1949 жылы - Кеңес Одағында Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан, Павлодар жэне Қарағанды облыстары) аумағында Ертіс өзенінің сол жағалауында Семейдің солтүстік-батыс жағындағы 130 шақырым жерде алғашқы ядролық қару сыналды.Географиялық картада бұл жер «Конечная» (станцияның атауымен) немесе «Молдары» (Курчатов жабық қаласының қүрамына кірген село) деп белгіленген. Одан кейін 1954 жылы 12 қыркүйекте термоядролык құрылғы, 1955 жылы 22 қарашада - сутегі бомбасы сыналды. 1963 жылға дейін сынақтар ауада жүргізілді.
Бұл зарядтардың жиынтық қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есеге артты.
Полигонның 40 жылдық тарихында 459 жарылыс жасалды. 1949-1962 жылдары ашық ауада 88 сынақ, жер қойнауында 3 рет бомба жарылды. 1953 жылдың 12 тамызында әлем тарихында алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтсе, 1955 жылдын 22 қарашасында жер үстінде жарылған сутегі бомбасы жанталаса қаруланған дүниежүзінің державаларын Кеңес Одағының алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені, бұл сынақ адамзат тарихында бұрын сонды болмаған еді. Сондай-ақ, Кеңес елі осы уақыт аралығында ядролық заряды бар 6 құрылғыны жеті қат көкке жуық жоғары биіктікте сынақтан өткізіп үлгерді. Ал, жер қабатындағы тік ұнғымалар мен көлбеу туннельдерде 340-тан астам сынақ жүзеге асырылды. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.
1989 жылдың ақпанында Семейдегі сынақ полигонын жабу үшін басталған ұлы күрестің алғашқы қадамы жасалды. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды.
1989 жылдың 25 ақпанында, сағат 17-ден 45 минут өткенде Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап еткен және жұртшылықты «Невада» антиядролық қозғалысын құруға шақырған ашық мәлімдемесінен басталды. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, советтік бейбітшілік қорғау Комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының Комитетіне, Невада штатында (АҚШ) сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті.
Тек наурыз айында ғана үндеуге қозғалысты қолдаған миллионнан астам қол қойды, ал қозғалыс қорына көптеген қайырымдылық қаржысы келіп түсті. Ал, 11 наурызда қозғалыстың құрылғандығы туралы шетел ақпарат агенттіктері хабар берді, онда планетамыздың бейбітшілік сүйгіш халықтары өздерінің ынтымақтастықтарын білдіре отырып, қозғалыстың мақсаты мен міндетін мақұлдады. Сөйтіп, қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды.
1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлығымен 40 жыл ажал отын шашқан полигонның жабылуы, әрісі Қазақстан халқы үшін, берісі Ертістің Семей өңірінің тұрғындары үшін тендесі жоқ қуаныш, үлкен бақыт әкелді. Осы 1991 жылдын шілде айында Қарауылда өткен «Невада – Семей» қозғалысына Франция, АҚШ, Италия, Жапон елдерінің делегаттары қатысып, атом сынағын тоқтатуға өз ұсыныстарын білдірді.
1991 жылы 29 тамызда ауқымды ядролық тарихтың жаңа кезеңі басталды. Бұл күні терең түйсікпен, ерікті түрде және бір жақты қабылданған заңды кесім әлемге үкім айтты, адамзаттың тағдырын тәлкекке айналдырған мүндай қарудың ешбір заңмен қолданылмауының үлгісін берді.
1992 жылы 23 мамырында Қазақстан стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шек қою туралы КСРО және АҚШ арасындағы Шарттың Лиссабон Хаттамасына қол қойды, онда Қазақстан Беларус және Украинамен қатар ядролық қарудан бас тартты жэне өзінің ядролық қаруды таратпайтыны туралы міндеттемесін белгіледі.
1994 жылы желтоқсан айында Ресей, АҚШ және Ұлыбритания 1993 жылы ядросыз мемлекет ретінде ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылуына байланысты Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің кепілдігі туралы ұжымдық Меморандумға қол қойды. Көп ұзамай, Қазақстанға Қытай мен Франция тарапынан да осындай кепілдіктер ұсынылды.
1995 жылы сәуірде Қазақстаннан соңғы ядролық зымыран шығарылды, мамырда Дегелен тау сілеміндегі 108-ұңғымасындағы соңғы ядролық қуат жойылды. Н. Назарбаев Республика азаматтарына үндеуінде бұл кесімді «Қазақстанның ядролық өмірбаянындағы соңғы нүкте» деп атады.
Полигонды жабу туралы шешім республиканың қатерлі қару тарихының драмалық бетін күрт өзгертті. Қазақстандықтар өздерінің және туыстарының өмірлері үшін қорқыныш сезімінен арылды.
Мемлекет Басшысы «Конечная» станциясындағы сынақтардың тоқталғанына қарамастан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуды жалғастыра берді. Әлемдік биік мінбелерде сөйлеп жүріп ол ауқымды ядролық қозғалыс жүмысының одан эрі өрбуіне дем беріп, ортаға салып жүрді.
Қазақстанның қарусыздандыру саласындағы тарихының ең маңызды оқиғасы 1996 жылы ядролық сынақтарға жан - жақты тиым салу туралы Шартқа қол қою болды.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 1992 жылғы 15 мамырдағы № 779 Жарлығымен бұрынғы Семей полигонының әскери-өнеркәсіп кешенінің, сондай-ақ республика аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен объектілердің негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы құрылды.
2005 жылы Қазақстан ядролық ланкестік әрекеттер актілерімен күресу туралы Халықаралык Конвенциясына қосылды.
2010 жылы БҰҰ - ның Бас хатшысы Пан Ги Мун іссапармен Қазақстаңға келіп Н. Ә. Назарбаевқа ядролық қарусыз әлем үшін күресіне жоғары баға берді.
2011 жылы Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем форумы болды.
2012 жылы Қазақстан Сеулде 53 елдің өкілдері және 4 халықаралық ұйымдары қатысқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі 2 – ші Халықаралық саммитінде, Астанада өткен 80 мемлекеттің өкілдері қатысқан «Ядролық сынақтардан ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конференциясында жоғары бағаға ие болды.
2014 жылы Қазақстан Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі 3 – ші Халықаралық конференциясының белсенді қатысушысы және әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі болды.
Ғасырлар тоғысындағы екі онжылдықтан сәл аса уақыт ауқымды ядролық қарсыластық қатерін айтарлықтай басты. Ядролық сынақтарды тоқтату туралы барлық Шартқа 182 ел қол қойып, 154 мемлекет бекітті. Қазақстанның арқасында Планетаның өзге полигондары - «Невада», «Лобнор», Новая земля» көптеген мәселелерде бәсеңдеп қалды.
Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29-тамыз халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Еліміз бейбітшілік сүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді.