Семей полигонына апарар жол жылқы мен сиыр өрістеп жүрген жайылым арқылы өтеді. Ешқандай ескерту белгілері жоқ. Қарауылдың иесіз үйшігі мен қираған дуалдан басқа ешқандай тосқауыл да көрінбейді. Тек радиация детекторларының көптігі ғана «Осы түстан кері қайт» деп тұрғандай. Осындағы бассейн сарқылғанға дейін аспан астындағы ең қатерлі лабораториялардың және жұмбағы көп орындардың бірі болған. Мұнда биіктігі 100 фут болатын металл мұнара тұрған. Оны айнала кірпіш үйлер, көпірлер, бетон бункерлер, танктер мен ұшақтар тұрған. Бұлардың ішіне жан-жануарлар тоғытылған. Жарылыстың тіршілік иелеріне әсерін байқау үшін нысандар мұнарадан әртүрлі қашықтыққа әдейі орналастырылған.
Кеңес ғалымдары дәл осы жерде 1949 жылы Сталиннің алғашқы атом бомбасын жарды. Бұдан кейінгі 40 жыл ішінде жер мен көкте тағы 455 жарылыс болды.
Қазір Қазақстанның өз ядролық арсеналы жоқ. 1990 жылы ол Ресейге табыс етілген. Бірақ Мәскеудің жылдар бойғы билеп-төстеу саясатының куәсі ретінде осы бір уланған аймақ қалып қойды. Бұрынғы КССРО-ның түкпір-түкпіріндегі берекесіздіктің бір айғағы- мұнда кім көрінген емін-еркін аяқ баса алады.
Мәшине шоқалақтап алға жылжып келеді. Алғашқы бомба жарылған тұстағы мұнарадан 2 миль қашықтықтан өтіп бара жатырмыз. Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының қызметкері Юрий Стрильчук маңайдағы радиация мөлшерін бақылап келеді. Ол аяғымен майда тастарды аударып кетпеуге тырысады. Оның айтуынша, жер әлі де улы, егер тасты аударсаң, оның зиянды жағы жоғары қарап қалады.
Жақын жердегі Курчатов ғылыми қалашығы картаға енгізілмеген. Тыңшыларды шатастыру үшін оның пошта индексі жиі өзгертіліп тұрған. Ол «Мәскеу-400», «Семей-21» және «Надежда» деп те аталған.
Стрильчук ілгері жылжыды. Айнала әлем-тапырақ. Жарылыстан кейінгі сәулелену кесірінен топырақ сұйықтыққа айналып, бүтін қалған бетон және болат құрылғыларға шашыраған. Сұйылған топырақ қою қара сырға ұқсайды. Аяқтың асты да сондай. Шиырланып қатып қалған топырақ сытырлаған дыбыс шығарады. Тіршілік жалғасады. Күйіп, қатқан топырақ арасынан шөп қылтиып шыққан. Құстар ұшып жүр. Әр жерде от іздеп жайы- лып келген малдың қиы жатыр. Адам іздері де жоқ емес: анда- мұнда арақ шөлмектері, жанған оттық күлі, қалбырлар көзге түседі.
Бұл - Кеңес одағы кезінде жүздеген бомба жарылған ажал аралдарының бірі ғана. Маңайда тірлік кешетіндердің ешқайсысы өміріміз қауіпсіз деп сенімді түрде айта алмай ды. Базардан сатып алған етінің раиоактивті шөпті жемеген малдікі еместігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Радиациямен уланған металдың қайда жоғалып кеткенін де ешкім білмейді. Белгілісі мынау: полигон түп орнымен тоналған. Жер астынан жуан мыс сымдырды қазып алған, тонаушылар ұшақтар мен бронды техниканы бөлшектеп тасып әкеткен. «Ештеңе қалған жоқ. Радиоактивті қалдықтар металл сынық- тарына айналды, олар ұрланып, сатылып жатыр», - дейді Стрильчук. 1991 жылы Н.Назарбаев Қазақстанды ядролық қарусыз аймақ деп жариялады. 1994 жылдан бастап бомбалаушылар да, бомбалардың өздері де жоқ болды. Бұл Батыспен арадағы қарым-қатынасты нығайтты.
Алайда, басқару ісі дұрыс ұйымдастырылмаған және жемқорлық жайлаған елде ядролық қоқыстың көзін жою - оңай шаруа емес. Ластану деңгейі әлі күнге белгісіз, оның бір себебі - Ресей ядролық сынақтар туралы ақпарат бермей отыр. Орталықтың ғылыми директоры Ж.Жотабаевтың айтуынша, ластану деңгейін өлшеп, карта жасап, жоспар сызу үшін полигонның әр он шаршы метр жерінен топырақ үлгісін алып, зерттеу керек. Қаржының жоқтығынан топырақ тек 2 жарым шаршы миль жерден алынып отыр. Халықаралық көмек мардымсыз және кешігіп жатқандары бар. Ал, Сталин полигоны талан-таражға түсіп болды.
К.Джей Чиверс. Полигонда мал жайылып жұр ( аударып, дайындаған Мұхтар Жанұзақұлы.) // Жас Алаш.- 2005.-19 наурыз. - 2 б.