Полковник Кашкин тал бойында бір міні жоқ, сұлу жүзді, қыр мұрынды, өткір тілді, жан-жақты білімі мол офицер еді. Әскери кафедра мүшелерінің ішіндегі суық, қатал оқытушылардан бөлектеніп тұратын. Басқалар өз пәнін ғана білетін, басқа тақырыптарға бармайтын, студенттермен ара-қатынасты қатал сақтайтын ресми кісілер болатын. Рас, өтірігін кім білсін, көзінде Кашкин маршал Рокоссовскийдің адъютанты екен, кейін ана кісі Польшаға кеткен кезде, басқа қолбасшыларға ұнамай, үлкен біреуінің қаһарына ұшырап, отставкаға шығып, оқытушы болып жүр деген қауесет айтылушы еді. Қалай десе де, Кашкиннің түр-түсі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, ең бастысы білімі, әзіл-қалжыңы өзге офицерлерден ерекше.
Кейде ол негізгі тақырыбынан шығып кетіп, Александр Македонский, Шыңғысхан, Наполеон, Суворов, олардың әскери жорықтары, жеке бастарындағы оқиғалары туралы сөйлеп кеткенде аузымызды ашып тыңдар едік. Сталин, Ягода, Ежов, Берия, Голощекин қылмыстары да айтылатын. Бір сәт алыстан орағытып келіп:
- Бізді алда қандай тағдыр күтіп тұр, кім білсін. Соғыс болдырмас үшін күресіп жатырмыз. Тарихқа көз салсақ, елшілер құшақтаса сүйісіп, кәмпит шайнап, бал сорған кезде соғыс басталған. Сондай жаманат күн туса, жандарыңды сақтап қалатын мына винтовка, мына пулемет, мына бомба, қалам емес, қағаз емес, сөз емес, - деп барып полковник атом, сутегі бомбаларының жарылыс күшін, сан-алуан әсерін, кейінгі зардаптарын қабырғада ілулі тұрған плакаттарды таяқшамен нұсқап қойып, тәптіштей түсіндіре бастаған.
- Сонымен, қорытып келгенде, атом, сутегі бомбалары жарылған жерде еш нәрсе қалмай өртеніп кетеді де, аспанға от-жалын саңырауқұлақ – радиоактивті бұлт көтеріледі; жолдағыны түп-түгел жайпайтын екпінді толқын атылады; алдыңдағының бәрін тесіп өтіп күйдіретін сәуле заулайды; бір сәтте завод па, фабрика ма, тұтас қала ма – күлі аспанға ұшады; қолма-қол қырылып қалған адам баласы, жан-жануар өз алдына, зардап-кесепаттың ең үлкені жылдарға созылатын дерт артта жатыр: радиоактивті сәуле, күл, шаң жан-дүниені, адамдарды, малдарды, үйлерді, заттарды, топырақты, өсімдікті, өзен-көлді, тау-тасты, орман-тоғайды түгел залалды етеді, былғайды; осылайша радиация өлімді шаң-топаны, ажалды күл-қоқысы басқан аймақ пайдалануға жарамайды; ол төңіректегі адамдар, олардың үрім-бұтағы сәуле ауруына ұшырайды; қандары ағарып кетеді, рак жайлайды, психика бұзылады, өзін-өзі өлтіру, жынданып кету көбейеді; мұның өзі атом бомбасы түскен, ядролық жарылыс болған жер үшін тозақ, ақырзаман, христиан тілінде айтқанда, Судный день, - деп барып полковник Кашкин күрсінді. – Адамның ақыл-ойы ядролық жарылыс жасаудың кілтін тауып, өз басына ғаламат пәле тілеп алды. Қарулану жолындағы тоқтаусыз жанталас тоқталмас, сірә. Сынау мақсатымен аспанда, суда, жерде мың сан бомба жарылып, күн сайын оның күші өсіп келеді. Дәл қазір қолда бар атом бомбалары жарылса, жер бетінде тіршіліктің құрып кетуі де мүмкін. Түбі келісімге қол қойылса, ядролық жарылыс жер астына түспек. Бірақ оның өзін қауіпсіз болады деп мен айта алмас едім. Адам баласы жер бетіндегі тіршілікке, цивилизацияға қауіп төндіріп тұрған тажал қаруды өзі ойлап тауып, енді содан қалай құтылуды өзі білмей екі-ұдай жарылған, дал болған шақ бұл.
Полковниктің осы сөздерді айтқанда екі шекесі қызарып тұрды.
Бөлімдегі әскерге барып келгендер, халқы аралас жерлерде, стнацияда, қалада оқығандар болмаса, көбіміз алыс аудандардан шыққан, орыс тіліне шорқақ едік, сондықтан әскери дайындық сабағында пейіл салып тыңдағанымызбен, сұрақ қойып, ұстаздармен тілдесуге бара алмай, бұғып отырар едік. Мұндайда суырылып шығатын – университетке дейін Қарағандыда шахтыда істеген, кейін республикаға атағы шыққан жалаң қылыш фельетоншы болған Нұржан Мұқанов пен Омбы облысынан келген орысша, қазақшаға бірдей жүйрік Естай Асанов. Нұржан ылғи басың қайда, көзің қайда демейтін, турашыл болушы еді, бұл жолы да, “Америкада, бізде қанша бомба бар, соғыс басталып кетсе, қандай қалаларды алдымен жою керек, бірінші болып қимылдап қалса қайтеді?” деген секілді ұрда-жық сұрақтарды жаудырып, полковник Кашкин соның бәріне ерінбей жауап беріп болғанда, көзілдірігін көтеріп қойып, анда-санда “Скажите, пожалуйста” деп алып, Естай кіріскен.
- Жолдас полковник, сіз айтқан, анау плакатта көрсетілген нәрселердің бәрін біз білеміз, өз көзімізбен көрдік, - деді.
Кашкин таң қалып, жалт қарады.
- Көрдік, көрдік! – деп шуластық.
- Ал, тынышталыңдар. Сен не айтып, не қойғаныңды білемісің, Асанов?
Естай орнынан тұрып, тақта алдына барды, қолына таяқшаны ұстап, плакаттарды түртіп-түртіп көрсетті:
- Мыналардың бәрін біз жақсы білеміз, жолдас полковник. Өз көзімізбен көрдік, - деді.
- Сен не айтып тұрсың?
- Биыл жазда Павлодар облысында жұмыста болдық. Алыс отардағы қыстауда қойшыларға үй салып жатқанбыз. Жаз ортасы. Июль. Күн ашық. Топтағы он жігіт түгел далада, сол күні істелмек шаруаны ақылдасып бітіп, енді жұмысқа кіріскелі тұрғанбыз. Кенет шығыстан, Семей облысы жақтан аспанды тұтас өрт қаптағандай болып, бағана от көтеріліп, құлақты жарып кетердей жарылыс естілді, аспанда қып-қызыл шар пайда болды; саңырауқұлақ шықты, гүрс-гүрс, аяғымыздың астындағы жер қозғалып кетті. Сау етіп қалап қойған қабырға құлады. Ауада көк жасыл толқын жүре бастады, біз сағым ішінде қалғандай болдық.
Полковник Кашикн әрі қарай айттырмады:
- Жетті, Асанов! Жетті!
Бірақ аз үнсіздіктен кейін Естай қайтадан сөйледі:
- Жолдас полковник, мұндай жарылыстар қалың елдің жүрегінде, бір жағы Қазақстанның Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, бір жағы Россияның Барнауыл, Омбы, Алтай өлкелерінің ортасында неге жасалады? Радиация зардаптары неге ойластырылмаған? Желмен, бұлтпен зиянды заттар, шаң, күл қайда тарап жатыр? Әлгінде өзіңіз айтқандай, мұның бәрі адамдарды бауыздамай қырып жатыр емес пе? Соны қалай тиямыз?
- Мен қорғаныс министрі болсам да, сенің сұрағыңа толық жауап бере алмаспын, - деді Кашкин, - бәрі қорғаныс үшін. Қорғанысқа кететін шығынды халық шаруашылығына пайдалансақ, біз қазір нағыз бай елге айналар едік. Қорғанысқа бола шығынға батамыз еріксіз, қорғанысқа бола құрбандыққа барамыз еріксіз. Ақыл, ой, талант қорғаныс жолында қызмет етеді. Жер, су, энергия, байлық – олар да құрбандыққа шалынады. Сен көргенді әскери адамдар көрмеді дейсің бе, соның ішінде жүр емес пе? Ең әуелі солар жазым болады, ең әуелі таяқ соларға тиеді.
- Мұның бәрі жалпы сөз ғой, жолдас полковник, - деді Естай келіспеген ыңғайын жасырмай, - Мен қорғаныс үшін атом бомбасы керек емес деп тұрмын ба? Керек! Бірақ жарылысты адамға зияны тимейтін шалғайға, елсізге әкету керек деймін. Семей полигоны ең алдымен қазақ халқының, одан кейін көршілес, қойындас отырған орыс халқының қасірет-дерті, күллі совет халқының трагедиясы деп білем.
Осы сөздердің тұсында өңі өзгеріп, сұрланып кеткен полковниктің даусы ащы шықты:
- Жетер, Асанов! Атом бомбасына байланысты дискуссиямыз осымен бітті. Сен қай кафедрада, қандай сабақта отырғаныңды ұмытпа! Әскерде болып па ең? Әскерде болсаң, ант берген шығарсың? Бердің ғой? Ендеше әскери құпияны ашу – қалай жазаланатынын білесің. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Бірде-біреуіңнен жалғыз ауыз сөз шықса, жақсылық күтпеңдер, оқудан шығарыласыңдар. Ешқайсың бома сынауды, саңырауқұлақты, екпінді толқынды көрген жоқсыңдар. Ұқтыңдар ма? Көрген жоқсыңдар. Ал бүгінгі сабақта ешқандай талқы болған жоқ. Менің де семьям, бала-шағам барын ұмытпаңдар. Шындап келгенде, атом бомбасын сынайтын совет полигоны қай жерде, оны мен білмеймін, сендер де білмейсіңдер. Қара бұларды, полигонның қасында жұмыс істеген, бәрін көрген. Өтірік мұның бәрі! Сендер еш нәрсе көрген жоқсыңдар, қайталап айтам, көрген жоқсыңдар. Полигон, атом бомбасы туралы ешқандай талқылау болған жоқ.
Полковник Кашкиннің бұлай ашуланып, бұрқ-сарқ қайнағанын біз бұрын көрген жоқ едік, таңырқаған кейіппен бір-бірімізге қарадық. Елдің бәрі білетін нәрседен несін құпия жасап тұр, неден қорқады, бізді неге қорқытады деп күлісіп қойдық.
Естай төсек үстінде малдасын құрып алып, домбыра тартып, ұзақ хиссаларды айтып отыратын сері, жыршы жігіт еді. Көбінесе ол түнімен кітап оқып, таңертең ұйқысы қанбай, сабаққа бара алмай қалатын, осы дағдысының кесірінен әскери дайындықтан көп кешігіп жүрді, сол сылтау болды ма, басқа себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір, сырттан оқуға ауысуға тура келіп, еліне, Омбы жаққа кеткен болатын, кейін естідік, университетті бітіріп, Көкшетау жағында мұғалім болып жүріп, отызға жетпей ақ қан ауруынан қайтыс болыпты. Ал полковник Кашкин отыз бес жасында әскери жұмысты мүлде қойып, Ригаға қайын жұртына көшіп кетті. Осы екі адамның тағдырына – студент Асанов пен полковник Кашкин тағдырына атом бомбасына байланысты арнаулы дайындық сабағында оқылған лекция, сонда айтылған сөздердің әсері болған секілденеді де тұрады.
Рымғали Нұрғалиұлы// http://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=10281