Иә, ескерткіштер ел тарихы. Бүгінгі тәуелсіздігімізді сан ғасырлар бойы аңсап, армандап, қол жеткізе алмай кеткен бабаларымызға арналып соңғы жылдары облыс орталығында бірнеше ескерткіш қойылды. Ескерткіштердің бірі емес, бірегейі деп атауға тұрарлық Тәуелсіз қазақ елінің Бас ақыны Абайға қойылған алып ескерткіш өзімен бірге Өскеменге тәуелсіздіктің кешігіп атқан таңындай болып, ұлттық серпіліс апа келген еді. Заманында қараңғы халқының жүрегіне жарық сәуле түсіруге, сауатсыздық пен надандықтан шығуына ықпал етпекші болған, өз өмірін ел қамын жеумен, «мыңмен жалғыз алысып» күресте өткізген Ұлы ақынға қойылған ескерткішпен бірге Шығыста егеменді ел рухы қазақ рухы тағы бір сатыға биіктеп, ұйқыда жатқандарды оятып, іштен тынып, дауысын қатты шығара алмай жүргендерінің көңілін аспанға көтерген. Облыс әкімдігінің алдындағы бұрын «күн көсем» билік құрып тұрған бас алаңнан қазақгың рухани көсемінің өз орынын алуы - заңдылық. Дәл сол күні Абай Татьянасын қазақша сөйлеткен Пушкинге де ескерткіш ашылып, кейбір «атой сала бастағандардың» мысын басқан.
Екі халықтың екі Ұлы ақыны шекаралы шығыста ұлттардың татулығы жолында елшілік қызмет атқарып тұрғандай көрінеді.
Қазақтың ұлтарақтай жерін жауға бермей, қызғыштай қорғаған, ел қорғаны, халықтың сүйікті ұлдарының бірі болған Қабанбай батырға қойылған ескерткіш те елдікке шақыратын, өткен тарих беттерін жаңа ұрпақ алдында ашып салып, «елді сүйсең осылай сүй» деп үн қатып тұрғандай әсерде қалдыратын еңселі, сәтті шыққан өнер туындысы. Келер ұрпақ үшін қазақ деген халықтың қалың тарихында шоқтығы биік тұрған тұлға-Қабанбай батырға Өскеменнің кіре берісінде қойылған ескерткіш Хас батыр елін әлі де сыртқы жаудан қорғап, кірпік қақпай тұрғандай әсерде қалдырады.
Аймағымыздағы тағы бір ауыз толтырып айтатын, еш жерде жоқ, тыныштық пен берекені ардақ тұтқан Шығыс хапықгарының ырым - сеніміне байланысты туған идея жемісі - Семейдегі аралда қойылған Бейбітшілік монументі. Еш жерде қайталанбайтын, жеті қарлығаш бейнеленіп, бейбітшілік пен бірлікке үндейтін бұл еңселі ескерткіштің де түсіне білген адамға айтары аз емес. Өнер туындысы жай ғана қалаға көрік беру үшін емес, киелі Семей топырағында береке бірлік азаймаса, ырыздық ортаймаса, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түссе деген ниетпен, ел еңсесін көтеретіндей есте қалар жағымды .жаңапықтарды киелі құс қарлығаш әкеле ме деген үмітпен, ниетпен салынғаны айтпасақ та белгілі. Халық арасында қарлығаш жайлы мынандай аңыз бар:
Ел аузында “Қарлығаш әулие" деп атанып кеткен Төле биді тек қана қазақ халқы емес, өзбек, кырғыз, қарақалпақ, тәжік елдері де дуалы ауызды әулие кісі, бас биіміз деп, оның есімін осы кезге дейін қастерлеп еске алады. Төле бидің Қарлығаш әулие атануы жайлы мынадай аңыз бар:
Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым-тырақай босып үдере көшеді. Сонда жалғыз-ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қоңтайшысы батырларын жұмсап:
- Анау жалғыз үй неғып көшпей отыр, барып біліп келіңдер! - дейді. Келсе, ол Төле бидің үйі екен. Жоңғар жігіттері өкіреңдеп:
- Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неғып отырсың?! Төле би олардың алдынан шығады:
- Жігіттер, сабыр етіңдер! Алдымен үлкен кісіге сәлем қайда? Әдет- дәстүрден бір сүрінген олар, сәлем беріседі.
- Енді тыңдаңдар, - деп сөз бастайды Төле би, - шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сарыауыз балапандарын қанаттандырып, өргізіп кеткенше мен еш жаққа көшпеймін. Қарлығаш - қасиетті құс, адам баласының досы. Сендер білесіңдер ме? Ертеде дүние жүзін топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған осы қарлығаш! Адам бапасына қастандық жасамақ болған жыланнан да қорғап қалған осы қарлығаш. Мен жау келді деп үйімді жығып, оның ұясын бұзып, балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де бала-шағаларыңды улатып-шулатып, қырғын-сүргін қылып жатса, жақсы көресіңдер ме! Бар, хандарыңа осы сөзімді айтып барыңдар! Жоңғар жігіттері барып Төле бидің осы сөзін айтса, Қоңтайшысы:
- Ол әулие адам екен, оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар, - депті.Содан бері Төле би “Қарлығаш әулие" аталып кетіпті.
Бұл аймағымыздағы екі бас қалада қойылған ескерткіштер жайлы. Дегенмен, қазір тек қала ғана емес, аудан, ауылдарға бара қалсақ, жаңа келбетке ие болған, өсіп-өркендеген елдімекендер көңілге қуаныш ұялатады. Аудан орталықтарында да еңселі ескерткіштер мен белгітастардың бой көтере бастағаны байқалады. Журналистік іс сапар барысында елдімекен әкімдері арасында өздері басшылық ететін елдімекендерді көркейту мен гүлдендіру барысында бір бәсекелестік бар сияқты болып көрінді. Өз басым осындай бәсекенің болғанын іштей құптадым да, қуандым. Басшылар елді тоздырмай, керісінше, бір-бірімен жарысып, оздыруға тырысса ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әрине, бұл ең бірінші жиырмадан енді асқан Тәуелсіз еліміздің еңсесін тіктеп, етек-жеңін жөндейтіндей жағдайға жетіп, кемелдене бастағандығының белгісі деп қабылдауымыз керек шығар. Ішер тамақ пен киер киімге тақұл-тұқыл болып отырса, ауылды гүлдендіріп, жарысып ескерткіштер қоя алатындай мүмкіндік қайда?
Аудан орталықтарында қойылған ескеріткіштерге тоқталар болсақ, Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта қойылған «Бөрітастаған» белгісі мен осы ауданның Ақжар ауылдық округінде қойылған «Толағай» жергілікті жер тарихына қатысты ел аузындағы аңыздар желісінде жасалып тұрғандығымен де құнды деп есептейміз. «Ертеде Тарбағатай тауларының бірінде ірі денелі алып кемпір өмір сүріпті. Бір күні алып апа отарлы қойын жазыққа жайып қойып, терең ойға батып, ұршығын иіріп отырғанда, қарайған қасқырды көреді. Отарына да, өзіне де тыным бермеген көк бөрілерге әбден зығырданы қайнаған алып кемпір иіріп отырған ұршығының тасын лақгырып, қасқырларды үркітіп жіберіпті-міс. Өзі алып болса, кемпірдің ұршығы, ұршығының тасы қандай боларын елестете беріңіз... Осы Бөрітастаған сол алып кемпірдің ұршығының тасы екен». Бұл-Тарбағатайдың әр тумасы білетін ел аузындағы аңыз.
Ал «Толағай» белгісіне негіз етіп алынған оқиға осы өңірдегі осы аттас таумен байланысты, мектеп оқулығына енген, балаларға патриоттық тәрбие беруде теңдесі жоқ әдемі ертегі желісі бойынша жасалған. Елін қуаңшылықтан құтқару жолында кіп-кішкентай бала Толағайдың істеген ісі жас өскіндердің отансүйгіштік сезіміне қозғау саларына күмән жоқ. Бір айта кетерлік жағдай екі өнер туындысының да авторы жергілікті шебер, Ақжардағы өнер мектебінің директоры - Әлібек Шоқанов екен.
Жалпы қойылған ескерткіш белгілер сан алуан ойларға жетелейді. Біздің ойымызша ескерткіш қою үшін объект іздеудің қажеті жоқ, тақырыптың өзі ескерткішке сұранып тұруы керек.
Өткен жылы Күшікбай асуында М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің бас кейіпкері-Ғазизаға белгітас қою бастамасы көтерілді. Бастамашысы - академик-ғалым Ғарифолла Есім.
Тарихи маңызы ерекше бастама жайлы ұсыныс жасалған жиынға қаланың зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, әдебиет жанашырлары, мемлекеттік орган басшылары, бұқаралық ақпарат құрапдары өкілдері, шығармашыл жастар қатысып.қолдады. Ғазизаның тағдыры, дүниенің дүлей соққысынан қаңбақтай ұшып, сенімі шайқалып, озбырлықтың құрбаны болған сол замандағы дәрменсіз қазақ әйелінің тағдыры. Кең сахараның иен бір түкпірінде боранды қыста жападан жалғыз қыстауда жақында ғана азаматынан және оның кіндігінен туған жалғыз ұлдан айрылып, қасіреттен қан жұтып отырған: бірі төрінен көрі жақын кәрі кемпір, екіншісі көзі су қараңғы жесір, үшіншісі ендігі бір үйдің жалғыз сүйенері, соңғы үмітіндей болған, күнәдан пәк он үш жастағы Ғазиза-осынау бейшара үш әйелдің басындағы қисапсыз тауқымет, шеті-шегі көрінбес қасірет. Мұның барлығы аздай, енді оларды басынып, қаралы отауға бата жасағансып келіп отырып, өз үйінде зорлықпен жас қыздың абыройын төккен Ақан деген болыстың айуандығын әшкерелейді. Ұят пен намыстан, шарасыздықтан зар кешкен бейшара қыз қорлық пен мазаққа, сұм дүниенің тозағына көне алмай соңғы зарын айтуға боранды түнде әкесі мен бауыры жатқан молаға жетіп, аязды далада қатып өледі. Күні бүгінге дейін оқырманның жүрегін қарып, көкірегін қарс айыратын сұмдық трагедия. Белгі тас Ғазизаға ғана емес, Ғазиза арқылы сол замандағы барлық қазақ әйелдеріне арналатын болады деп ойлаймыз.
Жалпы «Абай жолы» романындағы әр оқиға бір ескерткіш болуға сұранып-ақ тұр. Мысалы, Ғазиза сияқты тағдырлары ауыр, дала заңының құрбаны болған Қодар мен Қамқа оқиғасы да жан түршігерлік десек те, аталған оқиға жайлы пікір әлі күнге әр алуан.
Аға сұлтанның Қодар мен Қамқаны биік жартастан лақтырып, 40 рудан 40 кесек аттыруы тым қатыгездік болғанмен, ол Құнанбай ойлап тапқан жаза емес, шығыс халықтарының дәстүріндегі лағынет айту, атасы мен келінінің жақындасуын қылмыс деп есептейтін салт. Әрине, Ислам дінінде Алла тағаланың адам баласына аманат қылып берген өмірін қиюға ешкімнің қақысы жоқ деген тұсы бар. Сондықтан бұл шариғаттың заңы емес, халықтың әдет-ғұрпы деген дұрыс болар. Құнанбай дархан даланың қатал заңын ұстануы арқылы ұлт тазалығын, елдегі тәртіпті сақтап қалудың ауыр да болса осындай жолын таңдап, қазақтың әдет-ғұрып заңдарына сәйкес өлім жазасына кескен. Дегенмен, осы оқиға болған жерге белгі қойылса, Қодар мен Қамқа тағдыры арқылы жеті атаға дейін қыз алыспайтын, ата мен келін, ене мен күйеу бала арасындағы әдепсіздікке жол бермейтін қаны да, рухы да таза халық екенімізді меңзеп, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан даланың осы заңын көрген жанның есіне сала жүру үшін де артық болмайтын сияқты.
Абай мен Тоғжанның кездескен жері - Шілікті кезең. Абай еліне бара жатқан жолдың бойына Ұлы ақынның осы аңызға айналған махаббатына бір белгі қоюға да болар еді. Жә, мұның бәрітарих... Ұсыныс... Ортаға салған ой... Бәрін қоя берсек, ескерткіштер еліне айналып кетерміз...
Осы жерде Семейде Қабанбай батыр атындағы көшенінің бойында қойылған бір ескерткіш тұрғысында көпшіліктің көңілінен шықпай жүрген көлеңке жайлы ойымызды да айта кеткен жөн деп ойлаймыз. 1925 жылы Парижде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша» сияқгы әндерді орындап, күміс медапь алған, әуезді дауысымен Франция аспанын дүр сілкіндірген, сирек кездесетін дарын иесі екендігін ғана емес, қазақ деген халықтың бар екендігін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевқа қойылған белгі, қазақтың талантты ұлына қойылған ескерткіш аялдамаға жақындап барып автокөлік тоқтағанда, немесе, жанына таяғанда болмаса, көзге көрінбейтіндігі өз алдына, кеңес дәуіріндегі төлқұжаттағы 3x4 суретке ұқсатып тұғырға қондыра салған, көрген адамға ешқандай рухани тағлым алар көркемдігі, айтар ойы жоқ, жүрдім-бардым жасала салған дүние дер едім. Қазақтың Әміредей талантты ұлына құрмет жасаған дұрыс қой, дегенмен ескерткіштің, ең бірінші, дүниеден өткен тұлға дан гөрі келер ұрпаққа қызмет ететінін естен шығармаған жөн ғой.
Астананың ең көрнекті жерлерінің бірі, сол жағалаудағы - "Бәйтерек” монументі тұрған жер. Астананың визит карточкасы, оның символдық бейнесі. Сол монументті салуға Бәйтерек туралы аңыз негіз болды.
Бәйтерек - ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие, халық түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Мұндай ағашты халық мырзатерек, әулие ағаш, сетер тал деп, пішіні мен мәніне қарай әртүрлі аталған. Бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі. Демек Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.
Ертеде еліне қорған болып жүрген бір ер жүрек батыр қапылыста жерастына түсіп кетіп, азапқа тап болады. Жер үстіне шығудың жолын іздеп келе жатқан ол бір үлкен ағашты көреді. Сол ағаштың басына ұя салған Самұрық құсының балапандарын құтқару үшін айдаһарды өлтіреді. Алғыс ретінде құс батырды жердің бетіне жеткізеді. Сөйтіп, Самұрық құсы жоғарғы дүниенің (жарық), ал айдаһар-жерасты дүниенің өкілі (қараңғылық). Бұл аңыз көне заманда өмір сүрген адамдардың жоғарғы және төменгі дүниелердің тайталасы туралы түсініктерін бейнелейді. Бір айтары, бұл тайталастың негізінде қашанда адам баласы бар.
Мұндағы басты ғибрат, адамдарды өз іштерінде жауыз күштермен күресіп, сенім мен білімге талпынуға шақыру болып табылады.
Самұрық (Симург) құсы-ирандық мифологияда көреген құс. Кейде симург тағдырды басқару құралы рөлін де атқарған. Емдік қабілеті бар симург - жерүсті дүниеге аспаннан, ал өзге түсіндірме бойынша әулие таудан өмір ағашын алып келген, байырғы еуразиялық аңыздан шыққан қыранның елесі. Бұл аңыз бойынша қасиетті құс самұрық, оның жапырағына жыл сайын бір алтын жұмыртқа-күн тастап отырған. Жыл сайын айдаьар оны жеп қойып отырған, бұл күн мен түннің, қыс пен жаздың, жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының ауысқанын білдірген.
«Самұрық» сөзі қазақ тілінен аударғанда - аңыздан шыққан, екі дүние арасындағы дәнекер болатын, қыран тәрізді алып құс.
Аңыз бойынша Самұрық құсы әлемдік ағаштың (Бәйтерек) шыңында тұрады.
Қазіргі кезде Самұрық құсы астанамыздың сәулетінде көрініс тапты. Оның бейнесін Қазақстан тәуелсіздігі мен еліміздің рәмізі «Қазақ елі» тарихи-мемориалдық кешенінен де көруге болады. Мәрмәрдан жасалған іргетасы республикадағы халықтар арасындағы ой тазалығы мен ұлтаралық үндестігін көрсетеді. Ал шыңында Самұрық құсы бар мүсін қазақстандықтардың жарқын болашаққа деген ұмтылыстарын паш етеді.
Өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті мен сән салтанаты Еуропа материгінде орналасқан еш қаладан кем емес. Парижге барғандар ең алдымен Эйфель мұнарасын іздесе, Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейді. Биіктігі 97 метр болу себебі Тәуелсіздік апған жылымызға сәйкес, жасалғаны баршаға белгілі. Соңғы кездері қай елдімекенге барсақ та алыстан «Бәйтеректің» көшірмесі «мен мұндалап» алдымыздан шығатыны көңілге көлеңке түсіретінін де айта кетуіміз керек. Әрине, Бейбітшілік, Тәуелсіздік символы деп жақсы ниет- пиғылдан қойылғаны түсінікті. Дегенмен, Астанаға барған адамның «Бәйтерекіміздің» Ақсуатта, Зайсанда, Аякөзде де бар деп тұрмағаны жөн ғой. Астанаға барған, Бәйтеректі көрген адам толқитындай әсерде қалу үшін көшірмемен қадірін кетірген дұрыс емес. Жалпы менің ойымша, кез келген ескерткіш-авторы бар өнер туындысы, ендеше авторлық құқық деген түсінік бізде сақталмай ма? Осы «Бәйтеректерді» көшіріп жасау барысында автор құқы сақталып тұр ма?
Мәскеудегі Қызыл алаңның, Бейжіңдегі Император сарайының, Нью-Йорктегі Тәуелсіздік статуясының, Париждегі Эйфель мұнарасының, Рио-де-Жанейродағы Иса мүсінінің көшірмесі сол елдердің басқа ауыл-қалаларында да бар екен немесе орнатылып жатыр екен дегенді естімеппіз. Барлығы да тұрған жерінде тұр. Себебі, мұндай дүниелер қайта жасалынбайды. Теңдесі жоқ. Оның орны да мәні де ерекше. Асқақ. Ал бізде ше? Олай болса, «Бәйтеректің» көшірмесін көбейтіп, қадірін кетіріп алған жоқпыз ба?
Негізінен алғанда, ескерткіштер мемлекет қаржысына, бюджеттің ақшасына салынады. Жалпы кейде сол ескерткіштерді тарихқа немесе тарихи тұлғаға емес, кейбір әкімдер өздеріне салғандай болып көрінеді. Басшылық жасаған тұсында бір ауданның бұрынғы бір әкімі әр ескерткіш жанына өзінің қойғаны жайлы мәлімет жазып, мәрмәр тастар орнатқандығы жоғарыдағыдай ойларға еріксіз жетелейді. Әрине, ескерткішті қойған адамның аты- жөнінің жазылу үрдісі шет мемлекеттерде бар екенін байқадық. Алайда ол өз қаржысына салғызған жағдайда...
Осындайда астындағы мініп жүрген көлігін және басқа да құнды дүниелерін ломбардқа өткізіл, Көкшетауда Құлагерге кереметтей ескерткіш салған жерлесіміз, осындай қадамға барған әлемдегі жалғыз қазақ- Сәдібек Түгелдің азаматтығын көпшілікке үлгі ету қажет сияқты. Бюджет қаржысына монумент салынып, оның салтанатты ашылу тұсында кейбір аудан әкімдерінің өз қалтасынан ақшасын шығарып салғандай болып жүрген кейпін көргенде «Оу, ел басқарып отырған азамат, кейін пәленше әкім болып тұрғанда қойып еді» - деп айтып жүрсін деген ой-арманыңның бар екені түсінікті. Халқың ертең бәлкім мақтар, ал бәлкім даттар... Дегенмен, ел есінде қалудың басқа жолдарын да ойлай жүргенің жөн ғой дегің келеді екен...