатомиялык сыныптарына барды. Сабақ барысымен танысты. Кәсіби біліктілікті арттыру үшін пайдаланылатын арнайы манекендер, 'ГМД-дағы теңдесі жок "Isten" роботы назарға ұсынылды.
Конференция қатысушылары рухани астанамыздағы медицина, білім және мәдени орындарды аралап шықты. 1985 жылы құрылған Семейдің Невзоровтар әулеті атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мұражайында болған олар сурет, графика, мүсін және сәнді-қолданбалы өнердің 4 мыңнан аса туындысымен танысты. Мұражай қоры Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының революцияға дейінгі орыс, шетел және заманауи өнер туындыларына бай. ХVІІІ-ХХ ғасыр соңындағы атақты сурет шеберлерінің туындылары мұражай төрінде шоғырланған. Облыстық өлкетану мен Ф.Достоевский атындағы мұражайлар да өз жәдігерлерін паш етті. Ауыз толтырып айтар жайт, Семейдегі облыстық өлкетану мұражайына жиналған құрметті меймандар Семейдің Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының "Кербез" фольклорлық ансамблінің өнеріне тәнті болды, қазақтың күйін ұйып тыңдады, өнерпаздармен естелік суретке түсті.
Ферамуз Юстюн, түрік елінен келген өкіл:
- Мен Қазақстанды бауырмал ел ретінде жаксы білемін. Біздің достығымыз бен туыстығымыз ежелден келе жаткан қасиет. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан игі шараға қуана-қуана жиналып отырмыз. Бәріміздің де қалайтынымыз бір
- "Ядролық қарусыз әлем". Сондықтан да ұлық ойлы мемлекет басшысына амандық, ізгі ісіне сәттілік тілеймін, - деген ойымен бөлісті. Бейбітшілік пен берекені жақтайтын қазақ елінің алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартуы көпке үлгі. Бұған 150-ге жуық өкілдердің біздің елде бас қосып, бейбітшілік ұранын ту етуі дәлел.
"Ядролық сынаққа тыйым салудан-ядролық қарусыз әлемге" Халықаралық форумына келген қонақтар Ертіс өзенінің ортасындағы аралда өткен митингіге қатысты. Осы күнге дейін Полковничий аралы. Түйемойнақ аралы аталып келген аралды “Бейбітшілік" аралы деп атап отырғанымыздың да өзіндік мәні бар. Қырық жыл тартқан қасіретіміздің белгісі ретінде орнатылған "Өлімнен де күшті" монументінің қасынан былтырғы жылы полигонның жабылуына 20 жыл толуына орай биіктігі 31 метрлік "Бейбітшілік" стелласы бой көтерген болатын. Енді ол жерде "Бейбітшілік мұражайы" салынбақ. Аралдың ажарын енгізетін бес қабатты "Бейбітшілік мұражайында" Семей полигоны тақырыбында салған суретшілер туындылары қойылған көрме, ескерткіш символдар сатылатын сауда нүктелері, шағын кинотеатр, қысқасы, келушілердің еркін демалуына мүмкіндік беретін жайлардың бәрі де қарастырылмақ. Ендеше, бұл аралды Бейбітшілік аралы деп атау лайық деген ойдамыз.
Алдымен "Өлімнен де күшті" монументіне гүл шоқтары қойылғасын жиналған жұртшылық ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң "Бейбітшілік мұражайы" орналасатын жерге негізгі мәні адамзатты достық пен бейбітшілікке шақыру болып табылатын капсула салу рәсімі өткізілді. "Бейбітшілік" стелласының жанында алғашкы болып Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алды.
- Құрметті халайық! Осыдан үш жыл бұрын осы аланда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамызды ядролық сынақтардан бас тарту күні болсын деп ұсыныс тастаған болатын. Бұл ұсыныс дүниежүзі елдерінен қолдау тауып жатыр. Біз міне, осымен үшінші рет халыкаралық конференцияны әлем елдерінің беделді тұлғаларының қатысуымен өткізіп отырмыз. Бүгін Курчатов қаласында өздеріңіз көргендей, КСРО кезінде ол қала ядролық сынақ жүргізу орталығы болса, қазір атом энергиясы бейбіт тіршілік және прогресс мақсатына пайдаланылуда. Ұлттық ядролық орталық және ядролық технологиялар паркі базасында кемел келешекке бағдарланған инновациялық жобалар іске асырылуда. 80-нен астам елдің мемлекет басшылары, қоғам қайраткерлері, депутаттары келіп отыр. Енді елімізде ядролық сынақтар болмасын, тек қуанышты жағдайлар көп болсын, ағайын.-деді.
- Канада Парламентінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің мүшесі Пол Дювар: Осыдан 21 жыл бұрын Қазақ елі мен Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасаған үлкен іске біз бүгін басымызды иеміз. Жер шарындағы барлық елдер ядролық қару қолдануды тоқтатпайынша біздердің тыншымауымыз керек,- десе, Польша Сенатының халықаралық істер, жөніндегі комитетінің төрағасы, Польшаның бұрынғы Премьер-министрі және бұрынғы Сырткы істер министрі Влодзимеж Чимошевич:
- Әлемде көп ядролық сынақ өткізілді. Бірақ, дәл осы жердің адамдарындай зардап шеккен ешкім жок,- деді өз сөзінде.
Ал, Жапония Парламенті өкілдігі Палатасының депутаты Морияма Хироюки:
- Мен балалық шағымда Хиросимада тұрдым, ондағы адамдардың да ядролық сынақтардан тартқан зардабына куә болып өстім. Мұнда да зардап шеккен халық тұрады. Біз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына лайық деп санаймыз. Көптеген жапон депутаттары да бұл идеяны қолдап отыр. Былтыр Жапон елі қатты жер сілкінісі салдарынан "Фукусима" АЭС-інде болған апаттан зардап шеккен кезде қолдау көрсеткен барлық елдерге алғыс білдіреміз. Жапония Қазақстанмен бірге ядролық қарудан бас тарту бастамасын қолдайды, - деп сөзін аяқтай келе, "Рахмет!" деді қазақшалап.
Митингіден соң мәртебелі меймандар бүгін Астана қаласында өтетін конференцияға қатысу үшін аттанып кетті.