Ұлттық қасіретті
Төрткүл дүниенің аузы дуалы ығайлары мен сығайларының басын қосқан бұл конференция тамыздың 28-і күні Семей мен Курчатов қаласында басталған-ды. Осы жиында алыс-жақын шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандар «Қазақ елінің ядролық қарусыздану мақсатында қолға алған батыл бастамасы басқаларға үлгі. Атом қаруына «арқа сүйеген» алпауыт мемлекеттер жер бетінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың түтінін түтетуді көксеген һәм сол үшін барын салған біздің елдің ізгі мұратынан өнеге алғандары жөн. Жаппай қырып жою қаруынан бас тартып, әлемді татулыққа, келісімге шақырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі «Нобель» сыйлығына әбден лайықты» деген ойларын ашық айтты
Батыл бастама басқаларға үлгі
Айтулы форумға қатысқан делегаттар облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге қос қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, қырық жыл бойы қырғын салған сынақ полигонын көздерімен көрді.
Алдымен құрметті қонақтар бүгінгі таңдағы тәуелсіз еліміздің ғылым мен технологиялар орталығына айналған Курчатов шаһарына тоқтап, Ұлттық ядролық орталықта (ҰЯО) орналасқан Семей ядролық полигонының мұражайымен танысты, арнайы әзірленген деректі фильмді тамашалады. Орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржановтың айтқан мәліметтерінен шетелдік делегаттар ҰЯО-ның тыныс-тіршілігі жайында хабардар болды. Ал үлкен экраннан ағылшын тілінде көрсетілген деректі фильмде айналасына ажал отын шашқан ядролық полигонның тарихы мен адам сенгісіз зардаптары көпшілік назарына ұсынылды.Ресми деректерге сүйенсек, сынақ полигоны Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының 18,5 мың шаршы метр жер аумағын қамтып жатыр. Сынақ салдарынан 304 мың шаршы метр жер көлемі зардап шеккен. Сан мыңдаған адам айықпас дертке шалдыққан, жан-жануарлар, өсімдіктер, жалпы тіршілік атаулыға орны толмас зиян келтірілген. Дей тұрғанмен, мемлекет полигонның зияны тиген өз халқын қамқорлығынан тыс қалдырған емес. Осы уақытқа дейін оларға өтемақы ретінде бюджеттен 13,5 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсапты. Тек 1991 жылы ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны мәңгілікке тұншықтырылды.
Осыдан соң конференцияға қатысушылар Курчатов радиациялық қауіпсіздік институтына бас сұқты. Институт зертханаларында радиохимиялық, және спектрометриялық, жолмен сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Әсіресе, адам ағзасындағы радионуклидтерді, сол сияқты өсімдіктер мен жануарлардың бойындағы сәулелену жағдайларын анықтауда бұл зертхананың маңызы жоғары. Нысанды аралау кезінде шетелдік делегаттар біздің мемлекетіміздің сынақ полигоны салдарын жою бағытында атқарып жатқан ауқымды істеріне қызығушылықтарын білдіріп, Курчатовта өркендеп келе жатқан ғылым мен технологияға таңданыстарын жасырмады.
Курчатов қаласындағы «ТОКАМАК» материалтанымдық термоядролық реакторы бүгінгі күні әлемде баламасы жоқ теңдессіз қондырғылардың қатарынан саналады. Айта кету керек, бұл қондырғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей академигі Евге¬ний Велихов кездесуінен кейін қолға алынып, АҚШ, Жапония, Қытай, Корея сынды іргелі мемлекеттердің алдыңғы қатарлы ғалымдары бірлесіп түзіп жатқан Халықаралық термоядролық сынақтық реактор жобасы аясында жасалған. Әзірге материалтанымдық реактор өндіріске енгізіле қойған жоқ. Алайда өткен жылы плазма алу жұмысы сәтті өткен-ді. Бұл жағдай шетелдік мамандардың қызығушылығын арттыра түскен. Келешекте осынау ғаламат қондырғының арқасында өндіріс орындарында туындайтын энергетикалық қуат көзіне деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ.
«ТОКАМАК» материалтанымдық, реакторын көзбен көріп, ол жайындағы ақпараттарға қаныққан форумға қатысушылар Курчатов қаласынан аса алыс емес жердегі ядролық сынақ полигонының кіндігіне келіп табан тіреді. «Ground Zero» деп аталған ажал апанында тұрып Таиландтың халықаралық істер жөніндегі Палата төрағасы Сунай Чул- Понгсаторн, Ядролық сынақтарға тыйым салу және ядролық қарусыздандыру халықаралык комиссиясының тең төрағасы Эванс Гарет сынды мәртебелі тұлғалар журналистерге сұхбат беріп, өз ойларын ортаға салды.
- Қырық жылдан астам уақыт жарылыстан көз ашпаған қасиетті Семей топырағына аяқ басқанда толқып кеттім. Азия мемлекеттері де бейбітшілікті қалайды. Біз бүгін Семей полиго¬ны жабылғаннан бері бейбіт мақсатта атқарылып жатқан игілікті істерді көзбен көрдік. Мен айтар едім, бүкіл әлемдегі парларламенттердің мүшелері барлық мем¬лекет басшыларын, халық қалаулыларын ядролық қарудан бас тартуға белсене шақыруы тиіс. Сонда ғана бәріміз тыныш ұйықтайтын боламыз, - деді өз сөзінде Палата төрағасы Сунай Чулпонгса - Торн.
Енді атом медицинаға қызмет етеді
Халықаралық форум аясында қонақтар Семейдегі медициналық қызмет көрсететін онкологиялык диспансерде болды. Бүгінде диспансерде тұрғындарға онкологиялық қызмет көрсетудің 2012-2016 жылға арналған салалық бағдарламасы толық жұмыс істеп тұр. Бағдарламаны жүзеге асы- ру төрт бағытта қолға алынған. Онкологиялық, ауруларды анықтау және емдеудің жоғарғы технологиялық әдістерін жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру, онкологиялық қызмет құрылымын жетілдіру оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға орай елімізде бес медицина орталығын ашу көзделіп отыр. Оның бірі Семей қаласында орналаспақ. Сондай-ақ, Семейде иммуногистохимиялық зерттеу бойынша үш референс орталықтың бірі Семейде ашылмақ.
- Бұл саладағы басты жаңалығымыз, біз аурудың алдын алып қана қоймай, оны ерте бастан анықтауды қолға алудамыз, - деді диспансер дирек¬торы Марат Сандыбаев. - Бұл ретте скринингтік бағдарламалар көп көмек көрсетуде. 2016 жылға дейін республикада 6 бағытты скрининг жүргізілетін болады. Жақында ғана құны 250 мың евро тұратын заманауи ортовольтты рентгентерапиялық «Gulmay D03225» ап¬параты мен «NucLine ТН-33» шағын гам¬ма камерасы сияқты құрылғылар қолға алынған. Сарапшылардың ұсынысы бойынша позитронды-эмисиялы томо¬графия және ядролық медицина бөлімін құру онконауқастарды анықтау мен емдеуді ядролық медицинаның дұрыс бағыты болып табылады. Бұл бөлім онкологиялық сырқаттарды ғана емес, басқа да ауруларды ерте және нақты аныктауға мумкіндік береді.
Бұдан кейін шетелдік делегация Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында болды. Бұл мекеме КСРО кезінде 1957 жылы Семей қаласындағы радиациялық жағдайды қадағалау үшін ашылған. 1992 жылдан бастап институт өз жұмысын тәуелсіз Қазақстанның даму жолына бағыттады. Мұнда бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында орындалатын емдік шаралары және сырқаттың алдын алу жұмыстары, радиациялық гигиена, дозиметриялық, ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Халықаралық ынтымақтастық деңгейінде Еуропалық комиссиямен бірлесе отырып «Семей полигонында ядролық қаруды сынағанда халық денсаулығына тигізген әсері» атты жобалық бағдарлама жүзеге асырылған.
Институт бұл күндері Жапония, Англия, Германия, Ресей елдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп тұр. Шетелдік делегация институттың қазіргі жұмыстарымен және өткен тарихымен де танысты. Жылы лебіздерін білдірді.
- Қазақстан Президенті Семей сынақ полигонын сақтап қалу қажет деген пікірге әу бастан үзілді-кесілді қарсылық көрсетіп, батыл шешім жасаған тұлға. Бұл ұстаным әлем елдерінде қолдауға ие болды. Қазір көптеген елдерге осындай батылдық пен нақты шешім жасай алатын басшылар көбірек қажет деп ойлаймыз. Енді міне, халықты сауықтыру бағытында оң қадамдарға барып отыруы құптарлық іс, - деді ядролық сынақтарға тыйым салу және ядролық қарусыздандыру халықаралық комиссиясының тең төрағасы Эванс Гарет.
Бұдан кейін делегация тобы қаладағы Семей мемлекеттік медицина университетіне ат басын бұрды. Қонақтар университеттегі оқу - клиникалық орталығының хирургиялық, анестезиологиялық, терапиялық, анатомиялық сыныптарымен танысты. Орталықта тәжірибелер жинақтау үшін манекендер қойылған. Мәселен, студенттер біліктілігін жетілдіру үшін қойылған «Isten» роботы ТМД көлемінде жоқ. Медицина университетін аралаған шетелдіктер осында атқарылып жатқан жұмыстарға қызығушылықтарын білдірді.
-Ұзақ жылдар бойы адамдарымыздың денсаулығын жойған Семей сынақ полигонының үні өшкеніне 21 жыл уақыт өтті, - деді Әзірбайжан Парламентінің депутаты Расим Мусабаев. - Әскери ғылымның осында қандай жан түршігерлік тәжірибе жасап отырғандығын біз білген де жоқпыз. Жарылыстар жердің үлкен сейсмикалық тербелістеріне ұласып, қатерлі радиоактивті ошақтар пайда болуына жағдай жасады. Өңір тұрғындарының денсаулығына, оның экологиясы мен экономикасына орны толмас залал келді.
Мұратқа айналдырдық
Әскери-өнеркәсіп кешенінің, бүкіл жүйенің қарсылығына қарамастан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 21 жыл бұрын өзінің Жарлығымен ядролық полигонды жапты, ал одан кейін қолда бар ядролық әлеуеттен бас тартты. Осы бір теңдесі жоқ шешім маңызды қадам еді және ядролық қарусыз әлем үшін әлемдік қозғалысты бастады. Ядролық қаруды иеленген барлық елдердің осы қадамды қолдағаны дұрыс деп ойлаймын.
- Семей полигонының жабылуы - барша қазақстандық үшін ғана емес, әлем үшін тарихи оқиға, - деді Грузия Парламентінің өкілі Иракли Кенчошвили, - қазақ елі жарылыстарды тоқтатып қана қоймай, әлемнің ядролық өміріне өзгеріс әкелді. Қуаттылығы жөнінен әлемде төртінші орынды иеленетін ядролық арсеналдан бас тартты. Оның күш-қуаты Англия, Франция, Қытайдың ядролық қаруларынан әлдеқайда күшті болатын Қазақстан Президенті осы әрекеті арқылы халықаралық қауіпсіздікке орасан зор үлес қосты. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның антиядролық тәжірибесін қолдануы тиіс. Медицина университетіндегі тамаша ғылыми жетістіктер атомның бейбіт салаға қызмет ете бастағандығының көрінісі.
Бұдан соң Норвегия Парламентінінің вице-президенті Нюбак Марит Пәкістан Парламентінің вице-спикері Кунди Карим Файсал және тағы басқа да шетелдік қонақтар қаладағы Невзоровтар отбасы мұражайында болып, көркемөнер туындыларымен танысты.
Форум соңы қала сыртындағы Түйемойнақ аралындағы митингте жалғасты. Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған халықаралық конференцияға жиналған қауым Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Митингіге қатысқан жиырма мыңнан астам адам полигон құрбандарын еске алып, бір минут үнсіздікте тұрды. Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ Жапония, Канада, Польша парламентінің депутаттары мен шетелдік қонақтар алдағы уақытта құрылысы басталатын «Бейбітшілік мұражайының»
тасбелгісі капсуласын жерге орнатты. Бейбітшілік мұражайы адамның аялы алақанында тұрған Жер шары деген ұғымды білдіреді. Нысанның биіктігі 36 метр, диаметрі 24 метр болады. Шардың ішінде көрме залдары, кинотеатр, мәжіліс залы орналаспақ. Шар күн энергиясын пайдаланатын ерекше ғимарат болды. Мақсаты-қала қонақтарына бейбіт өмірді насихаттау. Қазір әлемде 150- ден астам ядролық қарудың түрлері бар. Өкініштісі сол, жаппай қырып-жою қаруын қолданудан бас тартуға келісім берген мемлекетгердің қатары сирек. Семейдегі митинг Қазақстан бұл ретте адамзат баласының болашағы үшін он қадам жасайтындығын және дүниежүзі осы бағытты ұстану тиістігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Зардап шеккендер қамқорлықсыз қалған емес
Бейбітшілік стелласының маңында бас қосқан делегация өз жұмысын ресми түрде жалғастырды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін алғы сөзді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастады.
- Осыдан үш жыл бұрын осы алаңда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл дүниежүзіне Үндеу тастаған болатын, - деді Бердібек Сапарбаев, - 29-тамыз осыдан бастап ядролық сынақтарды тоқтату күні болып жарияланды. Қазақстан Республикасы Президентінің Үндеуін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырза осыдан екі жыл бұрын Семейге келген сапарында қолдайтындығын айтқан болатын. Ел Президентінің сол кездегі бастамасы дүниежүзінде қолдауға ие болды. Бұл бастаманың Семей өңірінде басталуы бекерден-бекер емес. Осында тұрған көпшіліктің ағайын-туысқандары, бала-немерелері сол ядролық сынақтың қиындығын көргендер. Әлі де болса мұның шегі аяқталар емес.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жақсы білесіздер, егемендік алған кездегі ең алғаш қабылданған заңдардың бірі Семей полигонын жабу және зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету болатын. Содан бері халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін 250 млн. доллардан астам қаражат жұмсалды. Нұрсұлтан Әбішұлы Семей өңіріне деген қамқорлығын, қолдауын аяған емес. Міне, соңғы үш жылда үшінші рет үлкен халықаралық конференцияға қатысып отырмыз. Біріншіден, дүниежүзінің бейбітшілік сүйер қауымдастығы елімізді қолдап отыр, екіншіден, мемлекетіміздің және басшымыздың әлем қауымдастығы алдыңдағы абыройы асқақтады. Біздің бейбіт өмірді қолдайтындығымызды дәлелдеді. Бүгін мұңда әр мемлекеттің Парламент депутаттары мен ядролық соғысқа қарсы күрес ұйымдарының жетекшілері қатысып отыр. Сіздер бүгінгі сапарларыңызды полигон зардаптарымен толық таныс болдыңыздар. Өздеріңіз болған Курчатов қаласы кеңес заманында сынақ жүргізу үшін салынған қала еді. Бүгін қала бейбіт өмір үшін жұмыс істеуде. Курчатов ең алдымен ғылым қаласы атынуы тиіс. Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркін аралау кезінде ғылымның қалай жұмыс істеп жатқанына куә болдыңыздар. Біз әлем жұртшылығын ядролық қарусыздануға шақырамыз. Бұл жерде бірнеше монумент бар. Біріншісі, «Өлімнен де күшті» деп аталынады. Ал мына Бейбітшілік стелласын өткен жылы МАГАТЭ хатшысы ашты. Ал бүгін Бейбітшілік мұражайының тасбелгі капсуласын орнаттық. Бұл аралға келгендер Қазақстан 20 жылда қалай жетістіктерге жетті, соларды осы ескерткіштер арқылы көре алады.
Облыс басшысынан кейін мінберге Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко көтерілді.
- Атом бомбасы сыналған күн алыстаған сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабуға арналған тарихи Жарлығының маңыздылығы арта түсуде, - деді ол өз сөзінде. - Ядролык, соғыстан бас тарту арқылы біз өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта Семей полигоны ядролық қарусызданудың символына айналмақ. Президентіміз салиқалы сара жол көрсетіп берді. Адамзат тарихындағы еңбегі өлшеусіз. Қазақстанның тұрақты дамуы осы бейбіт өмірмен тікелей бай-ланысты. Полигон жабылған он бес жылдан кейін осы жерде Орталық Азияның ядролық қаруланудан азат аймақ деп жарияланғандығы заңды бастама. Иә, полигон жабылды, бірақ жараланған жердің жарасы бітер емес. Бүгінгі конференция, митинг алдағы уақытта мұндай қателіктердің болмауына ықпал етеді.
Канада Парламенті тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Пол Дювар сөз алып, әлемдік қауымдастық алдындағы Қазақстанның атқарған шаруаларына тоқталды:
- Бұл жерде болған оқиғаларды көз алдыма әкелсем, қазақ халқының шыдамдылығына басымды иемін. Біздің қайғымыз ортақ. Бүгінде біздің елдеріміз ядролық қарусыздануды қолдап отыр. Біз әлемдегі барлық мемлекеттер ядролық қарулануды тоқтатпайынша жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Қазақстан 21 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевқа және халқына үлкен рақмет.
- Біз сынақ зардаптарын көріп, нақты ақиқатпен жүздесу үшін келіп отырмыз, - деді Польша Сенаты Парламентінің халықаралық істері бойынша комитетінің төрағасы Влодзимеж Чимошевич, -Әлемде сынақтан бас тарпай отырған елдер баршылық. Бірақ күні бүгінге дейін осы жердегі Семейдің адмдары зардап шеккендей ешкім де әлі зиян шеккен емес. Суық қару соғысы осы жиырма жыл бұрын бітті. Бірақ атом қаруына әлемде миллиардтаған қаржы жұмсап отырғандар аз емес. Осы қаржылар бейбіт өмірге жумсалса, қандай жақсы болар еді. Әлемді жоқшылықтан, кедейшіліктен, ауа райының өзгерісінен құтқаруға болады. Бірақ қауіпсіздік үшін адамдар санасы жақсылыққа өзгеруі қажет.
Сондықтан біз, бейбіт өмірдің күрескерлері, барлық мемлекеттерді соғысты болдырмауға шақырғымыз келеді.
Мен Жапон тіліндегі ұрандарды көріп қуанып тұрмын. Құрметті облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлы, халықаралық конференцияны сәтті өкізулеріңізбен құттықтаймын. Мен тұрған Хиросима, Нагасаки жерлері әлі күнге дейін соғыс азабын ұмыта алмай отыр. Зардап тартып ауруға ұшыраған адамдар баршылық. Өткенде Жапонияда Фукусима апаты көптеген қиыншылықтар туғызды. Мен сіздерге амандық тілеймін. Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын толық қолдаймыз, - деген Жапония Парламентінің депутаты Хироюки Морияма ел Парламенті депутаттары тобының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынып отырғанын айтты.
Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық козғалысының мүшесі, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов сөз алып, атом сынағы кезінде өзінің сол оқиғаларға тікелей куә болғандығын баяндады. «Біз қолында ядролық қаруы бар және оны сынауды жалғастырып отырған мемлекеттер халқын ядролық полигондар үнін мәңгі өшіру шараларын қолдауға шақырамыз. Барлығымыз бірігіп, бар әлемде ядролық қару болмауына қол жеткізейік ағайын» деді ол өз сөзінде. Халықаралық форум Астана қаласында жалғасын тапты. Оған Семей жерінен «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының төрағасы Сұлтан Картоев бастаған делегация катысты.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен алқалы жиында ядролық қарусыз барша өңірлік қатысушыларға қауіпсіздік тұрғысында мығым халықаралық кепілдік беру маңызды екендігі, әскери ядролық бағдарламалардан сенімді түрде бас тартқан мемлекеттерді ынталандырудың тетігін әзірлеу керектігі және осының негізінде жекелеген елдерде ядролық энергетиканың даму болашағына байланысты проблемалардың әділ шешімі болатындығы айтылды.
Әлемдік қоғамдастық ядролық қару клубының барлық мүшелері атомдық әскери арсеналдарын қысқарту бойынша міндеттерді қабылдауына қол жеткізуге құқылы. Мәселен, оны жаңғыртудан бас тарту және ескірген ядролық зарядтарды қару қатарынан шығару тәжірибесін атап өтуге болады, - деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде әлем парламентшілері қоғамдық құрылымын құруды ұсынды.
Бұған қоса Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық қоғамдастықты ядролық қарудан бас тартуға жетелеу кажеттігіне ерекше тоқтала келе:
- Дәл осы мақсаттарда бүгінде Қазақстан «АТОМ» халықаралық жобасын іске қосады. Бұл аббревиатура ағылшын тіліндегі «аbolish testing aur mission» сөздерінің бірінші әріптерінен құрылған. Яғни, «біздің миссиямыз сынактарды болдырмау» дегенді білдіреді, - деп түйді.
Елбасының атап өтуінше, жоба аясында ядролық қаруға қарсылық танытатын жер шарының кез келген адамы әлем үкіметтерін ядролық қарудан мәңгілікке бас тартуға және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының тезірек күшіне енгізілуіне шақыратын онлайн петицияға қол қоя алады.
Конференция аясында әлемнің әр елінен келген делегация өкілдері де өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, Қазақстанның ұстанған саясатын қолдайтындарын айтты.
Аарон Товиш (АҚШ), «Мэрлер бейбітшілік үшін 2020» халықаралық ұйымының директоры:
- Курчатов қаласында мен осы жылдың наурыз айында болғанмын. Осы жолы бармадым, Семейде қалып бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрдім. Қазақстан мемлекетінің ядролық, сынақ зардаптарын жою мақсатындағы іс-шаралары, соның ішінде қауіпті аймақта тұрған халықтың денсаулығын түзеу үшін істеп жатқан еңбектері көңіліме қонды.
Сол сияқты өзге мемлекеттерге үлгі болатын тағы бір мысал - Қазақстанның Орталық Азиялық аймақта ядролық қарудан еркін аймақ құру бастамасы мен құжаттарына қол қоюы. Мұның бәрі адамзат үшін өзекті мәселе, бейбітшілікке бастаған батыл қадам. Қазақстан Президентінің бұл қадамы өзінің туған халқына деген махабаттың жарқын белгісі деп түсінемін.
Окуяма Масаши (Жапония). «JiJi Ргеss» аппарат агенттігінің қызметкері:
- Конференцияның ұйымдастырылуы, өту барысы өте жоғары деңгейде болды деп ойлаймын. Сіздердің елге өзімнің ризашылығымды айтқым келіп тұр. Жапония Парламентінің өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық сынақтарды болдырмау мақсатындағы бастамасын әу бастан қолдап келеді және келешекте де қолдай береді. Бүгінгі митингіде айтылған ұсыныс, яғни, Нұрсұлтан Назарбаевты әйгілі «Нобель» сыйлығының лауреаттығына ұсыну идеясын өз басым дұрыс санаймын. Ол кісі мұндай жоғары атаққа лайықты.
Даниэль Ден-Симон, Израиль Үкіметінің мүшесі:
Ядролық қарудан бас тарту - бұл қазіргі күннің ең өзекті проблемаларының бірі. Сондықтан мен осы конференцияға қатысуға қуана келістім. Бүгін мен сынақ полигонында болып, жарылыс аймағын көзіммен көрген кезде өмір мен өлімнің адам үшін қаншалықты салмағы бар екенін ұғындым. Сіздердің елден көрген-түйгенімізді біз ертең елге барған соң билік басындағыларға жеткіземіз. Оларға Қазақстанның ядролық қарусыздану бағытында қалыптастырған моделін қабылдауды айтамыз. Себебі бүкіл әлем бір бағытқа бет алып бара жатса, Президент Нұрсұлтан Назарбаев оларға қарсы бағытты және де дұрыс бағытты ұстануда. Меніңше көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы атом державалары саналған басқа мемлекеттерде де қолдау табады. Бұлай дейтінім, конференцияға қатысушылардың дені өз елдеріндегі Парламенттің өкілдері, олар осында көтерілген идеялардың жүзеге асуына ықпал ете алады. Қазақстанның және оның Президентінің әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартуы сіздердің елде моральдық принциптерді жоғары қоятындығын көрсетеді. Шынымды айтсам, кейінгі уакытта «суық соғыс» қайта жандана бастаған сияқты. Әлем елдері бір-бірінен ядролық қаруы бар деп күдіктенетін жағдайлар орын алуда қазір. Сондықтаң дәл осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев сынды тұлғаның көшбасшылықты қолға алып, бейбітшілікке жол бастауы өте дұрыс қадам деп есептеймін.
Вольвганг Молитуа (Германия), журналист:
- Қазақстанда бірінші рет болып тұрмын. Осы сапарда мен Семей сынақ полигонының адам шошырлық кешегісімен көңілге үміт ұялатар бүгінгі жағдайын көзбен көрдім. Мені қызықтырғаны Қазақ мемлекеті осы бір үлкен қасіретті игілікті іске айналдыра алды. Сынақ салдарын жою және адамдардың денсаулықтарын сауықтыруда біршама ілкімді істер атқарылыпты. Семей қаласында салынған бірқатар әлеуметтік нысандарды, соның ішінде сынақ полигонынан жапа шеккендердің денсаулықтарын сауықтыратын медициналық мекемені көріп риза болдым.
Бүгінде Германия мемлекеті де атом энергетикасын бейбіт мақсатта, яғни, экономикалық бағытта пайдалану туралы мәселелерді қарастыруда. Алдағы уақытта бұл бастамаларды өзгелеріде міндетті түрде қолдайтын болады.
Әбілхан Серік, Раушан Нұғманбекова. Ұлттық қасіретті ұлы мұратқа айналдырдық. // Дидар.-2012.-30 тамыз.-2-5 б.