Ядролық қарусыз әлем – қауіпсіз болашақ

  "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының 25 жылдығы мен халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған ауқымды шара қаламызда 28 тамызда басталды. Шетелдік ғалымдар, саясаткерлер, "Невада-Семей" қозғалысының өкілдері бастаған топ бұл күні Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерге арнайы атбасын бұрды.
  Онкологиялық орталықта жыл сайын бес мыңға жуық науқас ем алатын тәуліктік стационарға арналған 160 төсектік орын және стационарды алмастырушы 40 төсектік орын бар. Жалпы жылына 42 мыңнан астам емделушіге кеңестік көмек ұсынады. Аталған диспансер базасында медицина университетінің медицина ғылымдарының докторы, профессор Д.Р. Мусинов атындағы онкология және радиология кафедрасы орналасқан. Мұнда дәрігерлер мен студенттерге оқыту және тәжірибеден өту жүргізіледі.
  Онкологиялық диспансер көптеген халықаралық ұйымдармен кең түрде байланыс орнатып, нәтижесінде бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылған. Шығыс Қазақстан өңірлік онкологиялық диспансерінің директоры Марат Сандыбаев: "Алғашқы халықаралық ынтымақтастық американдық Халықаралық денсаулық сақтау Одағының USAID жобасы бойынша "Методист" госпиталімен және АҚШ Бейлорлық медицина колледжімен орнаған. Аталмыш жоба шеңберінде өңірдегі қатерлі ісік ауруына шалдығу жағдайын эпидемиологиялық жағынан бақылайтын жаңа бағдарлама енгізілді", - деп атап етті.
  Марат Нұрланбекұлының айтуына қарағанда, БҰҰ 53-ші Ассамблеясының шешімдері негізінде Жапон үкіметі көмек көрсеткен. Арнайы жоба әзірленіп, полигонның иондаушы сәулесі әсер еткен өңірдің медициналық мекемелері 6 млн. АҚШ долларына заманауи емдік-диагностикалық құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда ынтымақтастық жалғасуда, диспансер және Жапон мамандары бірлесе асқазан, қалқанша без обырының морфологиялық ерекшеліктерін зерттеп, біріккен оталар жасауға кіріскен.
  Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында радиация тудырған онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу бойынша Қазақстанның медициналық орталықтарын біріктіретін радиологиялық медицина кластері қалыптасуда. Кластерді құру Шығыс Қазақстан облысы халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық мекемелер мен ғылыми институттардың өзара іс-қимылы бойынша тиімді жүйе қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
  Өңірлік онкологиялық диспансердің жұмысымен және жаңа құрылғыларымен танысқан шетелдік меймандар жергілікті медицина саласының мамандары мен орталық дөрігерлерінің жұмыстарына оң бағаларын берді.
  - Мұндағы онкологиялық диспансердің деңгейі жоғары екен. Құрылғылары да заманауи жаңа талаптарға сай. Біз жыл сайын осы қалаға арнайы келіп, медициналық университетте бас қосып, әртүрлі тақырыпта конференциялар өткізіп тұрамыз. Полигон зардабын шеккен тағдырлас қос елдің медицина саласындағы ғалымдары мен мамандары өзара тәжірибе алмасып отырады, - дейді Нагасаки университетінің вице-президенті Шуничи Ямасати.
  Екіжақты меморандумға қол қойылды
  Тәуліктің екінші жартысында шетелдік ғалымдар бастаған топ қалалық әкімшілік ғимаратында бас қосты. Мұнда қала басшысы жапондық делегация мүшелерімен кездесті. Кездесудегі басты мақсат-екі жақты әріптестік байланыс орнату. Яғни, алдағы уақытта қаланың жоғары оқу орындары мен Нагасаки университеттері әріптестік қарым-қатынас орнатпақ. Білім, денсаулық сақтау, медицина, әлеуметтік саланы дамытуда академиялық байланыс орнатып, тәжірибе алмасады.
  Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысы медициналық қызметкерлер палатасы мен жапондық дәрігерлер ассоциациясы екі жақты меморандумға қол қойды.
  “Экология. Радиация. Денсаулық”
  Семей Мемлекеттік медициналык университетінде Қазақстандағы Жапония елшілігінің және Нагасаки және Шимане университеттерінің өкілдерінің қатысуымен Жапон бөлмесі ашылды. Жапон бөлмесінің лентасын Нагасаки Университетінің вице-президенті Шуничи Ямасита қиды. Бөлменің ішіне жапон халқының ұлттық киімдері, үстел-орындықтары, кітап-журналдары қойылған. Жапон бөлмесіне кіргенімізде расымен де өзімізді Жапонияда жүргендей сезіндік. Сонымен қатар, қала басшысы Ермак Сәлімов Астана бөлмесінің лентасын қиды. Бөлменің ішінде қазақ халқының тәуелсіздікке жеткенге дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі тарихы да толық қамтылған. Бұл бөлмеден Астана қаласының көрікті жерлерін суреттерден көруге болады. “Мұндай бөлмелерді ашу арқылы болашақ дәрігерлер тарихпен де сусындап, өзге елдің өнерімен де таныс болсын дедік," дейді өз сөзінде медицина университетінің ректоры Төлебай Рахыпбеков.
  Салтанатты ашылулар Бахия Атчабаров атындағы "Экология. Радиация. Денсаулық" атты дәстүрлі IX Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Конференцияға Жапония, Ресей, Қазақстан және басқа да елдерден жетекші ғалымдар қатысты.
  Халықаралық ғылыми конференцияның ашылуында сөз алған Семей қаласының мемлекеттік медициналық университет ректоры Төлебай Рахыпбеков: "Конференцияны өткізуге атсалысу үшін алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар мен қонақтарға алғысым шексіз. Қадамдарыңызға гүл бітсін" деп қонақжайлылығын танытты.
  - Бүгін Семейдің төрінде дүниежүзін бейбітшілікке үндейтін тамаша басқосу өткізілуде. Өздеріңіз білетіндей осыдан 24 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны мәңгілікке тоқтады. Сол оқиғадан бастап Семейдің тарихы жаңа парақтармен ашылды. Құрметті қонақтар Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған ұлы далаға қош келдіңіздер, - деп Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов конференция жұмысына сәттілік тіледі.
  Мерейтой шарасының құрметті қонақтарының арасында Нагасаки университетінің вице-президенті Шуничи Ямасита, Хиросима университетінің радиационды биология және медицина ғылыми-зерттеу институтынының профессоры, Масахару Хоши, "NASHIM" Ассоциациясының директоры Ясуси Макимото, Нагасаки университетінің Белоруссиядағы өкілі Джумпей Такахаши, қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры Кен Иноуэ (Жапония), Шимане университетінің профессоры, доктор Отани (Жапония) сынды ғалымдар болды.
  Кезекті сөз алған Нагасаки университетінің вице-президенті Шуничи Ямасита: "Ең алдымен осы конференцияны ұйымдастырып отырған медициналық университеттің басшылығына алғысым шексіз. Сіздердің себепкер болуларыңыздың арқасында өзге елдердегі әріптестерімізбен жүздесіп, тәжірибе алмасудамыз. Мұны сіздердің ғылымның дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз деп білемін" дей келе университеттің студенттері Алтынай Нұрсұлтанова мен Ольга Козиға оқуда үздік болып, жеткен жетістіктерін ескере келе Нагасаки университетінің №15-ші халықаралық төсбелгісін табыстады.
  Сонымен қатар, мерейтойлық шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, республиканың емдеу профилактикалық мекемелерінің, қалалық және облыстық әкімдік, ғылыми-зерттеу орталықтарының, ҚР және ТМД елдерінің зертханаларының, облыстық және қалалық Денсаулық сақ тау департаментінің өкілдері қатысты.
  Конференция барысында радиациялық экология мен қауіпсіздік, клиникалық медицинаның өзекті мәселелері, медицинадағы лабораториялық диагностиканың қазіргі кездегі мәселелері, экологиялық қолайсыз аймақта туратын тұрғындар ауруларын оңалту, алдын-алу, емдеу және реабилитациялау талқыланды.
  Түйемойнақ аралында - Хиросима тасы
  29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақгарға қарсы қимыл күні. Бұл дата Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында бекітілген. Осыған орай, қаламыздағы Тұйемойнақ аралында "Өлімнен де күшті" монументі жанында "Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге" тақырыбында форум өтті.
  Шараға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, қоғам белсенділері, қала жастары мен оқушылары-барлығы 15 мыңға жуық адам қатысты. Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Камахара Масаёси және "Бейбітшілік тасы" қауымдастығының өкілдері шаһарымызға арнайы келіп, маңызды шараның құрметті қонақтары болды. Сонымен қатар, аталмыш форумға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов және тағы да басқа бірқатар жергілікті билік өкілдері қатысты.
  Жиналған қауым алдымен ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, полигон зардабын тартып, ерте өмірден өткен жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін, жиналғандар жапондық қонақтар сыйға тартқан салмағы 50 келілік Хиросима тасы орнатылған биіктігі 3 метрлік монументтің ашылу салтанатын тамашалады. Бұл тас бейбітшілік нышаны ретінде әлемнің көптеген елдерінде орнатылған. Соның 108-ші ескерткіші Қазақстанға жеткізіліп отыр екен.
  Аталған ескерткіш Жапонияның "Киодо Цушин" ақпараттық агенттігі жанындағы "Хиросиманың бейбітшілік тасы" үкіметтік емес қорының мұрындық болуымен Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы жарылыстың 70 жылдығына орай Семей қаласына әкелінген. Ескерткіште Канон құдайының келбеті бейнеленген.
  - Хиросима мен Семей қалалары үшін ортақ дүниелер көп. Қос елдің ядролық сынақтардан көрген қасіреті аз емес. Бүгінде жер шарындағы адамзат баласының тыныштығы үшін күш біріктірудеміз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен осы елдің халқының игі бастамаларын біз өте жоғары бағалаймыз және әрқашанда қолдауға әзірміз, - дейді "Хиросима "Бейбітшілік тасы" қауымдастығының төрағасы Мичио Умемото.
  Бұдан кейін шетелдік меймандар бастаған топ "Бейбітшілік" стелласының алдына жиналды. Алдымен Мемлекеттік Әнұран орындалып, сөз тізгіні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға берілді.
  - Елбасымыздың тапсырмасымен бүгінгі күні полигонның зардаптарын жойып, халықтың денсаулығын жақсарту үшін мемлекет тарапынан біраз істер атқарылып жатыр. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қаржыландыруымен сауықтыру орталығының құрылысы жоспарлануда. Тұрғындар денсаулығын жақсарту мақсатында шетелдік әріптестердің, соның ішінде Жапония үкіметінің атқарған жұмысы зор. Біз ядролық қару зардаптарын жақсы білеміз және болашақта сондай қиыншылықтардың болмауы үшін бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Осы орайда, акцияға қатысушыларға, қала тұрғындарына облыс басшылығы атынан алғыс білдіре отырып, митинг жұмысына табыс тілеймін, - деді Жақсылық Омар.
  Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Камахара Масаёси Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан қайсар ел ретінде үлгі тұтатындығын жеткізді.
  Осынау жас мемлекетті әлем елдері ядролық сынаққа тосқауыл болған батыл елдердің бірі деп таниды. Қазақстандағы Семей полигонының жабылуы адамзат қауымының алдында қаншалықты батыл саяси шешім болғандығын айқын сезіне түстік. Біздің халықтарымыздың тағдырында ұқсастықтар бар. Өйткені, қос мемлекет ядролық қарулану мен оның сынағынан ең көп зардап шеккені белгілі. Ендігі мақсат-ғасырларға жалғасқан қасірет әкелетін ядролық қаруды жою, бұл қауіпті болдырмау. Біздің келешек ұрпақ осы зұламаттың кесірін тартпауы тиіс, - деді өз сөзінде Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Камахара Масаёси.
  Жаһан жұртына ядролық сынақтарға қарсы үндеу мақсатында, қала жастарының атынан сөз алған Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Дастан Беков: "Осы атаулы шараны өткізу бастамасын біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көтеруі өзіме ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Біз тәуелсіз Қазақстан елі әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тарттық. Елбасының Бейбітшілік миссиясын жалғастыру бізге яғни, болашағынан үміт күттіретін жалынды жастарға жүктелмек. Еліміз көркейіп, халқымыз бейбіт өмір сүруі үшін біз де қолдан келгенше өз үлесімізді қосамыз".
  Жүрекке жазылмас жара салған сынақ зардабын адамзат баласы еш ұмытпауы тиіс. Сынақ зардабын тартқан өңіріміздің еңсесін тіктеп, бейбіт өмірді қалайтындардың басын қосып, кеңесер ортасына айналуы біз үшін үлкен жетістік екені рас. Қасірет қақпасының жолын жауып, атом бомбасын тек бейбіт мақсатқа ғана пайдалану жөнінде бастама көтеріп жүрген Елбасымыздың бұл ісін өзге ел басшылары да үлгі тұтса екен деп тілейік.
  
  

Мағжан А. Ядролық қарусыз әлем – қауіпсіз болашақ // Ертіс өңірі. – 2015. – 2 қыркүйек. – Б. 6-7