Аждаһа үні өшкен күн


  Тарихқа тағы бір көз жүгіртсек, Семей ядролық полигонында бірінші жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда болды. Полигонда 470 атом сынағы жүргізіліп, сол кездерде 606 ядролық жарылыс, оның ішінде әуеде 90, жер бетінде 26, жер астында 354 жарылыс жүргізілді, олардың жинақталған тротилдік баламасы 17,7 мегатонна болды. Жер бетіндегі және әуедегі ядролық жарылыстарға арналған қарулар 1963 жылға дейін шығарылды. Әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жарылыстың радиоактивті бұлттары және жерасты жарылыстың 69 газ фракциясы полигон шегінен тыс жерлерге тарады. Дәл осы 124 жарылыс Қазақстан аумағының шығыс бөлігін радиациямен ластады. Полигонда ядролық жарылыстан басқа химиялық жарылыс заттарын қолдана отырып, 175 жарылыс жүргізілді. Соңғы заряд 1995 жылғы 31 мамырда химиялық жару әдісімен жойылды. Полигонның аумағы 18,54 мың шаршы шақырымды алып жатыр: Павлодар (39 пайыз), Шығыс Қазақстан (54 пайыз) және Қарағанды (7 пайыз) облыстарының аумағында орналасқан.
  
  1.Полигон жайын алғаш қозғаған – Мұхтар Әуезов.
  Астанада «Әлем дәрігерлері – ядролық соғыстың алдың алу үшін» халықаралық қозғалысының ХХІ-ші Бүкіләлемдік конгресі өтіп, оған 50 елден бес жүзден астам делегат қатысты. «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» бас директоры Абай Байкенжиннің «Казахстанская правда» газетіне (23.08.2014 жыл) берген сұхбатынан бірер үзінді келтіріп өтейік:
  Алғашқы конгресс 1981 жылдың наурыз айында АҚШ-тың Арли деп аталатын кішкентай қаласында өткен. Сонда әлемнің 11 елінен келген қатысушылар ядролық соғыстың медициналық салдары жайындағы жинақтама материалдарды тұңғыш рет ұсынған. Сол кезде әлем жұртшылығына қуаты бір мегатонна болатын тек жалғыз атом бомбасының жарылысы 1 миллион халық тұратын қаланың 300 мың тұрғынын бірден жалмап, тағы 400 мың тұрғын күйіктен, сәуле тиюден көп ұзамай көз жұматыны жайындағы жаман мәлімет алғаш рет мәлім етілді. Бұл ядролық қару жасауға ұланғайыр қаржы кететінін айтпағандағы жәйт. Будапеште 1985 жылы өткен келесі конгресте бұл жай да мәлім болды: ядролық қарулануға жұмсалатын күнсайынғы шығын 2,2 миллиард долларды құраған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бүкіл жер бетінде безгек ауруын толығымен жою үшін 450 миллион доллар жеткілікті болар еді. Сол жылы әлемдегі солдаттардың саны дәрігерлер армиясынан он есе басым еді! 1985 жылы Конгреске 41 елден 135 мың адам мүше болса, 90-шы жылы 62 елден 200 мың адам мүше болған. Конгресс мүшелерін үш рет АҚШ, екі рет Жапония қабылдаса, 1987 жылы Мәскеу тұңғыш рет шақырыпты. Ал бүгінгі Конгресті бүкіл ТМД елдерінде бірінші болып Астанада қабылдап отыр.
  Байкенжин мырза бұл жайдың арғы жағындағы астарына үңіле келіп («Идеологиясы - тоталитарлық, ақпараты - құпиялы мемлекет әлі өмір сүріп тұрса, бұндай Конгрессті Қазақстанда өткізу мүмкін болар ма еді?!»), полигондағы ядролық сынақтар жайын ең бірінші 1957 жылы Токиода атом және сутегі бомбаларына тиым салу жолында өткен Халықаралық конференцияда Мұхтар Әуезов жария еткенін айтады. «Алғашқы зерттеулер нәтижесі полигонға жататын аумақта тұрып жатқан адам мен малдың денсаулығында ауытқу бар екендігін көрсетеді. Бәлкім сол кездегі сынақ жасаушылардың өздері осы трагедияның орасан масштабын білмеген де болар. Өйткені, дәрігерлерге радиацияның әсерімен байланысты диагноз қоюға тиым салынды»,-дейді танымал дәрігер.
  Астанадағы Конгрестен үш-төрт күн өткенде Семей жеріне жеткен ғылыми конференция барысында кемеңгер жазушының ұлы Мұрат Әуезов те бұл жәйтті ел есіне тағы салып өтті.
  Біз де осы мақаланы даярлау барысында ұлы жазушының 50 томдық жинағының 50 бетіне созылатын, Әуезовтің 1957 жылдың 10- шы тамызынан 28-ші тамызына дейінгі Жапония сапарын қамтитын «Жапония күнделіктерін» парақтап шықтық. Иә, күнделіктің өн бойынан сан тарау қасіреттің салмағынан сабырын жоғалтпаған жапондардың кесек мінезіне деген тәнтілік байқалып-ақ отырады.
  Кемеңгер жазушы Рим папасының жеделхатының мәтінін беріп отырған болып: «Испытание - еще более вреда. Чистая бомба не может быть свободна от радиации - она тоже должна быть запрещена. Человечество стоит перед большой трагедией. Принять любые меры, но войну предупредить», - дейді.
  Одан әрі үзінді келтірейік: «Никакая страна не имеет морального права заражать воздух другого народа». 21.ҮІІІ. Кешке Нагояда көп қабылдау, кездесулер болды. Мен үш рет сөйледім. Сагат 6-30-да минтинг жасалды. Мың кісі болды. Мен сөйледім»
  
  2. «Өлі көлдің» басты кейіпкері - қазақ жігіті
  Тоқсаныншы жылдардың басындағы бір эпизод. Бес жыл бойы Семей обкомының бірінші хатшысы болған ұлт қайраткері Кешірім Бозтаев туған ауылы Ақшатаудан шығып, Семейге оралып келеді.
   Әне, көзіне бала кезден таныс, көңіліне жақын Сарбұлақ, Жайылма мен Қойайдар, одан әріде Ащысу мен Қорық жатыр. Ой-хой шіркін, бала кезінде бұл алқапта масатыдай құлпырған қалың шөп өсіп, бітік астық желмен желкілдеп, бұлақ суы сылдыр қағып ағушы еді-ау! Кейіннен белгісіз бір күштің әсерімен шүйгін жайылымдықтар бірте- бірте азып, тақырланды, ішінара шөлейтке айналды.
  Енді міне, со заманғы жәннат өлкеге бұрынғы көркі қайта орала бастаған. Дөненбай тауының етегіндегі ұзақ жылдар мелшиіп үнсіз жатқан бұлақ қайтадан сылдырай ағады...
  Ауылда өскен қай-қай қазақ баласына да таныс, аңсауға толы бір белгісіз сарытап сағыныш сезім қылын білдірмей шертіп өтер аяулы сурет.
  Лондонда журналист, жазушы, ақын Хамид Исмайловтың Семей полигонының қасіретін бейнелейтін «Өлі көл» романының тұсауы кесілді деген ақпаратты естіп, мынау интернеттің аса қарқынды дамуының арқасында айшылық алыс жеррдегі автормен скайп арқылы байланысқа шыққанда ойымызға осы бір аяулы сәт оралғаны.
  «Өлі көл» романының желісіне Семей ядролық полигоны аумағында тұратын қазақтың екі отбасының өмірі алыныпты. Ұлты өзбек, соңғы жиырма жылда Лондонда тұратын, отызға жуық кітаптың авторы, шығармасын көбіне ағылшын және француз тілінде жазатын, «Темір жол» атты романы Британия мен Америкада көптеген марапатқа ие болған автордың айтуынша, Қазақстан - жарылыс пен радиацияның қасіретін қатты тартқан ел. «Сондықтан ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өмірді мақсат тұтқан Қазақстанның болашағы зор».
  Ұлты өзбек, орысша сайрап тұрған жазушы жоғарыдагы жәйттерден хабар бере келе:
  - Романның басты кейіпкері, талантты музыкант Ержан радиактивті көлге шомылып, өмір бойы мүгедекке айналады. Бұл шындық және менің ойымша мұндай оқиғалар Қазақстанда жетерлік.Семейдегі полигонды жабудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев рөлін айтып жеткізу қиын. Жаһандық қауіпсіздіктегі оның антиядролық бастамалары мен белсенді саясатын бүкіл әлем қолдайды. Мені Қазақстанның антиядролық қозғалысының қозғаушы күшіне айналғаны қуантады,-деді. Және де:
  - Ал 1961 жылы қазанның 30-ы күні Совет Одағы Дегелеңнің бауырында қуаты 58 мегатонналық атом бомбасын жарды. Күні бүгінге дейін жер бетінде осынша қуатты жарылыс болған емес. Дегелеңдегі осы бір сынақтың өзі Хиросимаға тасталған 4 мың атом бомбасымен парапар екендігі анықталған,-деп семейліктердің көбісі жатқа дерлік білетін ақпарларды тағы бір жадымызға салды.
  Біз де өз кезегімізде Дегелеңнің басына дерт боп қонған осы мүшкіл хәлді дөп суреттеген ақын-журналист Кашаф Туғанбаевтың мына өлеңін оқып бердік:
  Сарыарқаны ңара албасты басып тұр,
  Күдер үзіп мүскін көңіл жасып тұр.
  Жеті басты айдаһардай полигон,
  Жалмайын деп аранын кең ашып тұр.
  Жас сәбилер полигонның жемі боп,
  Бір сұмдыкқа дущар болдық емі жоқ.
  «Құр тілменен құлық сауған» үкімет,
  Жәрдемінің көк тиындық себі жоқ.
  Чернобыльдің қасіретін даң қылып,
  Жер дүние «Ойбай, аттан!», жаңғырық.
  Отыр міне Қазақстан - қырық жыл,
  От-тозақтың ортасында мәңгіріп.
  Өз басымыз, осы жолдар бүкіл бір ел, бүкіл бір халықтың басына ашқарақ, айуан ойлы адамзат өкілдерінің қолдан жасаған нәубәтін тап басып айтқан деп білеміз.
  
  3. Семей. 29-тамыз: мерейтойдан репортаж
  Ұлылар елінде өткен «Невада-Семей» Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының 25 жылдығына арналған салиқалы шарада 17 мемлекеттен 20 халықаралық ұйымның өкілдері келіп қатысты.
  Алаш қаласының киелі топырағына табаны тиген мәртебелі қонақтардың қатарында АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Ресей сынды алпауыт елдердің қозғалыс белсенділері, Оңтүстік Корея республикасының, ҚХР-дің төтенше әрі өкілетті елшілері, «Хиросима-Қазақстан» достық тобы мен әйелдер Ассоциациясының ядролық қаруға қарсы делегациясы, МАГАТЭ, БҰҰ өкілдері, ЮНИСЕФ, «Мэрлер бейбітшілік үшін», «Атом» жобасы сияқты жаппай қарусыздану мен бейбітшілікті насихаттау жолында жұмыс істеп жүрген халықаралық ұйымдардың мүшелері, т.с.с болды. Қатысушылардың бір тобы - Курчатов қаласындагы «Ядролық технологиялар» саябағымен, «Токамак» КТМ зертханасының жұмыстарымен танысып, «Бейбіт мақсаттағы бейбіт атом» тақырыбындағы жиынның жұмысына белсене араласты. Екінші топ тарихи-өлкетану мұражайындағы «Хиросима мен Нагасаки қасіреті» көрмелерін аралап, Абай театрындағы негізгі шара - «Ұлттық трагедиядан - ұлттық мақтанышқа» тақырыбындағы конференцияда бас қосты. Хиросима мен Нагасакидің қасіретін еріксіз көз алдыңа елестететін фотосуреттер, сұрапыл ажалдан аман қалғандардың күнделік жазбасынан үзінділер. Әр фотосуреттің жанына қойылған, армаң орындалады деген сеніммен қағаздан жасалған тырнаның да мәні ерекше. Ядролық қарудан алапат зардап шеккен осы елдің екі қаласында бұл дәстүр өзіндік көрініс тапқан: Хиросима мен Нагасакиде қағаздан жасалған 1000 тырнамен біріктірілген гүлдесте бейбіт өмірді тілеудің бас нышаны саналады.
  Көрменің өткізілуіне мұрындық болған ұйымдардың бірі - «Халықаралық мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысы. Құрамына 6200-ден астам қала басшылары мүшелік етіп отырған бұл ұйым 2020 жылға дейін дүние жүзінде ядролық қаруды жоюды көздеп отыр.
  - Мен Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан қайсар ел ретінде үлгі тұтамын. Осынау жас мемлекетті әлем елдері ядролық сынаққа тосқауыл болған батыл елдердің бірі деп таниды. Уақыт оза Қазақстандағы Семей полигонының жабылуы адамзат қауымының алдында қаншалықты батыл саяси шешім болғандығын айқын сезіне түстік. Екі халықтың тағдырында ұқсастық бар. Бұл екі мемлекеттің ядролық қарулану мен оның сынағынан ең көп зардап шеккені белгілі. Біздің бірлестіктің басты мақсаты - ядролық қарусыз әлемді насихаттау, сынақтан зардап шеккен адамдарды емдеу мәселесі жөніндегі ортақ тәжірибемен алмасу. Ең бастысы-ғасырларға жалғасқан қасірет әкелетін ядролық қаруды жою, бұл қауіпті болдырмау. Бүгінде әлемде 16 мыңнан астам ядролық қару бар. Біздің келешек ұрпақ осы зұламаттың кесірін тартпауы тиіс,- деді. Хиросима мәдени қорының төрағасы, «Мэрлер - бейбітшілік үшін» қозғалысының бас хатшысы Комизо Ясуеши. Көрме ұйымдастыруға рұқсат сұрай жазған хатындағы Нагасаки қаласының мэрі Тауэ Томихисаның: «Нагасаки қаласының тұрғындары қасіреттің шынайы бейнесін және атомдық жарылыстың салдарын жеткізу мақсатында түрлі іс-шараларға қатысады. Ядролық қаруға тыйым салуды қолдайды»,- десе, Хиросима қаласының мэрі Мацуи Кадзу мидің: «Ядролық қарудан азат бейбіт өмірге деген ынтамызбен көптеген адамдармен бөліскіміз келеді», - деген сөздері көрмеде көрініс тапқан. Абай театрындағы мәжіліс тізгінін ұстаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ең әуелі Семей полигонының жабылуының 25 жыл толуына орай атқарылған іс-шараларға ұйытқы болған, Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының ұйымдастырушысы, бүкіл түркі әлемі ғана емес, адамзат ақыны Олжас Сүлейменовке шексіз алғыс сезімін білдірді.
  - Қазақстандықтар ядролық қарудың орны толмас зардабын бастан кешірді. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ядролық полигон жабылып, ондағы ядролық қару жойылған соң, Қазақстан күллі әлемге ядролық қарудың таралуына қарсы елдердің бірі екенін дәлелдеді. Жарлыққа қол қойылғаннан кейін ядролық қарулану бәсекесі тоқтап, ондаған миллион адамның емірі құтқарылды. «Невада-Семей» қозғалысының және әлемдік қоғамдастықтың талпыныстарының арқасында бес ядролық полигон жабылды, - деді аймақ басшысы. - Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұдан 5 жыл бұрын Семей өңірінде Елбасымыз бүкіл дүние жүзіне Үндеу тастады. Бұл бастама БҰҰ-ның келісімімен мақұлданды. Әрине, жарылыс Семей өңірінде болғаннан кейін көп қиыншылықтар осы халықтың мойнына түсті. Бірақ, мемлекет еш уақытта өзінің халқын қолдаусыз, қорғаусыз қалдырмады. Өткен жылдары халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін мемлекеттен 34 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Осының барлығы халықтың жағдайын, тұрмысын, әсіресе, осы сынақтан зардап шеккен жандардың денсаулығын арттыруға бағытталған. Қазір біз Семей қаласында жалпы ядролық кластер жасауға жұмыс істеп жатырмыз. Қашанда ойлы сөз, орнықты пайыммен жұртшылық жүрегіне жол таба білетін облыс әкімі мәжіліс барысындағы алғашқы сөзді Олжас Омарұлына берді. Сөзін «Қазақстан жиырмасыншы ғасырда әр түрлі сынақтардың алаңына айналды»,- деп бастаған Олжас Сүлейменов сол кездегі қалыптасқан саяси-тарихи ахуал аясында «Семей-Невада» қозғалысының қалай қалыптасқаны жайлы әңгімелеп, қозғалыстың алдағы мұраты, «Невада-Семей» қозғалысының алдындағы әлі де орындауды талап етіп тұрған маңызды тапсырмалардың барын айтты.
  - Қазақстан әлемдегі ядроға қарсы күрестің негізін қалаушы мемлекеттердің біріне айналды. Біздің ел бұл дәстүрді әрі қарай жалғастыра береді. Бұл үшін біз өз тағдырымызға, өз Елбасымызға ризалығымызды білдіреміз. Еліміз аман болсын! Өзіміз аман болайық! Әумин!- деп ақ батасын берді Олжас ақын. Елбасының Ақордадан жолдаған арнайы Үндеуімен Қазақстан Халқы Ассамблеясы басқармасы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов таныстырды. Үндеудегі «Біздің еліміз бүкіл әлемде ядролық қауіп-қатерден азат болашаққа жол көрсетіп отыр. Қазақстан халқының ерік-жігерін басшылыққа алып, мен өз Жарлығыммен адам баласы жасаған ең қауіпті қаруды Қазақстан жерінде сынаудың 40 жылдық тарихына нүкте қойдым»,- деген жолдардың арғы жағында қаншалықты жасымас жігер жатқандығын жан-жүйесімен тек осы зұлматтың зардабын күнде көріп-сезіп жүрген жан ғана сезіне алатын шығар. Келесі кезекте сөз алған МАГАТЭ Бас директорының стратегия мәселелері бойынша арнайы көмекшісі Зеф Мази:
   -Қазақстан ядролық қару сынағына қарсы күресті қолдайтын халықаралық қауымдастықтың көш басында келеді. Сіздердің елдеріңізге келген соңғы жұмыс сапарында МАГАТЭ Бас директоры Юкия Амано атом қаруының таралмауы, қарусыздандыру ісінде агенттікпен ынтымақтастықта Қазақстанның қосқан үлесін жоғары бағалады,-деді.
  Невада штатынан келген, жолдасы АҚШ-тағы ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың жетекшісі болып табылатын антиядролық қозғалыс мүшесі Бони Боп ханым да:
  -Қазақстан бейбіт атомды қолдану жолында үлкен серпін жасады. Сіздердің бұл саладағы атқарған істеріңіз бен жетістіктеріңіз мені шынында да таңғалдырды,- деп Қазақстанның осы бағытта жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
   - «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы адамзатты ядролық қауіптен құтқару күресін жалғастырып келеді. Біз, конференцияға қатысушылар, барлығымыз бірігіп, әлемнің ешбір жерінде ядролық қаруға орын болмауын тілейік. Бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға жұмылайық. Біздің ұран: «Жер шарында тіршілікті сақтайық!»,- деген Жалғас Оралбаев Семей қаласы жастарының атынан конференцияға қатысушылардың Үндеуін жариялады.
  Мерейтойлық шара одан әрі Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументіне, «Бейбітшілік» стелласына гүлшоқтарын қою рәсімдеріне ұласты. Шетелдік салиқалы делегация басшылары мен мүшелері, осы козғалыстың рухани көсемі Олжас Сүлейменов, кемеңгер жазушының тұяғы Мұрат Әуезов, «Аттандап» жүретін Амантай қажы, қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіковтер бастаған қауым полигон құрбандарын бір сәттік үнсіздікпен еске алысып, одан әрі күншығыс елінен арнайы әкелінген ағаш көшеттерін отырғызды.
  Осы жерде айтылып қалған әңгімеден бір үзік: Егіндібұлақта 1968 жылы дүниеге келген Кәріпбек шетелдік журналистерді полигонға талай рет бастап барған. Қайбір жылы бейбітшілік маршымен жүрген шетелдік топ Семей полигонына дейін жетеді. Сонда арадағы бір қартаңдау америкалық азамат жерге тізерлей құлай кетіп, бірдеңе-бірдеңе деп жерді жалма-жан сүйе бастайды. Сөйтсе, бұл оның «Қасиетті Жер-ана, біздің саған жасаған оңбағандығымызды кешіре гөр!»,-деп жалбарынғаны екен.
  Шетелдік меймандар Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерге де ат басын бұрды. Орталықтағы жылына 5 мың науқас ем алатын тәуліктік стационар 220 орынға негізделген. Жалпы жылына 42 мыңнан астам емделушіге дәрігерлік кеңес беру көмегі ұсынылады. Ел Үкіметінің Қаулысымен оның жанынан радиологиялық орталықтың құрылысы басталып, ядролық медицина элементтері бар жоғары-технологиялық кешен құрлысы жоспарланғаны мәлім.
  Онкологиялық диспансер көптеген халықаралық ұйымдармен кең түрде байланыс орнатып, нәтижесінде бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылған. Диспансер директоры Марат Сандыбаев: «Алғашқы халықаралық ынтымақтастық Американдық Халықаралық денсаулық сақтау Одағының USAID жобасы бойынша «Методист» госпиталімен және АҚШ Бейлорлық медицина колледжімен орнаған. Жоба шеңберінде өңірдегі қатерлі ісік ауруына шалдығу жағдайын эпидемиологиялық жағынан бақылайтын жаңа бағдарлама енгізілді», - деп атап өтті кездесуде.
  БҰҰ 53-ші Ассамблеясының шешімдері негізінде Жапон үкіметі көмек көрсеткен. Арнайы жоба әзірленіп, полигонның иондаушы сәулесі әсер еткен өңірдің медициналық мекемелері 6 млн. АҚШ долларына заманауи емдік-диагностикалық құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда ынтымақтастық жалғасуда, диспансер және Жапон мамандары бірлесе асқазан, қалқанша без обырының морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, біріккен оталар жасауға кіріскен. МАГАТЭ ұйымының Еуропада жасалған сәуле аппараттарымен жабдықтау аясында соңғы жылдары 2 үлкен жоба іске асты: Бірі - Шығыс Қазақстанда радиологиялық қызметті жетілдіру, ендігісі - Семей қаласының онкологиялық диспансерінде ядролық медицина бөлімін құру жүзеге асырылды.
  2006 жылы «Семей өңірі тұрғындарына көрсетілетін онкологиялық көмекті жақсарту туралы» жобасы бойынша Корей халықаралық ынтымақтастық агенттігі, ШҚО әкімдігі мен Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансері арасында ынтымақтастық туралы үшжақтық келісім-шартқа қол қойылды. 2 млн. АҚШ долларын құраған бағдарлама аясында компьютерлік томограф, мобильді жылжымалы маммограф сатып алынды.
  Семейдегі мерейтойлық шаралардың параллельді жүргені мәлім. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Семей мэрі Айбек Кәрімов мырзалардың бастауымен жүрген жапониялық қонақтар Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде қала жастарымен кездесті. Сондай-ақ, аталмыш шараға қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Амантай қажы Асылбек мырзалар да қатысты.
   Өткен 25 жыл ішінде «Невада-Семей» қозғалысы ауқымды жұмыстар атқарды. Еліміз алғаш болып әлемде ядролық полигонды жапты. Осылайша Қазақстан әлем бойынша қуаты жағынан төртінші орын алатын ядролық қарудан бас тартты, - деді кездесуді ашқан қала әкімі Айбек Кәрімов.
  Жиында сондай-ақ, қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің мұрындық болуымен Семей полигонында сынақтарды тоқтатуға қол жеткізген «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылғаны және оның мүшелерінің полигон сынақтарын жабуға аянбай тер төккені жайлы айтылды.
   Ядролық қарудан бас тартып, сынақ полигонын жабумен бірге жаһан жұртын ядролық қарусыз әлем құруға шақырған Елбасымыздың көшбасшылық рөлін халықаралық қауымдастықтың жоғары бағалауы - бүкіл қазақстандықтардың мерейі. «Невада-Семей» - ұлы бастама. Бұл полигон зардабын тартып, ядролық сынақтан пайда болған қасіреттен көз ашпаған халықты үлкен қуанышқа бөледі. Бұл орайда айта кетерлік жайт - миллиондаған адам болып осы қозғалысқа қосылуымыз, оған колдау білдіруіміз ядролық қаруға қатысты ойымыздың бір жерден шыққанын ғана емес, бірлігіміздің, ынтымағымыздың бекем екендігін паш етті, паш етіп келеді және алдағы уақытта да айдай әлемге әйгілей береді деген сенімдемін,- деді осы кездесуде Мұрат Әуезов.
  Тағдырлас қос елдің азаматтары бір кездері елінің басына түскен ауыр қасіреттен арылып, бүгінде бейбіт күннің астында өмір сүріп жатқандықтарына шүкіршілік етіп, келер ұрпақ мұндай ауыр күнді көрмесе екен деген нышандағы тілегін білдіре келіп:
  - Нагасаки мен Қазақстанды көптеген дүниелер байланыстырады. Әсіресе, екі ел арасында тәжірибе алмасу. Алдағы уақытта да сынақ жүргізілген жерлерді зерттеу жұмыстары барысындағы ынтымақтастық әріптестік қарым қатынас жалғасын табады деген сенім мол. Өзін қарусыз мемлекет ретінде әлемге танытқан Қазақстанды біз үлгі етеміз, - деді шараның тағы бір мейманы «Нагасаки» мемориалдық орталығы директорының орынбасары Юко Тахато.
  
   4. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың естелігі
  Қырық жылғы жарылыстардың зардабын шеккен халықтың ядролық сынақтарға қарсы наразылығы «Невада-Семей» қозғалысын кұруға негіз болды. Сол уақытта тек Қазақстанның өзінде екі миллионнан астам адам сынақтарды тоқтату туралы талабымызға қолдау көрсетіп, қозғалыстың мүшесі атанды. Әлбетте, олардың саны көбейе түсті. Табанды күрестің арқасында сол жылы жоспарланған он сегіз сынақтың 11-ін болдырмадық. Семей полигонындағы ең соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазан күні жасалды. Бұл датаны да ұмыт қалдырмауымыз керек. Өйткені, содан кейін полигонда жарылыстар болған жоқ. Одан соң 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигоны мүлде жабылды. Бұл - жүргізген күресіміздің ең басты жемісі, бейбітшілікті қолдаған, бейбіт өмірді қалаган халықтың жеңісі деп білемін. Соның арқасында 1992 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Невададағы сынақтарға мораторий жариялады, біраз уақыттан соң, Францияның полигонында жарылыстар тоқтатылды, ал, 1996 жылы ҚХР Лобнор шөліндегі полигонында сынақ жүргізуге мораторий жариялады. Бұл да қалың бұқараның қолдауына ие болған қозғалыс атқарған жұмыстың және ядролық қарудан ең бірінші болып бас тартып, дүниежүзі мемлекеттерінің көшбасшыларына үлгі көрсеткен Елбасының шешімінің арқасында қол жеткізген жеңісіміз деп білеміз, - деп Олжас Омарұлы қозғалыс тарихы жайлы қысқаша айтып бергенде ойымызға мына бір эпизод оралды.
  Бұл қозғалыстың әр минуты, әр сөзі, әр әрекеті қауіпсіздік комитетінің, Орталық Комитеттің, шет ел елшіліктерінің, әскери атташелерінің, тіпті, барлаушыларының, қоғамдық қозғалыстарының ақпараттары мен хаттамаларында қаттаулы тұр,-деп баяндап еді бір кезде жазушы Тұрсын Жұртбай.
  1988 жылы 14-17 мамыр аралығында Дегелең мен Балапанда екі рет қатарынан жарылған сынақ кезінде аспанға қолқаның тынысын буатын улы газ жайылды. Мен сол күндері полигоннан алпыс шақырым жердегі Шаған ауылында мектеп бітіргеніміздің жиырма жылдық тойына келген болатынмын. Әскери дәрігер, ол кезде майор сыныптасым Қабыл Көшербаев Семейдегі «Турист» қонақ үйін көрсетіп, оның сынақтан уланғандарға арналған ауруханаға айналғанын айтты. Ауылға келгенде сәбилер мен қарттардың қолқасы тарылып, ауыздарынан ақ көбік ағып, шетінен шетінеп жатты. Тойымыздың соңы көңіл айтуға ұласып кетті. Алматыға келісімен Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовке кіріп, барлық жағдайды түсіндіріп, пікір білдіріп, көмек көрсетуін өтіндім. Ойланып отырды да: «Менің соңыма Колбин мен Камалиденовтің түсіп алғанын білесің. Күзге дейін олардың арыны басылар. Сол кезде есіме сал», - деді. Олжастың қуғын-сүргіні ұзап кетті. Келесі жылы ақпан айында екі жазушының тойына мені Семейге жіберді. Екі тойдың арасындағы үзілісті пайдаланып Қарауылға бардым. Тағы да 14-27 ақпанда екі жарылыс қатарынан болып, екеуінен де улы газ кеткен. Аудандық аурухана сәбилер мен қарттарға лық толы. Тағы да көңіл айтуға ұласты. Тойға қатыса салып Алматыға ұштым да, аэропорттан бірден жазушылар одағына келдім. Олжас сағат он екіде келді. Шұғыл шаруам барлығын айтып ем, Олжекең қаптаған қабылдауды күтіп отырғандарға мені жіберуін өтінді. Сынақты, улы газды, ауруханаларды, әскери дәрігер досымның куәлігін алға тартып, егерде шара қолданбасаңыз, мен өз тағдырымды өзім шешемін - деген мағынада түсінік жазып бердім. Ол өзінің сүйікті «сволочь» деген сөзін ауызын толтырып айтты да, дәл қазір шұғыл кірісетінін білдіріп, жарты сағаттан кейін келуімді өтінді. Одақтың хатшыларын шақыртып жатты. Уағында барсам жүріс-тұрыс, кіріс-шығыс көбейіпті. Маған: «Мәскеудегі таныс әскери ұшқыш адаммен сөйлестім. Аса қауіпті мөлшерде улы газ жайылыпты. Енді Қазақ ССР Жоғары кеңстің депутат жазушылары атынан Қазақстан Орталық Комитетіне, СССР Жоғары Кеңесінің депутаттары атынан КПСС Орталық Комитетіне ашық хат жазамыз. Сен сейсенбі күні кел. Қазір демал», - деді. Жұма күні кешке теледидар арқылы сөйлеп, жексенбі күні сынаққа қарсы митингі өткізетінін жариялады. Сөйтіп, «Семей-Невада» қозғалысы басталды. Сол қозғалыстың екпінімен полигон жабылды. Сол қозғалыстың ықпалымен полигоннан зардап шеккен семейліктер тиісті өтемақы алды.
  
  5. Семей полигонын сауықтыру керек!
  Семейде тұрған жылдарымыздың ішінде полигонның төрт жақ кырын түгелдей аралап шығыппыз. Соның біразына тоқталайық. Қарағанды жағында, осы қаладан бес жүз шақырым жерде, Едірей тауының етегінде Шолақбұлақ деген кіп-кішкентай ауыл бар. Бір кезде осы бір әп-әдемі ауылда қырық шақты шаңырақ тұратын. Қазір жеті-ақ жанұя қалған. Мал өсіріп, өз күндерін өздері көріп жатқан қазақ. Шолақбұлақта өкімет адамынан ешкім жоқ. Әкім де жоқ, полицей де жоқ, дәрігер мен мүғалім де жоқ. Пошта, телефон, электр жарығы, су құбыры дегеннен мақұрым. Билік, саясат, нарықтық экономика, цивилизация қызықтырмайды. Бейне бір нағыз жұмбақ жер дерсің. Натурал шаруашылығын өсіріп, соның жемісін көріп жатқан қараша ауыл. Бірақ бір ғана проблема, және де проблеманың көкесі: ауылдан он шакырым жерден Семей полигонының аумағы басталады. Жиырма жыл бұрын жарылыс тоқталғанымен, әскерлер қарасын жоғалтқанымен, улы жер осы азғана халықтың еншісіне қалды. Осы «жұмбақ жердің» фоны сағатына 10-20 мың микрорентгенды көрсетеді!
  Қайсыбір жылы Семей өңіріне Американың SNN телеарнасының журналистер тобы келді. Мақсаттары - ядролық қарудың ауыр зардабын тартқан адамдарды көзімен көріп, осы қасіретті әлем көрерменіне таныстыру. Солармен ілесіп біз де бірге шыққанбыз. Сапар полигон эпицентріне ең таяу орналасқан Саржал ауылынан басталған. Америкалықтардың камерасына қарап сөйлеген саржалдық әйелдің мына бір қысқа әңгімесі әлі есімізден кетпейді:
  - Полигон мына иек астында ғана орналасқан. Бала кезімізде, шамамен 52-ші жылдар болуы керек, үйді-үйге кіріп, бәлен сағатта жарылыс болады, далаға шығыңдар, киіз жамылыңдар деп ескертетін. Бір-бірімізбен қоштасып, қой сойып, құрбандық шалып, қонаққа шақырысып, жарылысқа алдын ала дайындалатынбыз. Кейін ескертуді койды. Жер тітіркеніп, әйнектер сылдырлап, қирап жататын кездер болды. Аспанға бұрқ етіп шыққан түтінін ғана көретінбіз. Саңырауқұлақ деп жүр ғой, біз бомба жарылысын капуста дейтінбіз. Әкем дәл жарылыс болып жатқан жерде шөп шапты. Кейіннен өңеш ісігінен кетті. Шешем бауыр ісігінен қайтты. Өзім он үш баланың ішінен жалғыз қалдым. Калғанын сұм полигон жалмап жұтты. Енді өзімнің он екі балам бар... Кейін американдық журналистерді ертіп, тағы біраз үйге бас сұқтық. Қайда барсақ та еститініміз бір әңгіме - денсаулығымыздың нашарлығына полигон кінәлі, сол полигонды, сол ядролық қаруды ойлап тапқан адамдар кінәлі. Керекудің Май ауданы жағынан келсеңіз, бұл да СЯСП (Семей ядролық сынақ полигоны) аумағына өте жақын орналасқан, жерінің 39 пайызына атом, сутегі бомбалары сыналған елді-мекен. Есесіне бұл маңда Менделеев кестесіндегі химиялық элементтердің түгелге жуығы бар екенін шетелдіктер бес саусағындай біліп отыр деседі. Бірақ ауданда бірде-бір іргелі өндіріс ошағы жоқ. Сонда инвесторлар Май ауданына неліктен аяқ баспайды деңіз. Себебі, олар радиацияның әсерін, оның зияны мен зардабын жақсы біледі. «Егеменнің» өткен сандарын парақтап отырып, егемендігін енді ғана алған жас мемлекеттің жаңа басшысы Н.Назарбаевтың сұхбатына кез болдық («Егемен Қазақстан», 23.06.1993 жыл): «...ал енді, Қазақстанды мемлекет деп жариялай отырып, сол ел басшыларының көзін бақырайтып қойып, тізеге салып, Кеңес Одағының тұсында Қазақстан жерінің - ұлы Абай дүниеге келген қасиетті топырақтың атом қаруын сынайтын полигонға айналдыруын не деуге болады?! Мұның төркінінде не жатқанын дәлелдеудің қажеті шамалы. Бір сөзбен айтқанда, осының өзі империялық жүгенсіздік пен зорлықтың айғағы емес пе?!», - дейді сол сұхбатында Елбасы. Президент одан бері де сынаптай сырғып өткен жиырма жылдың ішінде Семей жеріне талай рет ат басын бұрды. Соңғысы — былтырғы маусым айының аяғы. Сол сапарында Президенттің бұрынғы полигон жері халық шаруашылығы айналымына беріле ме деген сауалға былай деп жауап бергені де есімізде:
   Қазір маған полигон аумағы пайдалану мүмкін кезеңде тұрғандығын баяндап отыр. Мұнда бір жарым миллион гектар жер бар. Біздің де, ресейлік те, америкалық та ғалымдар ол жерде радиация жоқ деп отыр. Есесіне жерасты байлықтары жетерлік. Жер демекші, осы мақаланы жазу барысында Болатбек Нәсенов ағамыздың кезінде өзімізге сыйға тартқан фолиант-кітаптарының бірінен мынандай деректерді оқып қалдық:
  -20-шы ғасырдың басында Абыралының төрт болысының малының саны 53156 бас жылқы, 22908 бас сиыр, 315416 бас қой болған. Ал 150 жыл бұрын бұл өңірде 70-80 мыңдай адам тұрып, жарты миллион мал өріске шыққан деген деректер бар. Полигон ата-бабамыздың дәстүрін құртты. Жығылған үстіне жұдырық тиіп, тоқсаныншы жылдарғы жекешелендіру қатты тиді. Оны қалпына келтіріп, анау қаңырап бос жатқан даланы қайтадан малға толтыру қажет. Міне, Елбасының да жоғарыдағы сөзінде осы ишара жатыр емес пе. Бағдарламаның өзі де осылай аталады: «Семей полигонын сауықтыру бағдарламасы»,-деп. Иә, аңғарған кісіге, полигонды ұлттық қасіреттен-ұлттық мақтанышқа айналдыру қажет деген сөздің астарында талай салмақ жатыр. Жапондар Хиросима мен Нагасаки қалаларын қалайша гүлденген калаға айналдырды, солай ету керек. Олар ядролық бомбадан қасірет шеккен адамдарды «Хибакуша» деп атайды. Жапонша болса да, осы бір сөзде таяныш болар аяныш, тіпті мүсіркеу барын сезесің. Осы екі қалада дүниеге келгендер бертінге дейін туған қалаларын жасыруға тырысқан екен. Сондықтан Жапонияда некелескен кезде азаматтың туған жері туралы деректі міндетті түрде растайтын қүжатты талап ететін Заң да болған. Ал бүгінде керісінше, осы қалаларда дүниеге келген қыз-жігіт касқалдақтың қанындай қат деп қалжың айтылатын көрінеді. Өйткені, мұнда бүкіл Жапон елі бойынша ең ұзақ жасайтындар өте көп тұрады: 95-тен асқан қариялар жүздеп саналады.
  МАГАТЭ ұсынысы бойынша бұрынғы полигон орнында үш аймақ кұру жоспарлануда. Бірінші аймаққа кезең-кезеңмен шаруашылық айналымына берілетін жерлер кіреді. Біздіңше, енді үш-төрт жылдан кейін полигон жерінің 80 пайызын шаруашылық айналымына беруге болады.Екінші аймақтағы жерді тек 10-15 жылдан соң ғана, біраз шаралар өткізіп барып пайдалауға беруге болар. Ал үшінші аймақтың жайы бөлек. Бұл жерді арнайы маманнан өзге бірде-бір бөгде адамның аяғы баспауы тиіс. Ешқашан!
  Мұндағы радиоактивті заттардың залалсызданып, тарауы үшін мыңдаған жылдар қажет. Бұл аймақ өте қатаң күзетке алынбақ. Одан әрі айтсақ, Ұлттық ядролық орталықтың жанынан кешенді дозиметрия орталығы салынады. Қалаған адам өз өмірінде қанша мөлшерде радиция дозасын алды, міне, осыны жаңағы Орталыққа келіп біле алар еді. Бұл не үшін керек? Бұл ядролық сынақтардан шын мәнінде кім зардап шекті, соны анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекет дәл осы жәрдемге шын зәру жандарға алдымен көмек көрсетуі керек.
  Соңғы жылдары Ұлттық ядролық орталық Семей полигонын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесін үкімет алдына қойып отыр. Семей полигоны осылайша тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге әлемдік қауымдастық қорғайтын ескерткішке айналуы тиіс. Мынандай ұсыныс бар: полигонның кейбір алаңдарын ашық аспан астындағы күзетілетін, қорғалатын ескерткішке айналдыру қажет. Оның үстіне сынақ полигонында маман-физиктердің ғылыми зерттеулер жүргізуі үшін, басқа да радиациялық экологиямен шұғылданғысы келетіндер үшін тамаша жағдай бар.
  Қырық екі жыл бойы Семей полигонындағы ядролық жарылыстар айтақ жерді жұт жерге айналдырып, табиғат пен адамдарға зиянды әсерін тигізді. Бүгінгі таңда полигонның аумағы да баяу әрекет ететін экологиялық бомба, жасырынып жатқан ошақ және әлі күнге дейін зерттелмеген қауіп секілді. Мамандар қандайда бір радиациялық сәулеге ұшыраған қазақстандықтардың жалпы саны жүз мыңдаған адамнан асып кетті деп есептейді. Олардың бағалауы бойынша Семей полигоны маңайындағы радиацияға ұшыраган жердің нормаға келуі үшін кемінде 300 жыл керек екен. Осы фактілердің бәріне қарамастан, ғалымдар полигон аумағындағы барлық жерді жақын арада шаруашылық айналымына қайтару туралы идеялар көтеруде.
  Ана бір жылы Ұлттық ядролық орталығының экс-Бас директоры Қайрат Қадыржанов журналистерге берген сұхбатында: «Полигон аумағындағы жерді зерделедік. Ең бастысы, полигон аумағына шаруашылық жұмысын шексіз жүргізуге болады! Бұл тақырыпта ұзақ уақыт жұмыс істеп, өз идеямызды ұсындық . Семей полигонын 10 жыл ішінде 2-3 мың шаршы километрге бөліп, шаруашылық айналымына айналдырамыз» деп бірнеше рет мәлімдеген болатын. Алайда тұрғылықты халық бұл хабарға қуанбады, «Басқа мемлекетте басқаша болар, бірақ Қазақстанда жер жеткілікті. Қазіргі кезде он мыңдаған құнарлы жер бос жатыр, - деген де уәж айтылды.
  Қайдам, бұл жақсы ниет мүмкін бе екен деп те ойлайсың үміттің соңғы жібін үзгің келмесе де. Радиациялық қауіпсіздігі институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіздік пен метеоролог саласындағы маман Лариса Птицканың сөзін тыңдасақ, «Бұрынғы полигон» деген ұғым жоқ және болмайды да. Радионуклидтер жерасты суларымен топырақ бетіне шығады. Желмен көтеріліп, ұзақ жерге дейін жетеді. Радиоактивті ластану жел болган кезде 1000 есеге артады. Шаң- тозаңды жел болған кезде радиацияның көтерілуі бірнеше есеге артып кетеді. Осылайша, радионуклидтер адам организміне түсуі мүмкін. Полигондағы топырақ жамылғысының кез келген бұзылуына жол бермеу қажет. Егер топырақ жамылғысының ең жоғарғы қабаты бұзылатын болса, онда еш нәрсені қалпына келтіру мүмкін емес. Алайда ең басты фактор - бұл антропогендік, яғни адамның рұқсат етілмеген қызметі. Полигонның аумағы қазып тасталған. Нәтижесінде 15-20 тереңдікте жатқан нуклидтер көтеріліп, басқа жерге ауысады. Полигон шекарасындагы кез келген шаруашылық қызметке радиациялық қауіптің тонбеуі мүмкін емес. Ондағы жерді қалпына келтіру үшін бір мезгілде шамамен екі миллион гектар жердің үстінгі қабатының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау керек. Келесі рекультивация кезінде радиоактивтер басқа жерге ауысады, осылайша шексіз көше береді.
  Ал Семеймен тағдырлас Невада штатында полигонға қарасты жерді шаруашылық мұқтажына беру туралы мәселе ешқашан көтерілмегендігін атап өту қажет. Өйткені, олар ең болмағанда, ластану деңгейін анықтау үшін және салдарды жою үшін нақты айқындайтын құрал жасауға уақыт керек екенін түсінеді.
  
   6. Өткен – өтті
  Тамыздың 29-ы күнгі конференция Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалының касында мыңдаған адамның қатысуымен өткен жиынмен жалғасын тапты. «Өлімнен де күшті» монументі басына гүл шоқтарын қойып, Семей ядролық полигон сынақтары құрбандарын еске алып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.
  Бейбітшілік акциясы барысында «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшысы Ясуеши Комизо және «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов ескерткіш тасының жанына Хиросимадан әкелінген «Гингко» ағашының көшетін отырғызды. Бұл көшетті Жапониядан Хиросима каласының мэрі, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының президенті Мацуи Кадзуми сыйға жіберген. «Гинкго» агашы - Хиросимадагы атом бомбалауынан аман қалған ағаш. Сол кезден бастап ол Хиросима қаласы тұрғындарының ерлігі мен үмітінің нышанына айналған. Осыдан кейін акцияға қатысушылар «Бейбітшілік» стелласы алдында сөз алып, Семей жеріндегі тамыздың осы бір тымық күнінің әлем елдерін бейбітшілікке үндейтін маңыздылығына тоқталды.
  ...Неге екенін, ойымызға әрегідік «Орыстар полигон үшін неліктен Семей жерін таңдады екен?»,- деген сұрақ келе береді. Келген сайын атакты түркітанушы Мұрад Әджінің жорамалы ойға түседі.
  «...Ал егер Шамбаланың қыратына екінші қиядан қарайтын болсақ, гул тау бұрынғыдан да қүзды-қиялы келе ме деп ойлаймын. Бұл жерде біз оны Тибеттің аңыз-әфсаналарымен байланыстырмай-ақ алып қаралық. Менің ішкі дауысым айтады: дария-кеуде ғұламалар қаласының ізін Семейдің төңірегінен кесу керек. Бұл түйсіктің сырын түсіндіріп бере алмаспын. Дегенмен, Семей жерінде ядролық қару сынайтын полигонның салынуы кездейсоқтық емес. Кеңестер Одағының картасында Семейден де қиян, аулақта жатқан елді-мекендер аз болған жоқ. Бірақ, полигон үшін тап осы жерді таңдап алған. Өйткені, бұл жердің бір кұпиясы болған. Ол құпияны білген. Мұны маған полигонға арналған жерді таңдауға қатысы бар бір адам айтты. “Социализмге зиянкес қауесет тарап жүргендіктен” деді ол кісі. Тегі, Семейдің аты жер жарған өткен шағы (арман- аңыз шағы) туралы біреулер Мәскеуге хат жолдаған сияқты. Қысқасы, дәл қандай екенін білмеймін, әйтеуір жоғары жаққа бір дабыл түскен. Сөз жоқ, бұл жерде біз тек қана бір түйсікке сеніп отырған жоқпыз...Батыстағы «Капустин Яр» полигонын ашарда Нарынның бойын жайлаған жұртты жер аударғанда сол елдің ішінде болған қазақтың танымал ақыны марқұм Қайрат Жұмағалиевтің осы қасірет жайында айта келіп, «...дәл осы қазақтың руханияты қайнап шығып жатқан жерге әкеліп полигон салды. Қазақ: «Шөптің өзі жер таңдап өседі» дейді емес пе. Сол сияқты еліміздің екінші қиыры - Абай-Шәкәрім-Мұхтарлар туған нәрлі топыраққа апарып тағы бір алапат полигон орнатты. Осылай ұлттың рухы қайнап-пісіп, түлеп-жетіліп жатқан топырақты тамырына дейін құртты...», - деп ашынғаны да есімізде. Бағана Әуезов күнделігінің он бойынан сан тарау қасіреттің салмағынан сабырын жоғалтпаған жапондардың кесек мінезі байқалып отыратынын айттық. Ендеше, біз де сабыр түбі сары алтын дейік. Өткен - өтті. Ажал шашқан аждаһа келмеске кетті. Жара да жазылар бірте-бірте.
  
  Төлеуов С. Аждаһа үні өшкен күн.// Абай – 2014 - №4 – 3 б.