Сағыныш

  Салдыр-гүлдір ауыр жүк машинасының кілт тоқтаған даусы естілісімен, үйдегілер шу ете түсті:
  - Төлеубек! Төлеубек шофер ғой!
  Есікті тарс еткізіп ашып, өне бойы шаң сасып, бензині бұрқырап, кіріп келе жатқан дәу сарыны мен де бірден таныдым. Сол. Соның өзі.
  Әкесі соғысқа кетіп оралған жоқ. Шешесі шүйкедей ғана кішкене кісі еді. Шаруасына пысық, тиянақты болатын. Майданға аттанарда күйеуі салып берген, ортасы пешпен бөлінген шағын қоржын үйін жұмыртқаның ұясындай етіп, тап-таза ұстайтын. Іші-сыртын сылайды, аппақ етіп ағартады. Қара қожалақ көп құжыра ортасында бұл бір әдемі арал секілді. Су сеуіп сыпырып, тазалап, үй-айналасында көлденең қылшық қалдырмайды.
  Төлеубекті көрмегеніме, ойлап отырсам, отыз бес жылдай уақыт болған екен. Жетінші класты бітіргеннен кейін ол шоферлер курсына түсем деп, Қарағанды жағындағы нағашыларына кеткен. Содан көріп отырғаным осы.
  Қояр да қоймай, қолды-аяққа тұрғызбай, зорлағандай етіп алып кетті. Бұл өңірде кездесетін, мәнісін біліп салған, сыңғырлап тұрған алты бөлмелі үйі бар екен, сыртқы қоршауы, ауласы, қора-қопсысы бәрі қала үлгісінде. Қонақ бөлме – залдағы заттары, жиһазы бәрі жарқырап тұр. Төлеубектің әйелі қаланың қызы екен, кісі күту, дәм әзірлеуі – барлығы тап-тұйнақтай.
  Өткен-кеткен айтылды, бала кез еске түсті, көбінесе Төлеубек сөйлеп отырды:
  - Қарағандыны көрген шығарсың. Қала деп соны айт, әне. Әсіресе ауылдан барған балаға керемет әсер етеді ғой. Нағашым мені шофер курсына емес, кенші дайындайтын училищеге берді. “Мұны бітірсең, тамағың тоқ болады, келіншек тауып берем, шахтадан үй аласың, шешеңді көшіріп әкелеміз”, - деді. Соның бәрі де болды. Жер астына түстім, ақшаны күреп таптым. Апам ылғи балконға шығып алып, далаға қарайды да отырады. Ол кісі орысша қайдан білсін, ешкіммен сөйлесе алмайды. Ылғи ішқұса болып, тұншығып жүргенінде, ауыл жақтан таныс біреу келсе, жарылып қуанады. Жылы-жұмсақтың бәрі соның аузында, хан күткендей әбігер. Өзі білетін адамдарды, көрші-қолаңды, ауыл-аймақты түгел сұрайды. Басқаны айтпағанда, кімнің сиыры бұзаулады, кімнің биесі құлындады, кім қанша шөп шапты, кім қанша отын түсірді – осының бәрі сұралады. Қонақта да, апамда да түнімен ұйқы жоқ: күбір-күбір әңгіме. Ақырында жолаушының тізгініне оралып, “Жата тұр. Қайда асығасың? Демалып кет”, - дегенді шығарады. Біреу-міреу келіп қала ма деген үмітпен елегізіп, апам есік тықырына, телефон сылдырына құлақ түріп алаңдап отыратын болды.
  Оны айтасың, бірте-бірте қала тіршілігі мені де жалықтырды. Жұмыс орның – шахта, жер асты; ылғал, қапырық, көмір, тозаң, шақыр-шұқыр, жер бетіне шықсаң, тағы у-шу, тау-тау үйілген көмір – террикон. Ақшаны күреп таптым дедім ғой, машина алдым, үйді затқа, ағашқа толтырдым. Балалар өсе бастады. Суретім тақтадан түспейтін болды. Бірақ көңіл олқы. Бірте-бірте апамның жер сағынышы, туған топырақты аңсау ауруы маған ауды. Бұл да бір дерт екен. Бұрын шахтаға түскен соң, бәрін ұмытып кетуші едім, енді бәрі жайына қалды. Есіл-дертім, аңсар-ойым – ауыл, туған жер, Қайнар болды да тұрды, - деп Төлеубек басынан кешкен халдерді, тіршілік хикаясын ағыл-тегіл ақтарып отырды.
  Совхозға қазір ең сыйлы механиазтордың, маңдай алды шофердің бірі екен. ӨЗі де ішіп, өзгелері де тақымдап ішкізіп отыр. Арақ-шараптың неше түрлісін жәшіктеп алғызып қойыпты. Бұл аудан ішімдікке тиым салып, басқаларға ұран тастап, бір шиша ащы су табу қиындыққа айналғанда, Төлеубек саспапты. Қарағандыға ескі кенші достарға бір-ақ тартыпты, сөйтіп, керектісін бірнеше машинаға тиеп әкепті, кейін басшылардан сөз естіпті, үйреніп қалған ауыз, кеберсіген кеңірдек қойсын ба, әлі де түнделетіп Қарағандыға тартып кетіп тұратынын жасырмады. Бір сәт Төлеубек арақтың аузын ашып жатып:
  - Мені жұрт сыртымнан шофер Төлеубек, кейде ішкіш Төлеубек дейді. Алғашқы балалары өліп қала берген соң, біздің ауыл кейінгілерінің атын Төлеужан, Төлеухан, Төлеубек деп қоя берген ғой, сондай көп Төлеубектің бірі – мені, өзгелерден ажырату үшін әуелде шахтер Төлеубек деуші еді, кейін шофер Төлеубек, қазір ішкіш Төлеубек атандым. Несіне жасырайын, осы ауылда менен көп ішетін ешкім жоқ. Ішуді қашан бастадым? Қарағандыға барғаннан кейін, училищеде оқып жүргенде. Үлкен жігіттер, бәрі солдат болған, көрмегендері жоқ, ылғи қу мүйіз. Инемен тесіп отырып, білегіме оратылған жылан суретін салды. Соларға ерегескенде, тістеніп алдым, көзіме жас келген жоқ. Ішуді де солар үйретті. Мақтанды деме, қанша ішсем, мас болған емеспін. Аса көбейіп кеткенде, неге екенін кім білсін, еңіреп бір жылап алам. Содан кейін қалай қор ете түскенімді өзім де білмеймін. Талай рет қойып кетіп, қайтадан бастадым. Соңғы жылдары күнде ішетін болдым. Арақ ішсең, сәуле ауруына, ракқа жеңдірмейсің деген сөзді малданып жігіттер ғана емес, әйелдер, тіпті кемпір-шалдар да ішетін болды. Бәрінен жан тәтті. Дауасы бар десе топырақ асаудан қашатын түріміз жоқ. Кейінгі кезде бір сұмдығы – рульде келе жатып көзім ілініп кететін болды. Өй, сен тартынба. Алып қой. Ішіп жібер. Арақ тұрған жерде радиация тұрмайды. Арақ бәрін айдап шығарады. Біздің жанымызды сақтап қалып жүрген осы арақ қой. Арекең, Ақмағамбет, Ақаң дейміз, тажалдың дауасы дейміз. Білгішсінген біреулер ішпе дейді. Ішпесек, күнде бұрқырап жарылып жатқан ядролық сынау ауданында тұратын біздер қырылып қалмаймыз ба? Жанымызды сақтап жүрген осы арақ, тажалдың дауасы, - деген Төлеубектің көзінің қиығы қызара бастады.
  - Өй, сендер ауылға неге келмейсіңдер осы? Сағыну деген болмай ма сендерде? – деп тиісті.
  - Жылына алатының бір айға жетер-жетпес демалыс. Қол тимейді, уақыт жоқ, - деп сылтау айта бастағанымда, Төлеубек тағы сөзді бөліп, ешкімді тыңдамай, қолын сермеп тастап, дүркірей жөнелді.
  - Темекі тартып отырып, бұлақ басында шоферлар кейде жоқтан өзгеге дауласамыз. Қызыл кеңірдек боламыз. Бұрынғы өткен анау батыр, қазіргі пәлен мықты біздің ауылдан деп бөскенде көр, сен, бізді: айдарымыздан жел еседі-ау, жел еседі, бөркіміз қара қазандай болады.
  Анау Шәкең, генерал, мына Қаратұмсықта туыпты. Бір рет сол кісі келеді деп осы жұрт түгел дүрлікті. Үй сыланды, қора-қопсы жөнделді, көше сыпырылды. Мал дайындап, киіз үй тігіп қойды. Әнші-күйшілерді жинады, сұлу келіншектерді күтушілікке әзірледі. Екі көзіміз төрт болып, жол қарап, қанша күткенімізбен, ол кісі келмеді. Суретін көрдім, осында жиендері тұрады ғой, солардың үйінде бір қабырғаны түгел алып ілулі тұр: шашы тікірейген, ұзын бойлы кісі екен, нағыз генерал формасында. Неге келмей кетті екен? Әлде денсаулығына қатер болар деп қорықты ма? Генерал қорқа ма екен? Генерал қорықпауға керек еді ғой.
  Анау Рекең, министр, Мыржықтың бауырында туыпты ғой. Ой, ол нағыз сабаз екен. Сөз жата ма, біздің жақтан кісі барса, есігін ашып қояды деп еститінбіз. Жас па, кәрі ме – бәрібір. Ауру-сырқау, қаріп-қасерге түгел қол ұшын береді екен. Студенттер бірі етігін, бірі көйлегін, бірі тонын киіп жүре берсе, не әйелі, не өзі қыңқ етпейді. Талай жігіт пен қызды солар аяқтандырыпты. Қойшы, әйтеуір, сыртынан жұрт мақтаған сол кісі ауылға бір рет келгенде, мен оны көрдім. Өзі де дәу-ақ екен, менен ұзын емес, бірақ кеудесі арыстанның кеудесіндей, екі иығына екі кісі мінгендей, балтыры бесіктей, басы қазандай, нағыз шомбал сарының өзі екен. Кісіге қарағанда көзі күлімсіреп сөйлейді. Министр болмаса, не нағыз шахтер, не нағыз шофер болатын ердің өзі ме дедім. Ақмағамбетіңді де сілтеді, бізден қалысқан жоқ. Содан кейін ол да келмей кетті.
  Анау Ақаң да, академик, осы Абыралының бауырында туыпты. Мектепте оқыған “Қазақ тілін” жазған сол кісі екен ғой, оны кім білген. Қазір ол кітап менің балаларымның қолында жүр, енді немерелерім содан оқитын шығар. Жарықтық өзі де сексен-тоқсандарға келген шығар. Осындағы қаусаған шалдар: “Ақаң бала кезінен зерек еді. Молданың алдын бірге көріп едік. Қаршадайынан араб, парсы, түркіні біліп, “Құранды” жаттап, шариғатты судай ағызатын. Біз ойын қуғанда, ол ала қағазға үңілді. Сол ала қағазда тапты ғой барлық несібе-дәулетін, абырой-атағын”, - деп отырады. Елуінші жылға дейін жиі келеді екен, қазір сол кісі де туған жерге ат-ізін салмай қойды.
  Газеттен оқимыз, телевизордан көреміз, радиодан естиміз: пәленшекең деген ғалым, жазушы, композитор туған жеріне барып кездесу өткізіпті. Сонда мен ойлаймын, біздің мықтылар неге келмейді деп. Күтіп ала алмаймыз ба, құрметке жоқпыз ба? Себеп, мен білсем, басқада шамасы. Жандарынан қорқады бәрі де. Радиация деген тажалдан шошиды. Әйтпесе менің марқұм жаман анам мына тұрған Қарағандыға сыймай, ауылды сағынып, осында бір тығып кеткен көмбе алтынымыз бардай-ақ, қаладағы ыстық су, жайлы үй, дәмді тамақ, ақшасы көп жұмысты тастап, Қайнарға көшіп келгенде, халқымызға тұтқа болған, атақтары жер жарған генерал, министр, академик ағаларымыз туған ауылын сағынбайды дегенге мен сенбеймін.
  Олардың жандары тәтті болсын, ал жаман-жәутік инженер, қаланың қабырғасы қабысқан жатағы, саған не жоқ? Сендер неге келмейсіңдер, ей. Сағынбайсыңдар ма, сағынбай қалай өмір сүруге болады? – деп Төлеубек енді маған жабысты.
  Осы кезде қонақ бөлмеге солдат киіміндегі біреу кіріп келді. Сөйтсек, осы үйдің баласы екен. Қолдан домбалдап жасаған ағаш мылтық асынып алыпты, қылышы да бар. Келе сөйлей бастады:
  - Көрдіңдер ғой, тағы бәрін қырып салдым. Түк қалдырмай дұшпандарды жағып жібердім. Бәрі күл боп ұшып кетті. Күл! Топырақ! Шаң! Әне, газ, газ! – деп саусағын шошайтып, көзі алайып бір нүктеге қарады да қалды. – Ертең Дегелеңге барып, бомба әкелем. Әй, аға, саған бомба керек пе, айт, қандайы керек? Қызыл? Жасыл? Сары? Ұзын? Қысқа? Неге үндемейсің? – деп менің қасыма жетіп келді де, дастарқаннан алма алып, тағы сөйлей бастады: - Мынау, міне, бомба. Жарып жіберейін бе, бәрің аспанға ұшасың да кетесің. Төсек, кітап, машина, үй, бейіт, тау, бәрі де аспанға ұшады да кетеді, мен де ұшам. Мен де аспанға ұшам. Күл, топырақ, шаң аспанға ұшады. Әне, газ, газ! – деп бала сыртқа жүгіріп шығып кетті.
  Төлеубек ауыр күрсінді:
  - Менің ұлым. Жасы биыл тура он бесте. Қарағандыдан көшіп келген соң, бір жылдан кейін туды. Атын Қуанышбек қойдық. Рейске өзіммен ылғи бірге алып жүруші едім, далаға, өзен-су жағасына талай қондық. Бесінші класта оқып жүргенде, аяқ астынан ауырды. Ылғи айтатыны соғыс әңгімесі: Қыру, Жою. Мұндай сырқаттар, неге екені белгісіз, көбейіп кетті. Асылып өлуші бар. Біреулер жарылыс, сынақтардың әсері дейді, кім білсін. Құрысын бәрі, отыз бес жылдан кейін әрең кездесіп отырмыз, қане, алып жібер, бұдан кейін жолығамыз ба, жолықпаймыз ба? – деген Төлеубек аздан кейін диванға жатып, қор ете түсті.
  Ауылға тағы бір барғанда естідім: Төлеубек ішіп алып, рульде ұйқтап кетіп, ұлы Қуанышбек екеуі жардан құлап опат болыпты.

Рымғали Нұрғалиұлы// http://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=10281