Олжас Сүлейменов және «Невада-Семей» қозғалысы

   Семей полигоны, ядролық қару-жарақтың адамзатқа тигізер зардабы туралы материалдарды қарастыру барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» атты «Атамұра» баспасынан 2003 жылы шыққан кітабымен кеңінен таныстым. Атом полигонының әсері туралы көп мәліметтерім бар еді, ол деректе Президентіміздің бәрін нақты деректерге сүйеніп жазған осы кітабынан кейін көмескіленіп, Елбасымыздың ядролық қарудан неге бас тартқанын толық түсінгендей болдым. Әрине, қолында қуатты қаруы бар мемлекеттен өзгелер сескену арқылы санасады, ал біздің басшымыз бейбіт жолды тандау арқылы әлемге жаңа көзқарас енгізгендей болды. Бейбіт өмір - барлық адамзаттың арманы, ядролық қаруларды сынақтан өткізу арқылы жетілдіру ғылымның міндеті, сол ғылым, ғалымдар еңбегі қандай күштің қаруына айналып отыр, адамзат одан не ұтады, соны Елбасымыз бізге қысқа да нұсқа түрде салыстырмалы мәліметтермен жеткізген. Ядролық қаруды дамушы елдер жаңадан жасап жатқан кезде Қазақстанның одан бас тартуы расында да өзгелерді таңқалдырар жайт... Семей полигонын ашу туралы бұйрықты қарасақ, онда тек істің құпия түрде жүргізілгенін байқаймыз, яғни, Семей мемлекет ішіндегі негізгі құпия орындардың бірі болған, ол туралы көп нәрсе жария етілмеген. Кейіннен «Неге полигон орыны ретінде Қазақстанның Семейі таңдалды?» деген сұрақтарға «Жер көлемі кең, адамдар сирек мекендеген...» деген сияқты жалтартпа жауаптар берілген. Тіпті, «Семейдің ауасы Кремльдің ауасымен бірдей» деушілер де болды. Мұның бәрі айналып келгенде, Кеңестер өкіметіне Қазақстан халқының денсаулығы, тағдыры маңызды емес, тек полигонда жүргізілер сынақтар нәтижесі ғана керек екендігін көрсетеді. Жер керек, елдің тек тәжірбие жасайтын нысана, яғни, дәрігерге тәжірибеге қоян, егеуқұйрык қалай керек болса, сонша ғана қажеті болған. Семейдегі соңғы сынаққа 29-тамызда 1991 жылы біздің президентіміздің қатысуымен соңғы нүкте қойылды. Қазақстанда барлық мақсатта 500-дей сынақ өткізілді, оның зияны туралы белгілі ғалымдарымызбен катар мәдениет өкілдері де насихат жұмыстарын жүргізді. Насихат жұмыстары халық санасын бағыттауға арналады. Сондай белсенді тұлғалардың бірі - ақын, қайраткер Олжас Сүлейменов. Олжас Сүлейменов есімі ақындық дарынының арқасында бұрынғы 15 Одақтас республикаға танымал еді. «Адамға табын, Жер, енді», «АЗиЯ» жинақтары аркылы акынның аты шетел асты. Ал осы «Невада-Семей» козғалысын өрістетудегі еңбегі арқылы әлемге әйгілі болды. Әлемдік мәні бар мәселелерді азаматтық рухы биік азаматтар ғана арқалары айқын. Олжас Сүлейменовтың өткір жанарынан тыс қалмаған нәрсе - Семей полигонында өткізілген сынақтар мен жергілікті халықтың одан тарткан зардаптары еді. Халық түрлі болғанмен, Жер-ана -біреу, ядролық сынақтың Қазақстандағы зардаптарының өзге аймақтарға әсері сөзсіз болады, себебі ауа - ортак, су - ортақ, жер - ортақ. Қазақстан талай сынақты басынан өткерді, оттан да, оқтан да аман қалды, бірақ атом-ажалдан аман қалу мүмкін емес, себебі ядролык қару - бейбіт тірліктің жауы, адамның қолдан жасаған зұлымдығы, ол - ұрпақты өшіретін құрал. Сондықтан ақын екі құрлықтағы полигон аттарын қатарластыру арқылы ядролық қаруды сынауға қарсылықты әлемдік деңгейге көтеруге тырысты, «Семейдің қасіретін әлем білсін, әлемнің дауысын Семей естісін» деген ой басым түсті. Бұл «Невада-Семей» қозғалысының адамзатқа тастаған ұранынан әлем ұйқысынан бас көтергендей болды. Иә, Олжас Сүлейменов қазіргі кездегі әлемнің танымал 22 тұлға-философтарының біріне жатады, оның негізгі шығармашылығының алтын арқауы - адамның тәуелсіздігі, жанның бостандығы.
  Олжас Сүлейменов бастаған қозғалыстың әсерінен алдымен Семейдегі полигон жабылды, одан Ресейдегі Жаңа жер, АҚШ-тағы Невада, Франциядағы Муруроа, Қытайдағы Лобнор полигондарындағы сынақ тоқтатылды. Ақын Олжас Сүлейменов бұл күнде саясаткер, философ, бір кезде сезімнің тілін жеткізген өткір тіл енді ойлы философтың сөзін өрнектеуде. Соңғы кездегі бір шығармашылық ізденісі «Мың бір сөз» болса, ол түркі сөздерінің шығу тегімен қатар өзге тілді елдердегі танымал тіркестердің этимологиясын қарастыруда, ақын «сөз жаратылысын, тегін» зерттеуге ден қойған. Ақын, саясаткер, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысы бүгінде әлемдік қозғалыстың тууына түрткі болды. Семей полигонында жарылған сутегі бомбалары Хиросимаға тасталған АҚШ бомбасынан әлдеқайда қуатты екені айтылды, енді сол сынақтардың зардабын елестетудің өзі қорқынышты. Кеңестер Одағы тарағанмен, сол Одақтың саясатын жүргізетін органдар тараған жоқ, олардың 20 жыл үнсіздіктен кейін, өз ішіндегі әлеуметтік, саяси, экономикалық жағдайларды реттеп алған соң, әлемге билік етуге құмарлықтары қайта оянары хақ, сонда баяғы дайын полигон естеріне түсері белгілі. Сондықтан да ядролық сынақтарды бейбіт мақсатқа пайдалану үшін жүзеге асыруда (сылтау ғана) тағы да өзге мемлекет жеріндегі даяр полигон керек болары анық, осыны болдырмас үшін Семей халқының үндеуіне бүкіл Қазақстан қосылуы керек, оны әлемдік қозғалысқа айналдыруды көздеген Елбасы саясатын қолдауымыз шарт.
  Ядролық қару - алапат күш, полигон - тозақ. Әлдекімдер «Ядролық қару сынағы залалсыз» деп жатқанда, Жапониядағы апатқа ұшыраған Фукусима АЭС-і зардаптары төрткүл дүниені тағы бір ұйқысынан оятқандай болды, 2012 жылы Сеулде өткен ядролық қауіпсіздік туралы екінші әлемдік саммитте әлемді ядролық қауіптен құтқару туралы мәселелер қарастырылды. Сол игі істің жалғасы ретінде Елбасымыздың ұйымдастыруымен 2012 жылы 29-тамызында өткізілген, 70-тен астам мемлекет өкілдері қатысқан Астанадағы халықаралық конференцияда адамзатты ядролық қауіптен құтқаруға шешуші үлес қосатын жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру туралы бастама көтерілді (АТОМ). Әлемді ядролық қару зардабынан кұтқару туралы әлемдік қозғалыс құруға Елбасымыз назар аударуда. Бұдан шығатын қорытынды: ақын да, басшы да елдің, жердің, ұрпақтың болашағын ойлап, ядролық апаттан әлемді сақтандыруда. Ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ» деген тұжырымдамасы осы бейбіт қозғалыстың сипаттамасындай. Қазақстан ғана емес, әлемнің бейбіт халықтары ядролық қаруға қарсы, жұмыр жердің бетіндегі тыныштықты сақтауға мүдделі, бірақ әлемнің алпауыт күштері өз үстемдіктерін нығайту үшін ядролық қаруларды сынауға, оны жаңартып жетілдіріп отыруға ынталы. Сондықтан біз осы мақаламыз арқылы да ядролық қарусыз әлемді жақтайтынымызды білдіреміз, онсыз да қазір Қазақстан Байқоңыр ғарышжайынан ұшырылып жатқан ғарыш кемелерінен шығатын гептильге тұншығып жатқанда, Аралдың улы тұзынан экологиялық мәселелер ұшқындап тұрғанда Семей қасіретінің қайталанбауын қалаймыз. Елбасымыз болып, атақты мәдениет, коғам қайраткерлері бастап, қарапайым халық қостап, ұлы қозғалысты жақтауымыз, антиядролық күресті тоқтатпауымыз керек.
   Қазақстан болашағы сонда ғана жарқын болар. Ядролық қару - ғылым жемісі, теңдессіз күш, мемлекеттің үстемдігін білдірер қару, сол ғылым жемісі адамзаттың жауына айналғанда, оның зардаптарын жоятын, адамзатты одан сақтайтын күш - бірлік, теңдік пен адамдық болмақ.
  
  Қуанышбек Ш. Олжас Сүлейменов және «Невада-Семей» қозғалысы // Қазақ тілі – 2013 - №11 – 97 б.