Сынақ салдарынан зерттеу жалғаса береді


  29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Бүкіләлемдік маңызы бар осынау датаның дүниеге келуінде Қазақстанның рөлі зор екендігі мәлім. Семей сынақ алаңын жабудан бастап, өзге де ядролық қарулардың адамзат өміріне қауіп тудырмауын тынбай айтып келе жатқан Елбасы еңбегін алыс-жақын шетел жұрты оң бағалауда.
  Қазақстан басшысының қадамы Семей жерінде бірінші күннен бастап қолдау тауып, халық белсенділігі артып отыр. Соның бірі – Семей мемлекеттік медицина университеті базасында «Экология. Радиация. Денсаулық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының тұрақты өтіп келе жатуы. Биыл 29 тамызда сегізінші рет жалғасын тауып отырған бұл конференция осы университеттің 60 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Дүние жүзінің 6 мемлекетінен және еліміздің ғалымдары мен арнаулы мамандарының басын қосатын жиын жөнінде Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рақыпбековті сөзге тарттық.
  -Төлебай Қосиябекұлы, «Экология. Радиция. Денсаулық» атты конференцияның 8-ші рет жалғасқаны оның маңыздылығын білдірсе керек. Бұл халықаралық басқосу өзінің әу баста алдына қойған мақсатына қаншалықты қол жеткізе алды?
  -Халықаралық ғылыми конференция мақсаттары – елімізде және шетелдерде радиация әсерінің медициналық-биологиялық зардаптарын түбегейлі зерттеу. Осы зерттеулер нәтижелеріне орай болашақта мәселелерге басымдық берілуін анықтау. Істен шыққан ядролық отынды көмуге атсалысып, радиациялық кауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қолымыздан келгенше Чернобыль және «Фукусима-1» атом стансаларындағы апаттар тудырған зардаптар мен экологиялық қолайсыз аймақтар тұрғындары денсаулығына қоғамды тарту. Конференцияға қатысушылар негізінен дүние жүзіндегі радиациялық медицина мен экология мәселелерін және оларды шешудің жолдарын да талқылады.
  Еліміздегі жалпы генетика және цитология институты, ҚР Ұлттық биотехнологиялар орталығы, Курчатовтағы радиоциялық кауіпсіздік және экология институты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, Қазақ тамақтану академиясы, Семейдегі радиациялық медицина және экология институты, «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысы өкілдері, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Финляндия, Үндістан елдерінің медицина ғалымдары аталмыш конференцияның тұрақты мүшелері.
  Бір айта кетерлігі, биылғы жиындағы түрлі ұйымдар мен жобаларды басқарушылар біздің ЖОО-ның әр жылдардағы түлектері. Олар еліміздің медицина ғылымына, денсаулық сақтауды дамытуға үлкен үлес қосқан мамандар.
  Басқосу мақсатының тағы бір парасы – экологиялық жайсыз аумақта тұратындарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру, мәселелерді ғылыми жүйемен реттеу, арнайы бағдарламаға енгізу. «Радиациялық экология және радиациялық қауіпсіздік», «Экологиялық қолайсыз аумақтардағы клиникалық медицинаның өзекті мәселелері», «Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын халық денсаулығын оңалту» секілді нақты бағыттардың жұмысына баға беріледі.
  Осы конференция аясында Қазақстан, АҚШ, Жапония, Еуропа, Ресей, Украина, Тәжікстан, Беларусь мемлекеттерінің ірі ғалымдарының қатысуымен радиациялық экология және қауіпсіздік, клиникалық медицина және экологиялық жағымсыз аумақтарда тұратын тұрғындарды оңалту мен емдеу және алдын алу мәселелері бойынша жайттар талқыланады. Тыңдалған және талқыланған баяндамалар мен ұсыныстар медицинадағы ғылыми-тәжірибе айналымын байыта түсетіндігімен құнды.
  - Бұл жиынға шетел ғалымдарының тұрақты қатысып, зор белсенділік танытып келе жатқандығы да тәнті боларлық жағдай. Сынақ зардаптарын түбегейлі зерттеп келе жатқан ғалымдар қандай нәтижелерге қол жеткізіп, нендей тұрақты тұжырым жасады? Бастапқы басқосулардағы баяндамалар жеміс берді ме?
  - Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген орасан ядролық қару сынақтары жүздеген мың тұрғынның сәулеленуге ұшырауына және Қазақстанның ауқымды жерінің радиациялық белсенді заттармен ластануына әкелді. Әуелде иондаушы сәулеленуге ұшыраған тұрғындар арасында ісік және генетикалық аурулар таралуының қаупін анықтау қажет болды. Бұдан басқа соматикалық әсерлер, оның ішінде, ең бастысы, қан айналымы мен эндокринді жүйелер бар. Қазіргі уақытта сәулеге ұшыраған ата-аналардан дүниеге келген ұрпақтың ағзасындағы патологиялық өзгерістердің туындауына радиация әсерін зерттеу мәселесі пайда болып отыр.
  «Халық денсаулығына жағымсыз әсердің алдын алу үшін экологиялық қауіпті минимизациялаудың ғылыми негізделген технологясын жасау» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша біздің ғалымдар адам бойындағы иондаушы сәуле әсері олардың 2-3 ұрпағына мультифакториалды жалғасатындығын зерттеп келеді.
  Алдын ала нәтижелер бойынша ионды сәуле тұрғындар арасында остеопороз, гинекологиялық аурулар, әйелдердің сүт бездері аурулары, қан айналымы жүйесінің аурулары, иммундық жүйенің бұзылуы және де артериалды гипертония, балалар мен жасөспірімдер арасында зәр шығару жүйесі ауруларының жиелуін арттыратындығы анықталған.
  Радиация зардабы ықшамдай отырып қауіпті жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар денсаулығын жақсарту бағытында жаңа инновациялық әдістер әзірлеудеуміз. Радиация әсерлерінің алдын алу мен емдеудің тиімді тәсілін практикаға енгізу бүгінгі күннің стратегиялық бағыты болып табылады. Алдын алу ішараларын нығайтып, скринингтік зерттеулерді жетілдіруді, негізгі әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуді одан әрі дамыта түспекпіз. Бұл бағытта біздің ЖОО 2011-2015 жылдардағы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыруды көздейді.
  «Экология және радиация» тақырыбы Семей медициналық университетінің ғылыми-зерттеу нысанасының басым бағыты болып қала береді.
  - Сіздің бастамаңызбен шетелдік институттармен байланысты арттырып озық тәжірибелерін үйренуге қатысты бірнеше жобалар жасалғанын білеміз. Соның ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен жерді залалсыздандыру мен ел денсаулығын сауықтыруға қатысты қадамдар жоқ емес екен. Тәжірибелі ғалым ретінде сізді осы мәселеге қатысты қандай сауалдар мазалайды?
  - Осы уақытқа дейін біздің білім, ғылым және практикалық қызмет салаларындағы әріптестікті дамыту мақсатымен 20 шетелдік университетпен және ғылыми мекемелермен келісімшарт жасалды. Олардың қатарында Жапония, АҚШ, Сингапур, Израиль, Корея, Үндістан, т.б. елдердің мақтаулы оқу орындарымен байланыс қалыптасқан. Мысалы, Нагасаки университетінің медицина факультеті осы конференцияға жыл сайын қатысумен бірге, «Семей ядролық полигоны тұрғындары арасында қалқанша без обырының этиологиясы» тақырыбын бірлесе зерттеп келеміз. Келесі әріптесімізбен «Мир-Казахстан» бірлескен жобасындағы ядролық сынақтан радиацияға шалдыққандарды радиологиялық және радиоэкологиялық жағдайларды мультиорталықтық зерттеуде бірлесеміз. Сондай-ақ «Радиациялық медицина» және «Биофизика» мамандықтары бойынша магистрлерді даярлаудың біріккен бағдарламасы аясында білім алушылар оқудан кейін Қазақстан жәнеАҚШ дипломына ие болады.
  Семей мемлекеттік медицина университеті зардап шеккен аумақ халқын одан әрі оңалту мақсатында осы мәселелермен айналысуды өзінің міндеті деп санайды. Осы бағытта барлық дүниежүзілік қоғамдастықты тарта отырып, біз адамдар денсаулығын сақтау және нығайтуға – жоғары мақсаттарға қол жеткізуге үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл конференция мінбері нақты бағыттағы ашық әңгімеге тарту, пікір білдіру, сұхбаттасу, мәселелер шешімін іздеу мүмкіндігі. Бұл бағытта табыстар мен жетістіктер бар.
  Қорыта айтарым, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүгінгі таңда барша адамзаттың қауіпсіздігі жолында ядролық қарудың дүние жүзінде таралмауын үздіксіз айтып келе жатқан бірден-бір мемлекет басшысы. Біздің конференциямыздың халықаралық деңгейге ұласуына Қазақстан Президенті беделінің зор ықпал еткенін мақтанышпен айта кеткім келеді.

Қайрат Зекенұлы

Сынақ салдарынан зерттеу жалғаса береді. // Егемен Қазақстан.- 2013.-10 қыркүйек .-б.3.