Тамыздың жиырма тоғызы
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жаһанға жалпақ жайылған,
Шықпайсың менің ойымнан.
Сен едің текті елімді,
Ата-жұртымнан айырған.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жанған Күн көкте өшкен күн,
Талай тағдырды шешкен күн.
Абыралымның бауырынан
Абдырап халқым көшкен күн.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Сұмдықты көрген кім болды.
Таң емес сол таң түн болды
Дүниені жұтқан үн болды,
Дүр сілкіндірген күн болды.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Күн емес Алып шар шықты,
Аспан көзінен қан шықты,
Дегелең деген өр таудың
Кеудесінен сол күн жан шықты.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Өлкемді түгел өрт шалды,
Даламды түгел дерт шалды.
Саңырауқұлақ бөліп шығарды
Төрт құбыламнан төрт шарды.
Сұрапыл дауыл соқтырды,
Жарылуға далам шақ тұрды.
Жер менен Көкте тұтасқан
Бұрын болмаған от тұрды.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Қасірет құшты Қайнарым,
Қу, Доғалаң, Тайланым,
Ақбұлақ, Самай, Мәрәмік,
Аққора, Таңат, Мыржық пен
Абыралыдай аймағым.
Баянаула, Қызылтау,
Қарқаралы, Шыңғыстау
Қызылжал мен Сарыжал,
Қаражал мен Қараөлең,
Жатқан бір жайнап далам ең.
Жан дауысыңды ышқынған
Естіді сол күн бар әлем.
Майлықара, Үшқара,
Берікқара сұстана.
Тақыр боп қалды төбелер,
Сыпырғандай алып ұстара.
Аждаһаның аузынан
Алып қалған елімді,
Алып қалған жерімді,
Өшпейтін мәңгі рух пенен
Қазаққа біткен құдіретті
Құдайым берген күш қана.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Өртенді сол күн, ластанды
Қаз дауысты Қазыбек,
Сөзден түйін түйген жер.
Сеңкібай қажы атамыз,
Сеңсеңнен бөрік киген жер.
Өндірбай қалпе бастаған,
Ноха қажы қостаған,
Өлкемнен шыққан қырық қажы
Сәждеге басын иген жер.
Ұлжан мен Ділдә аналар
Өмір бақи сүйген жер.
Алшынбай мен Құнанбай
Алшаңдай басып жүрген жер.
Қаратеке, Бақтыбай,
Жапалақ пен Сартымбай
Қырандайын қомданып,
Батырлар жауды ілген жер.
Сахайып қожа әулие
Саф алтын ғұмыр сүрген жер.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Көзімді менің байлады,
Денеме дерт боп бойлады.
Жер-Ананың ақ шашын,
Ақ шашын жұлып ойнады.
Құстардың тоқтап сайрауы,
Бойымда қаным қайнады.
Өртенді атақонысым
Қырдағы мен ойдағы,
Әміренің әсем әні мен
Жанақ ақынның ойлары,
Абайдың асыл қыстауы,
Тәттімбеттің жасыл жайлауы.
Таптады жерді киелі
Қайдағы мен жайдағы.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Сезімдерімді шарпыстыр,
Ойланар бізге тал түс бұл.
Қасіретті тұңғыш жарылыс,
Оған да өтті алпыс жыл.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Шерменде болған өтті күн,
Желбіреп енді Көк туым.
Елбасым беріп пәрменді,
Полигон жабар жетті күн.
Кеудемді теуіп текті жыр,
Оған да жиырма өтті жыл.
Тамыздың жиырма тоғызы…
Жандырып жанды өрт етті,
Айықпас тәнге дерт екті.
Балалар қанша ерте өтті,
Інілер қанша ерте өтті,
Апалар менен ағалар,
Әкелер менен аналар,
Қарындастар қанша ерте өтті
Тастұғыр мынау өткеннің
Түсірсін еске күллісін.
Орнасын мынау ескерткіш
Сақтасын елдің тірісін.
Жапырақ үшін жайқалар
Өртеңге өсер гүл үшін!
Қазақстаным көркейсін,
Жарылыс мәңгі құрысын!
Таси да берсін берекең,
Арта да берсін ырысың,
Арайлы менің Абыралым,
Шырайлы менің Шығысым!
Тамыздың жиырма тоғызы…
Рамазан айы Ұлы елім,
Алладан тілек тіледім,
Сыйғызып ойды өлеңге.
Жаһанды жұтқан жарылыс
Болмасын енді әлемде!
Тамыздың жиырма тоғызы.
Жақып Б. Тамыздың жиырма тоғызы // Егемен Қазақстан. - 2011. - 27 тамыз. - Б. 20