Полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілген. Оның қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе күштірек болғаны белгілі. Сондай-ақ полигонында термоядролық, сутегі бомбаларының бірнеше түрлері сыналған, ол туралы деректер мен зардаптары кешеге дейін өте құпияландырылып келеді. 1957 жылға дейін жер үстінде, әуеде сыналған бомбалар зардаптары тексерілмеген десек те болады. Олай дейтініміз, Семейдегі №4 құпия диспансер тек 1957 жылы ғана ұйымдастырылған. Ондағы анықтамалар халықтан жасырылып, жеті қат жер астына тығылған. Радиологиялык рак ауруларын емдейтін диспансер бір кезде «Өкпе ауруларына қарсы мекеме» деп жасырын аталып та жүрді. Қазақ халкының бағына орай, сол диспансердің бас дәрігері Борис Гусев деген семейлік азамат туған жерінің жалынды патриоты болып шықты. Соның және т.б. ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, сансыз сынақтар салдарынан жер қыртысына радиацияға шалдықтыратын улы инертті газдар, ауыр металдар, радионуклидтер кеңінен таралған. Осылардың ішіндегі аса қауіптілері «Стронции-90», «Плутонии-238», «Цезии-137» изотоптары және т.б. Бір ғана осындай атом жарылысынан он мыңдаған изотоптар мен қосындылардың пайда болатынын ескерсек, көнбіс халықтың қалай өмір сүріп жатқанына қайран қаласың. Бір кездері Абыралы ауданы ашылып, оған 200-дей Моңғолиядан келген қазақ отбасылары қоныстандырылды. Ал, олар жергілікті халықтың тартып отырған зардабын көріп үрейленіп, тұрмысқа қолайлы жерлерге үдере көшіп кетті. Полигонда жүргізілген жер үсті және жер асты сынақтары сол нүктелердегі топырақты күлге айналдырып жіберген. Оған еліміздің үш облысынан барлығы 2 млн гектар жер бөлінген еді. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарынан жабылған бес ауданның халқы басқа жерлерге көшірілді. Бұл шаралар, әсіресе, Семей өңіріндегі тұрғындарға ауыр соққы болып тиді. Бір кезде қайнарлық қайсар азамат, маркұм Болат Жәкішев полигон зардаптарынан қайтыс болғандардың тізімін жасап жүрген еді. Ол қайтыс болғалы он жылдан асты. Оның сол кездегі деректеріне жүгінсек, 1963 жылдан бері қатерлі ісік ауруларынан Қайнардың өзінде 200-ден астам адам қайтыс болған, 20-дан астам қыз-жігіт өзіне өзі қол жұмсап, 18 адам ақ қан ауруынан қайтпас сапарға аттанған. Жарма ауданының Қалбатау елді мекенінде тұрған марқұм Мүтән Аймақов та сол кездің куәгері. «Қайнар синдромын» көзімен көрген адам. 1953 жылы 12 тамызда тұңғыш сутегі бомбасын сынау кезінде Қайнар селосында 42 адам әдейі тәжірибе үшін қалдырылған. Бұл күнде солардың бірде-біреуі жер басып, тірі жүрген жоқ. Көршілес Сарыжал ауылының да түпкілікті тұрғындарының айтуынша, осы ауылда 200-ге таяу адам қатерлі ісік, тағы басқа ауыр металдар туғызған науқастардан қайтыс болған. Мұндағы ауруханада 1962 жылдан бері радиация зардаптарынан қайтыс болғандардың да тізімі жасалыпты. Оқи бастасаң жаның түршігіп, жағанды ұстайсың! 1962 жылдан бері Сарыжалдың 70-тен астам тұрғыны өзіне өзі қол жұмсаған, мұның басым бөлігі он екіде бір гүлі ашылмаған бозбала мен бойжеткендер.
Иә, өзекті өртеген өкініш осымен тынса бір сәрі ғой. Сол ауылдағы дәрігерлердің айтуынша, қазір мұндағы әрбір жас балада қан жетімсіздігі, жүйке ауытқушылығы, көз ауруы сияқты ауыр дерттерге шалдығу фактілері байқалады. Сарыжал ауылының 300 тұрғыны радиологиялық диспансер есебіне тіркелген. Медициналық тексеруден өткен 1083 адамның 500-ден астамының денсаулығында түрлі ауытқушылықтар, барлығы анықталған. Ауылдағы орта мектептің 700 оқушысын тексеруден өткізгенде, олардың 400-ден астамынан қатерлі ісіктің белгілері байқалған.
Радиациялық сәуле алу кесірінен бұрын естіп білмеген сұмдықтарды көру пешенемізге жазылыпты. Мәселен, Қарауылда бір әйел босанып, қол-аяғы жоқ, басында екі көзі мен аузы ғана бар мутагенді жан иесін дүниеге аяғы жок, не аяқ-қолы істемейтін, мылқау болып туған кемтар балалар Сарыжалда, Қайнарда әлі де жиі кездеседі. Осындай кембағал жан, қарағандылық суретші Күйіковтің есімі қазір бүкіл әлемді шарлап кетті. Жалпы, Семей өңіріндегі полигонға жақын бұрынғы бес аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайлары әлі де сын көтермейді.
1995-2000 жылдары бұрынғы Семей облысында туғандар санынан өлгендер саны басым түсе бастауы дабыл көтерерлік жағдайдың босағадан аттағанын көрсетеді. 1990 жылдан бастап полигон маңайындағы бес аудан халқы медициналық тексерулерден жыл сайын өтіп келген болса, бұл жұмыс қаржы жетіспеушілігінен 1992 жылдан токтатылды. Ал қолда бар мәліметтерге жүгінсек, полигон маңайындағы 100 мыңнан астам ауыл-село тұрғындары 100-ден 200 бірге дейін радиациялық сәуле алғандығы мәлім болып отыр. Осы медициналық тексерулерді сол кездегі Кеңес Одағына мәлім радиолог ғалым А.Ф.Цыб басқарып келген. Ке- зінде осы ғалымның медициналық сараптамасы баспасөзде жарияланды. Обком хатшысы Кешірім Бозтаев мәскеуліктермен «айқасқан» тұста, семейлік дәрігер Борис Гусев өткен ғасырдың 90-шы жылдары барлық мәліметтерді көшіріп алып, Кешірім Бозтайұлының қолына тапсырып қойды. Сол тұста екпін алған ядролық сынақтарға қарсы халықаралық «Семей-Невада» қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің де қолына бір көшірмесі тиіп, ол да Кешіріммен бірге атойлап бас көтерді. Бұл антиядролық бас көтеруді бүкіл дүниежүзі қолдай жөнелді. Семей ядролық полигонында жер үсті және жер астында жарылған зарядтар топырақты халық шаруашылығына пайдалануға жарамсыз етіп жіберген. Төбе құйқаны шымырлататын радиация деген аждаһаның, міне, 60 жылдан астам уақыт бойы халқымыздың генефоның бұзып, жасты да, кәріні де баудай түсіріп жатқан кеселдер сол топырақ, өсімдік, ауа арқылы келіп, радиация айбалтасын төбемізден көтеріп тұрғаны шындық. Семейдегі радиологиялық диспансер орталығы жапондықтардың күшімен салынып жатыр. Жапондық заманауи құрал- жабдықтар арқылы диспансер дәрігерлері қоршаған орта мен топырақ, өсімдік, жан-жануарлар дүниесін үзбей зерттеп, бай архив жинақтады. Оны Ресей ғалымдары ғылыми зерттеулеріне да пайдаланып отырған көрінеді. Оның үстіне ҚР Ұлттық ядролық ғылыми орталығы да зерттеулер жүргізіп келеді.
Кейбір шалағай зерттеулерге сүйенген Ресей ғалымдары «Семей ядролық полигоны зардаптары туралы қазір әңгіме қозғау артық, ондағы жағдай бірқалыпты, деп әлемдік көзқарасты бұруға тырысуы жауапкершіліктен жалтару болып табылады.
1992 жылы елімізде «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» туралы Заң қабылданғаны көпшілікке мәлім. Сол заң аясына сәйкес полигон аймағына жататын аймақ аса қауіпті, күшті және радиациялық жағдайы төмендеген үш аумаққа бөлініп, бірталай оңалту шаралары белгіленген еді. Республика бойынша барлығы 1,5 млн. адам осы аймақтарға жатқызылып, тіркелген-ді. Оларға бір жолғы өтемақыны да мемлекетіміздің өзі төлеуге мүмкіндіктер кезін қарастырды. Ал еңбекақыға, еңбек демалысына, т.б. қарастырылған төлемақы жеңілдіктері 1996 жылғы дағдарыста алынып тасталды. Ал 18 медициналық оңалту кешендерінің көпшілігі күні кешегі жекешелендіру кезінде жеке меншікке беріліп, халық енді ондай орталықтарға ақша төлеп емделетін болды.
Диспансер облыстағы радиациялы аймақтан зардап шеккендердің регистрін жасап, тұжырымдама әзірлеуде. Ал медициналық зерттеулер мен тексеруден өтпеген адамдар әлі де көп. Олар шамамен 400 мындай. Осы контингентті тұтас регистрге алу үшін қазіргі қарқынмен 180 жыл керек. Сол үшін ШҚО-ның Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Аякөз аудандары орталықтарынан да радиологиялық диспансерлердің бөлімшелерін ашып, халықты тіркеп, емдей бастаған жөн сияқты. Семей радиологиялық диспансеріне ұлттық мәртебе беріп, Өскеменде облыстық орталық, Астана мен Алматыда оның филиалдары жұмыс істеуі қажет деп есептейді облыс тұрғындары.
Радиологиялық диспансерде сауықтыруға арналған 45 төсектік аурухана бар, келешекте мұны 120 адамдық етіп ұлғайту қажеттігі туындап отыр. Егер де осы сауықтыру орталығында жылына шамамен 870 адам емделіп шықса, қалған 365 мың адам қай уакытта толық емдеуден өтіп үлгереді. Ал полигон жерлерінің біраз бөлігін халық шаруашылығына беру туралы ұсыныс, сол негізде жаңа аудан құру туралы пікірдің жүзеге асуына әлі ертерек. Өткен жылы Шаған өзеніне атом көлі тұсынан тритий араласып, үлкен шу көтерілгені есте. Олай болса, атом полигоны жерін Чернобыльдегідей ционит топырағымен өңдемей, құр пайдалану өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне қауіп төндіретінін естен шығармағанымыз абзал.
Астана, Семей және Курчатов қалаларында өтетін «Ядролық қаруға тыйым салудан - ядросыз әлемге» атты халықаралық конференцияда айтылған осы мәселелерге назар аударылады деген ойдамыз.
Байқадиұлы С. Ажал апаны әкелген қасірет //Егемен Қазақстан. – 2012. – 22 тамыз.- 3 б.