Телефоннан даусы қарлығыңқырап естілгенмен, Орынғали әдеттегі қалпынша әзілдесіп тұрды:
- Білем ғой, бауырым, сендердің жағдайларыңды, уақыттарың жоқ, қолдарың тимейді. Тас бұзып, тау қопарып жатырсыңдар. Дүниенің бар тіршілігі сендерге тіреліп жатқандай тырбанасыңдар. Өкпелеп қалған жоқсың ба? Қатты айтып жібердім бе? Ел-жұрт, ауыл-аймақ аман. Қазір мен келем. Көшеге шығып тұр. Айтпақшы, үй-ішіңе айтып кет. Күні бойы менімен боласың. Тамаққа әуре етпе, бүгін қол тимейді. Кейінірек барармын. Жақсы. Қазір келем. – Трубканы қоя салды.
Біз бір ауылдың балалары едік, аталаспыз, арамыз қыз алысуға жеткен жоқ. Бұрынғы перзенттері шетіней берген соң, дәмелі үмітпен соғыстың алдында туған нәрестенің атын, өшкені жансын, өлгеннің орны толсын деп Орынғали қойған. Садуақас шопанның бұл ұлы тырнақтайынан пысық болды, сабақты жақсы оқыды, педагогика институтын бітірді, мектепте істеді, Абай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына көтерілді.
Ауылдың дарынды жастарын ұйымдастырып, ансамбль, театр құрып, дүркіретіп жіберді, сөйтіп ел ішінде үлкен абыройға бөленді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасына Абай ауданынан келген өнерпаздар “Қарагөз” трагедиясын шығарды. Сырымды қалыптаған - өзі журналист, өзі өнерпаз композитор, халық арасына кең тараған “Сағындым Сарыарқамды” әнінің авторы Мейрамбек Жанболатов, Қарагөз болып шыққан көмейіне бұлбұл қонақтаған, сырлы әуезді әнші Баян Сағымбаева, құйып қойған Нарша – Орынғали Садуақасов – бұлардың бәрі де сахараның табиғи мінездерін көрсетті.
Көрермен қауым, әсіресе Орынғадидың толық денесіне, балпаңдаған жүрісіне, дөңгелек бет-пішіне қарап: “Ойпырмай, қалай дәл таңдаған мына жігітті, нағыз бай баласы дегенің осындай-ақ болған шығар”, - деп күліскен.
Осы тұста Абай ауданы өнерпаздарының айы оңынан туып, даңқтары көтерілді, Москвада өнер көрсетті, шетелге барды, халық театры атағын алды. Соның ыстығына күйіп, суығына тоңған сал-серінің бірі – осы Орынғали.
Көп күттірген жоқ, такси сумаң етіп жетіп келді.
- Асссалаумағалейкум!
- Уағалайкумссалам! Астана қазақтары сендер де мұсылмандыққа келе бастағандарың жақсы болған екен, - деп Орынғали қалжыңға бұра, сәлем алып жатыр.
- Ел-жұрт аман ба? Жігіттер қалай?
Бұрынғыдай емес, Орынғалидың жүзі сынық, жүдеу көрінді. Көзінде мұң бар секілді. Сәл аңырып барып тіл қатты:
- Шүкір. Анау сенің досың, курстасың мың жасағыр Мейраш ән шығарам деп әуре. Кейде далаға, өзен-көлдің жағасына қонып қалады. Соны жын-пері соғып жүрмесін. Байқа деп ескертейсіңдер ме? Қаражаяу болса екен, райкомның пілдей бір хатшысы. Бұл шіркін әрі сері, әрі қайраткер болмақ, екі кеме құйрығын бірдей ұстамақ, - деп шұбыртып, құрдасына қарай ойысып бара жатты.
- Қоя бер таксиіңді. Үйге барайық.
- Жоқ, түспеймін. Бүгінгі билік менде. Айтқанымды істейсің.
- Әлде, Алматыда бір үй сайлап қойып па едің?
- Ондай айтқан күн туса, жақсы ғой. Ал, тарттық. Абай ескерткішіне, - деп Орынғали шоферға иек қақты.
- Мың рет көрдің емес пе?
- Бәрібір көргім келеді де тұрады. Астанаға келсем, алдымен Абай атама тауап етіп, сәлем берем. Олай етпесем, жолым болмайтын секілді. Қаһарына ұшырайтындай көрінем. Мен осы ескерткішті қазақтың биік тұғыры, қасиетті, әулие төрі санаймын. Пой-пой жарықтық Абай атам-ай, күйбең тіршіліктің, жалған дүниенің төбесінен қарап тұрған қалпын қарашы, - деп Орынғали тұңғыш рет көрген кісідей таңырқай тамашалап, тас мүсінді айналып адымдай бастады.
Алаңқайда балалар ойнап жүр. Біреулер көгершінге жем тастап отыр. Мұртты фотограф әрі өткен, бері өткеннің шылбырына жармасады. Көпшілік көзден, үлкен-кішіден қысылмай, екінші қайтара көріспейтіндей, өліп-өшіп сүйіскен жұптың қасына келіп Орынғали:
- Қандай бақыттысыңдар! Осылардікі дұрыс, - дегенде, аналар бірауыздан дүрсе қоя берді:
- Какое Ваше дело? Тоже мне...
Бұған ренжіген Орынғали жоқ, күлді де қойды, домаланып шауып жүрген бір баланы шап беріп ұстай алды. Кішкентайдың қол-аяғы тырбаңдап, қытығы келіп, күліп тұр:
- Жіберіңіз. Жіберіңіз дедім, жіберіңіз.
- Ой, өзің қазақша сайрап тұрсың ғой.
- Менің көкем де, апам да, атам да, тіпті әжем де қазақша біледі. Әлия білмейді.
- Е, ол жаман бала болды, сірә.
- Ондай жаман балалар біздің ауылда көп. Мен орысша да білем.
- Е, оның жақсы екен. Кел, танысайық, атың кім?
- Менің атым Берік, фамилиям Көпжасаров.
- Сен жақсы бала екенсің. Мә, мороженое алып же.
- Қазақша балмұздақ дейді. Әне, атам келе жатыр. Біреуден ақша алсам, ол ұрсады.
Орынғали аппақ күмістей мұрты едірейген, таяқ ұстаған кісіге сәлем беріп, ескі танысына еркін сөйлей бастады:
- Аға, мына немереңіз Берік жақсы бала екен. Екеуміз танысып алдық. Мороженое деген қазақша балмұздақ көрінеді, біз, ауыл қазақтары, оны қайдан білейік, күнде жемеген соң.
Ақсақал саусағымен мұртын басып, қауқылдап қалды.
- Сен оны айтасың, бұл батыр көп ертек, жұмбақ біледі. Солай де жігітім. Түр-түсіңе, сөзіңе қарағанда, қырдан келген секілдісің білем. Қай жұрағатсың? Ру сұрап тұрғам жоқ, айыпқа бұйырма, шырақ.
- Абай ауылынан.
- Жә, текті жердің баласы екенсің. Онда қолыңды қақпаймын. Ал, Берікжан, ағаң берген ақшаға балмұздақ алсаң ала ғой, біз де жейік, үшеуін әкел, - деді.
Бірақ уақытқа дейін Орынғали ақсақалмен ұзын-сонар әңгіме соғып, ақыры Беріктің бетінен сүйіп, қимағандай болып қоштасып еді.
- Бала-шағаңды сағынатындай уақыт болған жоқ. Саудыраған шал-кемпірдің ортасынан келдің емес пе? Несіне жабыстың бұларға? – дегенімде жауап тез қайтарылмады.
Біресе “Арман” кинотеатрынан шыққандарға, біресе тротуар бойлап жөңкілгендерге мұңды көз тастап, біресе Алатауға қарап, кейде ақырын күрсініп қойып, Орынғали:
- Алматыға келсем-ақ, осы Абай атамның ескерткіші түбінде бірер сағат болғанды ұнатам. Маған жарықтықтың сүйегі жатқан Жидебайдағы зиратынан гөрі осы ескерткіші әсерлі. Абай пайғамбар жер астында жатып-жатып, бір күні шыдамай жер үстіне шығып, тас мүсінге айналып кеткендей болады да тұрады.
Кеңсайға көтеріліп бара жатқанда, Орынғалидың өңі қуқыл тартып, танауы қусырылып, бір-екі рет терең күрсініп қойды. Зиратты көп араладық. Белгілі адамдар бейіті тұсында көбірек бөгелеміз. Өзі не есімін білетін, не көрген, не дастарқандас болған өнер адамдары, жазушылар, ғалымдар, әлеумет қайраткерлеріне қойылған ескерткіш, белгіні көргенде Орынғали “Е, осында жатыр екен ғой”, - дейді.
Анда-санда ешкімге керексіз болып қалған, тозған, маңайын арам шөп басқан, белгі тасы құлаған иесіз зираттар кездескенде, көңілің құлазиды, қайғы езе бастайды, құса-мұң торлайды.
Бірнеше рет қаралы шеру өтті. Бейіт жұмысшылары үйреншікті, күнделікті әрекеттерінен айнымай қабір топырағын шығарып жатыр.
Алматы аяқ астында. Жабағы жүн секілденген қалың түтін басқан қала аспаны тұмшаланып жатыр.
- Мынамен қалай дем аласыңдар, бауырым-ау, - деді Орынғали.
- Жалғыз мен емес, миллион халықтың жұтқаны осы ауа, қайт дейсің? Айтпақшы, сынауды кейінгі кезде тіпті көбейтіп жібердіңдер, қашан қоясыңдар соны.
- Менімен ақылдасады деп пе едің?
- Дегенмен тоқтатпай ма?
- Е, ондай айтқан күн туса, той жасар еді халық.
- Сендердің дұшпандарың – шаң, түтін, газ – көзге көрініп тұр, ал біздің жауымыздың – не иісі, не түсі белгісіз, ішкен судан, жеген дәмнен, басқан топырақтан, жұтқан ауадан шыға келе ме, ешкім білмейтін жұмбақ, тілсіз кесепат. Оның аты – радиация деген зілзала дерт. – Орынғали қабағын түйіп, қатты шытынып, тістенгендей болып, әрең тоқтады. Бір үлкен, ерекше маңызды құпияны ашық қойғандай қуыстанып, қиналып жан-жағына қарады.
Қабір қазушылардың үстінен түстік.
- Бір қабір қазғанға қанша аласыңдар? – деді Орынғали.
Кеудесі жүн-жүн, жуан қара жақтырмай алайып қарады, тура жауап бермец, өзі сұрақ қойды:
- Немене, қабір керек пе? Қабір керек болса, айтыңдар. Қашан өліп еді? Жас па, кәрі ме? Рұхсат қағаздарың бар ма? Қай тұстан берді жерді?
- Қанша аласыңдар дедім ғой?
- Онда сенің не шаруаң бар? Табысымызды санайын деп келіп пе едің? Қазатын біз ғой. Келіссең, жақсылап қазып береміз. Біз көрді жаман қазбаймыз. Әзірге біз қазған көрген шығып кеткен адам жоқ, - деп жуан қара сүйкімсіз ыржиып, кеңк-кеңк күліп қойды.
Орынғали алақанына шымшып, топырақ алып, одан кейін насыбай атқан кісіше уқалады да, танауына апарып иіскеді.
- Томырылған май секілді екен. Бір түйір тас жоқ. Қабірге құлап түсіп кетпей ме? – деп төмен қарай үңілді.
Жуан қара өрескел сұрақ қойғандай, алайып, жақтырмай қарады:
- Өлікке май топырағы не, құмы не, тасы не, бәрібір емес пе? Сен өзің осы бейітте бұрын кісі көміп көрмегендей сөйлейсің ғой. Ана дайын қабірді көрдің бе, табаны кірпіштен көмкерілген, сол астаушыға өлікті саламыз, тағы кірпіш қалаймыз, бетіне плита жабамыз. Үстіне топырақ үйеміз. Сонымен бітті.
- Лақат жасамайсыңдар ма?
- Поу! – жуан қара қолыңдағы күрегін лақтырып жіберді. – Ей, сен өзің жындыдан саумысың? Қалай көметінін көргің келсе, әне, ана жерде көміп жатыр, бар, көр. Ана жерде, ана жерде – жан-жақтан бәрін де көміп жатыр. Сенің өзіңді де көміп көруге болады.
Шынында да айналаның бәрінен жылап-сықтаған дауыс естіледі, топ-топ қаралы адам.
- Қағаздарың бар ма? Әкел. Кешке қарай қазып тастаймыз. Таңертең дайын тұрады. Саудаласып қайтеміз, басқалардың бергенін сендер де бересіңдер. Артық сұрамаймыз.
Жас қабірге еңкейіп қарап тұрған Орынғали қолына бір уыс топырақ алып, “нағыз торқа деген осы болар” деп күбірледі. “Қандай пендеге бұйырған төсек, мәңгілік мекен екенсің”, - деп және қосты.
Сол күні Орынғали неше түрлі мінез көрсетті: Алматыға бірінші рет келген ауыл баласының қылығына басып, Көктөбе, Медеу шығып, Әуезов музейіне барып, Шоқан ескерткішіне айналсоқтап, көшелерді кезіп, оқыс сөздер айтып, аяқ астынан күліп, жоқ жерде көзіне жас алып, ең соңында қоштасуға да шамамды келтірмей, мені түсіріп тастап, өзі такси ішінде, көзінен тарам-тарам жас ағып кетіп бара жатты.
Арада көп уақыт өткен жоқ, Орынғали қайтыс болды. Кейін білдім ғой, онкологиялық ауруханада жатқанын, одан қала аралауға ұрланып шыққанын менен жасырған екен.
Рымғали Нұрғалиұлы// http://adebiportal.kz/news/rym-ali-n-r-ali-ly-aya-talma-an-tragediya/