Форум – жаһандық қауіпсіздікке қадам


  Биыл әлемдік басқосу үшінші мәрте Семей топырағында табыспен өтті. Халықаралық дәрежедегі жиын өткізуге Семей - сенімді қала. Қасиетті елдің қасіретінің куәгері де осы шаһар. Сондықтан қарусыз әлем қалайтын адамзат баласы қонақжай қазақ жеріне жыл сайын жиналуды дәстүр деп біледі. «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» тақырыбындағы үш күнге созылған форум биыл да әлем назарын аударып, Семейге шетелдіктердің ат басын бұрғызды.
  Конференцияға әлемнің 75 елінен парламенттер мен үкіметтердің, 20-дан астам халықаралық және қоғамдық ұйымдардың республикалық және шетелдік БАҚ-ның өкілдері қатысты. Семей топырағына табан тіреген жүз қырыққа тарта делегат үш топқа бөлініп, Семейдің бірқатар әлеуметтік нысандары мен денсаулық сақтау мекемелерін және мәдениет ошақтарын аралады.
  Сынақтан зардап шеккен Семей өңірінің тұрғындарды мемлекеттік ғылыми автоматтандырылған медициналық тіркемелерін әзірлеу мен жүргізу де осы радиологиялық институт еншісінде. Форумға қатысушы меймандар институттың зерттеу жұмыстарына өз оң көзқарастарын білдірісті. Зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытты. Меймандар көтерілген және зерттеліп жатқан жобалардың аса маңызға ие екендігін тілге тиек етті.
  Форумға қатысушылардың бір тобы Семей өңірлік онкологиялық диспансерінің озық үлгідегі жүмыстарына оң бағасын берді. Заман талабына сай жабдықталған радиологиялық орталықта болды. Ал екінші топ дәл осы күні Курчатов қаласына сапар шекті. Бұл жерде шетелдік қонақтар ұлттық ядролық орталықта болып, отандық ғылымның жетістіктерімен танысты.
  Осыдан соң кешкісін Семейдегі Полковничий аралындағы «Өлімнен де күшті» ескерткіші мен “Бейбітшілік” стеласының жанында бірнеше мың адамның қатысуымен митинг өтті.
  Әлемнің көптеген елдері парламенттерінің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, аймақ тұрғындары ядролық қаруға қарсы митингке қатысты. Олардың барлығын бір мақсат-ядролық қарусыз әлем үшін күрес топтастырды.
  Дәл осы жерде, Семей ядролық полигонының құрбандарын еске алу орнында Морияма Хироюки халықаралық парламентшілердің Қазақстан Президентін Нобель сыйлығына ұсыну бейбітшілік бастамасын жария етті.
  Ол «Жапония мен Қазақстанды қайғылы ядролық оқиғалар бірлестіретінін» атап өтті. Және Нүрсұлтан Назарбаев пен оның халқы таңдаған ядролық қаруға қарсы бағыт жапон халқына ерекше жакын және түсінікті екенін айтып өтті.
  Морияма Хироюки мырза Қазақстан халқына «ядролық қаруға қарсы таңдауы» үшін алғысын білдірді.
  Қазақстандық ядролық қаруға қарсы бастамаларды қолдап, Канада Парламентінің халықаралық істер жөніндегі комиссияның мүшесі Пол Дювар, Польша Сенатының халықаралық істер жөніндегі комиссиясының төрағасы Влодзимеж Цимошевич, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, Семей қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Невада-Семей» антиадролық қозғалысының мүшесі Амантай Доғалақов және тағы басқа көптеген адамдар сөз сөйледі.
  Жиналғандар Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 21 жылдығына арналған 13 мың адамдық митингіде басты идеясы адамзатты бейбітшілік пен достыққа шақыру болатын бірегей Бейбітшілік Мұражайы құрылысы орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Өресі биік елдің өнер ордаларьн аралаған меймандар Семейдің полигон сынағынан зардап шеккен аймақ қана емес, тарихи һәм мәдени орда екендіктеріне көз жеткізді. Шаһардың шын келбетін таныды.
  
  

Жанатұлы Е. Форум – жаһандық қауіпсіздікке қадам // Семей таңы. – 2012. – 21 қыркүйек. – Б. 2