Семейде көп аялдаған жоқпыз, әсіресе, той иесі Сапарғали Бегалиннің өзі қырға қарай тез жүріп кетуді өтінген соң, Күшікбайдың басына бір ат шалдырып алып, зулап отырып Жидебайға жетіп келдік. Абайдың үйі атандырған еңселі биік киіз үй сыйлы қонақтарға арнайы тігіледі екен. Іші толы адам: облыс, аудан өкілдері өз алдына, Сапарғалидың сексен жасқа толуына байланысты қасына ерген нөкерлері іспетті бір топ адам бармыз: Жүсіп¬бек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Жап¬-пар Өмірбеков, ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым және мен.
Той иесінің қолқасы облыс өкілін, аудан басшыларын қатты қинады, өздері оңаша шығып, қайта-қайта күбірлесіп, кеңсеге кіріп кетіп, әлдебіреулермен айқайласып, орысша сөйлесіп, жалынған¬дай, өтінгендей болып, ақыры бір шешімге келген секілді. Негізгі маман¬дығы әдебиетші-мұғалім, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, елдің, жердің көп әңгімесін судай ағызатын, Абай, Мұхтар шығармаларын жатқа айтып, талай кісіні аузына қаратқан, шешендігі¬мен небір ақын-жазушыны таңқалдырған, ұзын бойлы қара сұр жігіт Бәтташ Сыдықов қилы мінезді, көп сыйлы қонақ күтіп, тіс қаққан, әккі, қас-қабақтан танитын сұңғыла; әдеттегі ақпа-төкпе мінезін сездірмей, райком хатшысына лайық, ел ағасына тән сабыр-салмақпен Сапарғали мен Жүсіпбектің көңілінен шығып, разы етіп жүр. Ыммен, қабақпен талай шаруаны бітіріп жатыр. Шаруа келісілген болу керек, қайтадан жолға шықтық.
Көңілі түсіп, шешілсе, Сапарғали талай қызық, ұзын-сонар, әр қиырға тартатын, мол сарынды, көп әуезді әңгімелер айтушы еді. Арғыдағы Өскен¬бай, Құнанбай, Абай дәуірлері, одан кейін¬гі аласапырандар, талай тарам-тарам хикая болып өріледі. Жер атына, зират, бейітке қатысты аңыздар бір төбе. Шың¬ғыс бөктерінен бұрынғы Дегелең, Абы¬ралы аты¬рап¬тарына қарай еңкей¬генде, Сапарғали тіпті ағыл-тегіл көсі¬ліп отыр¬ды. Бұл өңірдің атақты ба¬тырлары, дәулет біткен байлары, ерекше жаратыл¬ған әнші-күйшілері, реті келгенде жүйрік ат, сылаң тазы, алғыр құсына шейін сөз болды.
Бір оқиғаны екінші оқиғамен шатастырмай, үнемі сабақтастыра, жарыс¬тыра өрбітіп, тіршіліктің көп сырларын, сан алуан тағдырларды көз алдыңа алып келеді, әрбір адамның түр-түсі, жас шамасы, мінез-құлқы, сөз мақамы, – бәрі өз орнын¬да, ұзақ романды тыңдап отырғандай боласың, жазығы қағазға түспеді деме¬сең, бас-аяғы жұп-жұмыр көр¬кем шығарма.
Алдағы мәшинелер тоқтай бастады.
– Бұдан әрі баруға болмайды, – деді облыстан мініп келген “Волганың” шофері, жасы елудің ішінде, салмақты, орнықты.
Бәтташ оған жақындап келіп, құшақ¬тап, арқасынан қағып, оңаша шығарып алып, сөйлесе бастады:
– Виктор Тимофеевич, тағы кішкене тақай түсейік, ештеңе бола қоймас, – деді.
– Жоқ! Енді бір адым да ілгері баруға қақымыз жоқ. Мына белгіні көрдіңіз бе? Оның ар жағы тор, өтуге болмайтын тор.
Райком хатшысы күліп жіберді:
– Ойбай-ау, қазір бұл далада не белгі жоқ, не тор жоқ, солар бойынша жүріп, тұрсаң, жан баға алмай қаласыз ғой.
Виктор Тимофеевич түсі салқын тартты, даусы қатқыл шықты:
– Сіз бұл белгіні білуіңіз керек. Отпен ойнауға бола ма? Жалғыз сіз ғана емес, аудан халқы түгел қатерлі таңбаны білуге тиіс. Радиоактивті аймақ деген сөз. Оның зиянын сіз менен жақсы білесіз. Ендеше, мен запастағы офицер ретінде халық жазу¬шысының, халық артистерінің, режиссердің, басқа да жігіттердің, сіздің, ең соңында өзімнің өміріме балта шап¬қым келмейді. Сондықтан кері бұрылуға тиіспіз.
Бұл кезде басқа мәшинелердегі жігіт¬тер де түгел түсіп, көгалға сырмақ төселіп, кілем жайылып, көрпе, жастық тасталып, алқа-қотан жайғасып, аяқтарын көсіле бастаған.
Жылап ағып жатқан бұлақ сумен Сапарғали, Жүсіпбек, Мәжит беті-қолдарын жуа бастады.
– Балдай тәтті, дәрі-дәрмек, хлор-слор қосылмаған бір жұтсаң да, шөліңді қандырады, – десіп, кесемен су алып, кезек-кезек ішіп жатыр.
– Ойбай-ау, қымыз ішпейсіздер ме? Өлі суды қайтесіздер? – деп Бәтташ мазасызданып қалды.
Кей кезде Сапарғали мен Жүсіпбек арасындағы әңгіме бізге бейтаныс сарын¬ға ауысады. Олар ешкімді елемейді, аяқ астынан сұрақ қойсаң, жақтырмаған сыңай аңғартады, сондықтан ондай кездерде сөздерін бөлмеуге тырысамыз. Жүсіпбек баяу ғана ән әуенін, не күй сазын естілер-естілмес тартып жатады. Көбінесе есімін біз білмейтін, дүниеден өтіп кеткен бұрынғылардың, өз заман¬дастарының тіршілік әрекеті, бастан өткендері, әке-шешелерінің тарихы, ескі ауылдың хикаясы, аңшылық-серілік әңгімелері.
Кәукен мен Мәжиттің сыбыры таусы묬майды, әсіресе, ұзақ жылдар бойы Мәскеуде тұрған Мәжиттің оқымаған кітабы, білмейтін күлдіргі әңгімесі жоқ, ал Кәукен репертуа¬рын¬дағы белгілі тақы¬рыптың бірі – Абай ауылынан шыққан өзімен құрдас актердің айтқан сөздері, бастан кешкен оқиғалары. Оның Абай, Аманкелді рөлдеріне таласып, бойың шағын дегенге намыстанып, басшы қызметте отырған бойы шағын азамат¬¬тарға барып, олардың жауаптарына қанағаттанбай, ақыры “Ара” журналының редакторы, жазушы Қайнекей Жармағам¬бетовтен естіген ащы сөзден кейін тоқтағанын ұзақ сонар күлкілі хикая етіп айтудан жалықпайды. Ең соңында, Кәукен “сол ағаларың мен айтқан мың қалжыңға былқ етпей, оттапсың, Түйетірсек дейді. Түйетірсек – маған қойған аты. Бір сөзбен өлтіреді, антұрған. Қойған атын қараңдаршы – Түйетірсек”, – деп қарқылдап күліп алады.
Жаппар мен Хамит бірыңғай. Жаппардың қолынан дәптері мен қаламы түспейді, ылғи сұрайтыны жер, су, аң, шөп, тау, өсімдік атау¬лары, күндіз-түні, жиналыста, оты¬рыс¬та, киіз үйде, мәшинеде жүріп келе жатып, сөйлесіп тұрып жаза береді. Кейде белгілі нәрсенің өзін қайта-қайта сұрайды, бір ақсақалға селеуді көрсетіп тұрып, “мынау не?” дегенде ана кісі “Туу, шырағым-ай, қала әбден шаршатқан ба, селеуді білмейсің бе, селеу емес пе, әлде мені мазақтап тұрсың ба?” – деп ашуланған.
Хамит көбіне екі ақсақалды жаға¬лайды, солардың тілін табуға тыры-сады. Қасым екеуіміз бір жұппыз.
Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым әкелерінің қас-қабағына қарайды, ол кісіні “аға” дейді, артық сөз айтпай¬ды. Арақ-шараптың өзін байқап ішеді, қызу кезде ол кісінің көзіне түспеуге тырысады. Бұл топта өзін еркін ұстайтын, ойына келгенін айтатын – Кәукен. Сапарғали оның аталарын, елін, жерін жақсы біледі, ағаларымен үзеңгілес дос, дәмдес, табақтас болған, тіпті Шәйбай ағасымен бірлесіп аңшылық туралы кітап та жазған, сондықтан шығар, Кәукенді еркелетіп, қалжыңға өзі тартып, күлісіп отырады.
– Сапеке, – деді Кәукен көзі күліп, – қалай ойлайсыз сіз осы, әскери адамдарда бас бар ма?
– Сондай сұрақ бола ма екен?
– Болғаны ғой, меніңше, әскери адамдарда бас бар деп ойлаймын.
– Мынау данышпандық екен, Кәукен. Әскери адамдарда бас бар дейсің, ә, – деп Сапарғали жымиып күлді. Басқалар да күліп жатыр.
Кәукен басын көтеріп, малдасын құрып, бойын түзеп отырды, қақырынып алды, дауға енді кірісетін бидің кейпіне кірді.
– Күлмеңіз, Сапеке. Әскери ада쬬дар¬да бас бар дейтін себебім мынау. Сіздің туған жеріңіз Дегелең тауына, оның маңайына полигон орнату үшін әскери адамдар ойлан¬бады дейсіз бе, ойланды. Жүз рет, мың рет ойланды. Ақыры лайық деп тапты. Елсіз жер. Өзен-көлі жоқ. Шөл. Қу дала, қу медиен. Ата-бала¬ларыңыздың күнәсі де бар шығар, мүмкін, – дей бергенде Сапарғали саңқ ете түсті.
– Ей, Түйетірсек, не тантып отыр¬сың? Қайдағы шөл, қайдағы қу дала, қу ме¬диен, тапқан екенсің, Бет¬пақ пен Кербаланың шөлін. Біле біл¬сең, Баяның не, Қарқаралың не, Шыңғыс¬тауың не, Тарбағатайың не, Деге¬леңің не – бәрі бір құйқа, бір аты¬рап емес пе? Бұл ме¬нің аяғыма кір¬ген шөгір деп отыр¬мы¬сың, біле біл¬¬¬сең, қазақ халқының жүре¬гіне қа¬далған оқ емес пе? Жазылмайтын жара, арылмайтын дерт. Бұл зілза¬ла¬ның басы бар да, аяғы жоқ секілді ғой. Ұрпа¬ғыңның қылтасын кесетін зұ묬маттан қалай құтыласың, тәңірім-ау...
Көп уақытқа дейін Сапарғали түйі¬ліп, тілін тістегендей болып отырды, өзгелерде де үн жоқ. Бір кезде Хамитке иек қағып, бірдеңені әкелші дегендей ым¬дады. Жолдор¬баның ішінен шүберек¬пен жақсылап оралған дүрбі шықты. Сапарғали орнынан тұрып, ешкімге тіл қат¬пас¬тан, жота басына көтерілді де, алыстан дөңкиіп көрінген Дегелең тауын дүрбімен қарай бастады. Тап¬жыл¬май ұзақ отырды. Намазға ұйыған діндар мұсылман іспеттес, қақ¬¬қан қазықтай қатып қалған. Аяғымыздың ұшынан басып, дыбыс шығармай төбеге біз де көтерілдік. Сапарғалида қан жоқ, сөл жоқ, өңі бұзылып кеткен екен.
– Құдайым-ау, бұл не сұмдық?! Дәл осындай болар деп үш ұйықтасам ойыма кірер ме? Дегелең тауын құртып жіберіпті ғой, тауды құртқан! Тау жоғалған! Ұялының шыңы, Әулие асу қайда? Ұзынбұлақ, Қарабұлақ қайда кеткен? Өзен-бұлақ өлген, арнасы да жоқ. Тау құрыған, оның орнында тас-қиыршық төбе жатыр. Хамит, Мәжит, бала кезінде бауырында асыр салған тауларың өліпті! Ата-бабаларыңның зираты да жойылған. Енді ол жерлерді біз ешқашан көре алмаймыз. Бұдан әрі қарай аттап басуға болмайтынын анау белгі айтып тұр, анау қоршау тор айтып тұр, оны мен де білем, неге білмейін. Әй, балаларым, інілерім, о заманда, бұ заман, тау өлгенін көрген кісі бар ма, міне, соған да жеттік, менің атамекенім, туған тауым – Дегелең өлген екен, маған көңіл айтыңдар, – Сапарғалидың көзінен бұршақ-бұршақ жас ыршып-ыршып кетті.
Бұдан кейін Ақбұлақ, Қайнар, Қызыл¬ту совхоздарында, аудан орта-лығы Қарауылда, басқа да жер¬лерде көп жұрт жиналған, халық жазушысының сексен жасын қоше¬мет еткен талай қызықты басқосу¬лар, оқушылармен кездесу кештері өткенімен, Сапарғали аса көп қуана қойған жоқ, көбінесе Жүсіпбекпен сөйлесіп, әйтпесе мұрты салбырап, жүдеу кескінде, өз ойына беріліп, топ ішінде оқшауланып қалды. Күтім, сый-сияпаттан кемшілік болған жоқ, Семейдің дала, қаласы сүйікті перзен¬¬тіне құшағын кең ашқанмен, Сапарғали жүрегіндегі ауыр бір ше¬менді, құса-мұңды, зіл-зала қайғыны еріте алмаған секілді.
Алматыда өткен салтанатты Ғабит, Ғабидендер басқарып, көп жылы сөз ай¬тылып, әсіресе, қарт қаламгердің беріктігі, денсаулығының мықтылығы, қайрат-күші ерекше дәріптеліп, Бұқар жырау, Жамбыл жеткен жерге барады деп қошемет көрсетілді. Әлде бәйбі¬шесінің, әлде ұлы Мәжиттің өлімін көтере алмады ма, Сапарғали тоқсанға ілікпей күрт кетті. Әлде туған жері – Дегелең тауының өлгенін көтере алмады ма?
Рымғали Нұрғалиұлы// http://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=10506